Жұма, 26 сәуiр, 17:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Менің қуанышым – жасыл белдемше

25.09.2021

828 0

1991 жылы жасым 12-де екен. Тұлымы желбіреген жеткіншек шағым. Шынымды айтсам, ел Тәуелсіздігін алған жылдарды есіме алсам, сағат тілін кері айналдырып, ата-анамның, ата-әжемнің бөркін аспанға атып қуанғанын, бала болсам да олардың не үшін қуанып жатқанын сезінгім келеді. «Өз алдымызға ел болдық. Ақ түйенің қарны жарылды деген осы емес пе?! Енді сендердің замандарың керемет болады, қызым!» деп бізді әкем шыр айналдыра көтеріп, құшақтап, әлсін-әлсін бетімізден сүйсе…» деп армандаймын. Бірақ мұның бірде бірі болған жоқ қой. Бұрын қалай өмір сүрдік, өміріміз дәл солай жалғаса берген сияқты көрінеді.

Әкем азанда жұмысқа кететін, түскі үзілісте үйге кеп ас ішетін де, бір ауық мызғып алып, жұмысына қайта кететін. Сосын кешкісін «әкелерің келе жатыр, есіктің алдындағы аяқ киімдерді ретке келтіріп қойыңдар» деп мамамыз бізге тез тапсырма беретін де, өзі кешкі дастарханды жайып жататын. Мама да сондай, таңертең жұмысқа кетеді, түскі үзілісте үйге келеді, қайтара жұмысқа кетеді. Сосын кешкісін әкемізден бұрын келетіні есімде қалыпты. Әйтеуір кешкі асқа әкемізді күтіп отыратынымызды білемін. Тіршілік күнде осылай жалғасатын. Біз де үйелмелі-сүйелмелі бес бала сабағымызға барамыз, сабағымыздан келеміз…

Мектепте де керемет жайдары көңілмен: «біз өз алдына Қазақстан деген мемлекет болдық, балалар!» деп бірде-бір мұғалім айтқан емес. Әйтпесе 12 жасыңдағыны ұмытып қалмайсың ғой. Өсіп қалған, үп-үлкен баласың. Осыған байланысты өзім қорытынды жасаймын, үлкендердің қуанышынан гөрі күдігі, ертеңгі болашаққа деген алаң көңілі басым болған сияқты. Тіпті өз алдымызға мемлекет болғанымызды сезіне алмауымыз бізді 70 жыл бойы коммунистік партияның шексіз билеп-төстегенін, идеологиясының ғаламат әсерлі болғаны соншама адамдар партия құласа, өмір аяқталатындай сезінген бе дерсіз?! Өйткені жасы үлкен, осы күні ардагер журналист апайдан Ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы сезімін сұрағанымда: «шынымды айтайын ба, біз қуана алмадық. Қатты қорықтық. Тіпті бір-бірімізден «ертеңгі күніміз не болады?» деп сыбырлап сұрасатынбыз. Арамызда енді не істейміз деп жылағандар да болды. Бірақ қазір бұл туралы дәл бұлай айту әбестеу ғой. Сондықтан ә дегеннен-ақ шын көңілмен шаттанып, ел болғанымызды мақтаныш тұттық деген сөздерге өз басым сене бермеймін. Әрине, қағаз бен қаламды серік еткен адам болғаннан кейін басқаша айта бересің» дегенде шалқамнан түсе жаздадым. Өйткені ата-анам шығармашылық адамдары болмағаннан кейін сезімін шаттанып білдіре алмаған шығар деп ойлаушы едім, газет-журналдың айналасындағы адамдар осылай дегенде қиялымның күл-паршасы шықты. Мейлі, өткен күн өтті, бізге де қырық деген қамал жетті. Қазір біз осы Тәуелсіздігіміз баянды болса екен деген тілек үстіндеміз.

Бала кезімнен бір есімде қалғаны, 1993 жылы теңгенің ауысуы болды. Ата-анамыз, сірә айлық алған болу керек, жаңа ақшаларды бәріміз бірге қызықтадық. Әл-Фараби (1 теңге), Абай (20 теңге), Сүйінбай (3 теңге), Құрманғазы (5 теңге) бейнелері басылған суреттерге қайта-қайта қарағанымыз есімде. Ертеңіне сол ақшамен саудаластық. Мамам маған әдемі велюр матадан тігілген жасыл белдемше сатып әперді. Бағасы 3 теңге тұрады екен. Белдемшенің етегі әдеттегідей бір тегіс емес, оюдың жиектеріндей толқынданып тұратын. Үстіме киіп, сондағы қуанғанымды әлі ұмытпаймын. Сірә, Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттігін сезіне алмасам да жаңа төл теңгенің қуанышын осы белдемше бір тәтті қиялмен жүрегімді тербегендей әсерленемін.

Әрине дүкен сөрелерінің бос тұратыны, (тек қана қияр басылған банкілер ғана тұратын сатылымда), дүкенге нан алуға ғана баратынымыз, оның ұзын-сонар кезегі, нан тиелген машина тоқтағаннан-ақ адамдардың ала-құйын мінезі басталатыны, отбасындағы жан басына есептелген тәртіппен, өлшеп қана карточкамен азық-түлік алатынымыз, оны бір айға жеткізуге тиіс екеніміз бәрі-бәрі есімде. Сірә, осындай өмірдің мың бір майда-шүйдесі мен тұрмыс түйіткілдері адамдарға мемлекеттіліктің «ірі» мәселелері жайында сезінуге мұрша бермеген шығар.

Сүйікті «Ақмешіт апталығы» газетінің байқауы үшін бөлісейін деген бір ойым осы болатын.

Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: