Бейсенбі, 26 желтоқсан, 18:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Кәсіпкер базынасы әкім назарында

31.07.2023

254 0

       Қала әкімі Асылбек Шәменов кәсіпкерлерді қабылдады. Ай сайын тұрақты түрде өткізілетін кездесуге 30-дан астам кәсіпкер келді.

«Бизнеске арналған үкімет» ғимаратында өткен кездесуде кәсіпкерлер шаһар басшысына толғандырған мәселелерін жеткізді. Оның ішінде кәсіп бастау үшін берілетін мемлекеттік грант, кәсіп аясын кеңейтуге жеңілдетілген несие алу, кәсіп жүргізуге қажетті жер телімін рәсімдеу және өзге де салаға қатысты мәселе айтылды.

Кәсіпкер Мира Исабаева күнделікті тұрмысқа қажетті және ерлер сөмкесін тігумен айналысады. Өз қаражатымен бастаған кәсібін бұдан әрі дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе деген тілегі бар.

– Мен күнделікті қолданысқа қажетті және ерлерге арналған сөмке тігемін. Осы ісімді жандандырғым келеді. Өкінішке қарай, мемлекеттік грант алу талабына жас ерекшелігім кедергі. Ал жеңілдетілген несие алуға кепіл мүлкің болуы керек екен. Әкімнен осы мәселе бойынша көмек сұрадым. Ол сала мамандарына басқа мүмкіндіктерді қарастыруды тапсырды. Қазір қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің мамандарынан кеңес алмақпын, – дейді кәсіпкер.

Қалада жылыжай салу жобасын жүзеге асыруда кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын жеткізуші Ақерке Тәжекеева – аймаққа белгілі агроном. Бұған дейін «Болашақ» университетінде жылыжай ашып, мол өнім жинап, цитрустық жемісті жерсіндірген ол бүгінде осы істі жандандыру жолында еңбек етуде. Бүгінгі кездесуде электр жарығы, жер, су мәселесін қозғаған ол қала әкімі Асылбек Өмірбекұлынан жылыжай кәсібімен айналысатындар мен кәсіпті жаңа бастағандарға осы тұрғыда қолдау көрсетуді сұрады.

– Қалада жылыжай ашқан, ашуға ниетті кәсіпкерлер көп. Солармен бірлесіп осы кәсіпті дамытсақ дейміз. Алайда электр, су, жер мәселесі қиындық тудыруда. Осы мақсатта бізге қолдау көрсетуді сұрадым. Заңдылығына сай тиесілі көмек көрсететінін айтты. Сала басшыларына нақты тапсырма берді, – дейді ол.

Кәсіп ашуда мем­лекет қолдауына ие болып, қазіргі таң­да құрылыс затта­рын шы­ғарумен ай­налысатын кәсіп­кер Жұмабек Сәдуақасов та бүгінгі кездесуге арнайы келді. Өндіріс ошағы орна­ласқан ау­мақта электр желі­лерінің тозығы жет­кен. Бұл жұмыс ба­рысында үлкен ке­дергі келтіреді де­ген кәсіпкер қала бас­шысынан электр желілерін қайта жаңғыртуды сұрады.

Кәсіпкерлік саласындағы кез келген мәселе бойынша өткізілген қабылдауға келгендер арасында өз ісін енді бастағысы келетін азаматтар да бар. Соның бірі қала тұрғыны – Бақдәулет Жаңбырбаев. Қоғамдық тамақтану орнын ашқым келеді деген ол кәсібін бастау үшін көмек сұрап келіпті.

– Жасым 28-де. Қоғамдық тамақтану орнын ашсам деймін. Жоба жоспары әзір. Мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерге көрсетілетін көмек жолдарын сұрадым. Мүмкіндік барын айтты. Әрі қарай бағыт-бағдар беруді сала мамандарына жүктеді, – дейді Бақдәулет.

Көмек сұрай келген кәсіп­кердің бірі – Қаракөз Қараманова. Осыдан 5 жыл бұрын мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығын ашқан ол ем алушы балаларға мемлекет тарапынан көмек болса дейді. Сонымен қатар мамандардың біліктілігін арттыру үшін де қолдау қажеттігін айтты.

– Орталықтағы 30 шақты баланы оңалтуға 10-ға жуық маман қызмет көрсетеді. Ор­та­­лықтың жұмысын жандан­дыруға, оңалтуға қажетті құ­рал-жабдық алуға, сондай-ақ мамандарды қаржыландыруға мемлекет тара­пынан көмек болса деймін. Қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы тарапынан қанағаттанарлық жауап алдым, – дейді кәсіпкер.

Кездесу барысынан қалада кәсіпкерлер мен кәсіп ашқысы келетін жастардың басым екендігін байқауға болады. Жеке ісін жүргізуде туындаған түйінді тарқа­туға келген кәсіпкерлер әкімге толғандырған мәселесін жеткізді. Әр кәсіпкердің мәселесін жіті тыңдап, жеке тоқталған қала әкімі оның шешу жолын  жауапты ма­мандармен бірге түсіндірді. Сала басшыларына нақты тапсырма беріп, орындалу барысын назарда ұстайтынын ескертті.

А.СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: