Сейсенбі, 12 қараша, 23:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№90-2100
12.11.2024
PDF мұрағаты

Ұлылар сөзінен…

12.02.2022

1045 0

Қаламгерлер жүрген жерде әзіл-қалжыңның жүретіні белгілі. Қазақ тарихы мен қазақ әдебиетіне еңбегі сіңген ақын-жазушылардың халық арасында жүріп айтқан қағытпа қалжыңдары аңыз боп тарап жатады. Бүгінгі санда сондай бір ұтымды, тапқыр қаламгерлердің айтқыштығы жайлы ел аузында жүрген біраз дүниелерді жинақтадық.

***

Ақын Ұлықбек Есдәулетов бірде америкалық бір досын Алматыдағы ұлттық тағам жасайтын асханаға ертіп апарады. Арнайы тапсырыспен алдына бір табақ ет келгенде, америкалық шанышқымен іліп-шұқып жейді де, Ұлықбек қолмен асайды. Бұған таңданған америкалық жігіт:

– Сен өз халқыңның озық ойлы зиялы өкілісің. Етті неге шанышқымен жемейсің? – деп сұрайды.

Сонда Ұлықбек:

– Достым менің, сен ұстап отырған андағы шанышқымен бұл асханада күніне кемінде жүз адам тамақ ішеді. Ал менің «шанышқым» тек өзіме ғана қызмет жасайды – деп, саусағына ілген етті асап жіберіпті.

***

Жазушылар одағындағы кезекті бір жиналыста бір жас ақын сөз алып, Сәбит Мұқановқа тиісе сөйлейді. Қыза келгенде Сәбит Мұқанов ақын емес дегенді айтады ғой. Сонда Сәбит тұрып:

– Жаңағы бала дұрыс айтады. Жас кезімде мен де Абайды ақын емес дегенмін, – деген екен.

***

Жазушы, аудармашы әрі танымал журналист Сарбас Ақтаевтың әкесі тоқсаныншы жылдардың басында тоқсан жасқа жетіп дүние салыпты. Әкесі тірі кезінде Сәкең Көкшетауға барған сайын қалаға соқпай, алдымен аудандағы әкесіне барып сәлем береді екен. Сосын әкелі-балалы екеуі әзіл-қалжың аралас әңгіме-дүкен құрып, өткен-кеткенді еске алып бір жасап қалады екен.

Сәкең ел жаққа бір барғанында тоқсанға таяп қалған, әйтсе де, мықтылық көрсетіп, сыр бермей шапқылап жүрген әкесіне:

– Мына ұлыңның да елудің ішіне молынан енген жайы бар. Әке, сен енді ақырына дейін шыдап, зейнетке шыққанша мені асырай тұр… Содан кейін зейнетақысын беріп, өкімет өзі-ақ асырай жатар, – депті. Сонда ақсақал кеңк-кеңк күліпті де:

– Оған мен шыдар едім-ау. Бірақ ажал деген баяғы баянкаматтың пәбескесі секілді ғой, ай-шайға қарамай ала жөнелсе, зейнетке жеткізбеді деп ренжіме, балам, – деп жауап беріпті.

***

Баяғыда Қарағанды облысында қазақ әдебиетінің күндері өтетін болып, бір топ қаламгер сонда барады. Араларында Қалтай Мұхамеджанов, Қалихан Ысқақов, Оралхан Бөкей, Қалмұқан Исабаев, ақындар Сабырхан Асанов, Темірхан Медетбеков, тағы басқалар бар екен. Үшінші күні қаламгерлер екі топқа бөлініп, бірі Егіндібұлақ, енді бірі Тельман ауданына баратын болып келіседі. Кімді қай жаққа бөлерін білмей облыс басшылары дағдарып тұрған кезде, қалжыңдамай жүре алмайтын Қалмұқан:

– Қалмұқан, Қалихан, Оралхан, Темірхан, Сабырхан сияқты «хандар» мынау автобусқа отырыңдар! Ал Қалтай, балтай, шалтайлар анау автобусқа барсын! – деп жұртты ду күлкіге батырыпты.

***

Қазақтың көрнекті ақыны Мұзафар Әлімбаев «Балдырған» журналын отыз жылдай басқарады. 1987 жылы Мұзағаң құрметті демалысқа шығып, оның орнына бас редакторлыққа ақын Тұманбай Молдағалиев тағайындалады. Ауыс-түйіс болып жатқан осындай шақта «Балдырғанның» жауапты хатшысы Сұлтан Қалиев көшеде фольклоршы-ғалым, балалар ақыны Бүркіт Ысқақовты кездестіріп қалыпты.

– Иә, Сұлтеке, ауылыңда не жаңалық? – дейді Бүкең.

– Ешқандай жаңалық жоқ, – дейді ойына ештеңе алмаған Сұлтан. Сонда Бүкең:

– Жаңалық жоқ дейсің, «Балдырғанның» отыз жыл бойғы мұзы еріп, енді басына тұман түсіп жатқан көрінеді ғой, – депті жымиып.

***

Бір жолы Баспасөз үйінде Мұзафар Әлімбаев бастаған бір топ кісі лифтіге мінгенде, Кәдірбек Сегізбаев сыймай қалса керек. Ол қысылып-қымтырылып, кимелеп кірмек болады. Сонда Мұзағаң оған қарап:

– Кәне, осы арада ойланбай бір мысал айтшы, ала кетейік, – дейді.

Кәдірбек те саспастан:

– Жазатыны мақал, өзі сондай нахал! – деп тартып қалыпты.

Ал Мұзағаң болса:

– Оттапсың, оны Тайыр айтқан! Өзіңнен көр. Сен қалдың, біз кеттік, – деген екен.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: