ҚР Конституциясы – мемлекет, жалпы қоғам үшін стратегиялық маңызы бар құжат.
Конституция ұғымына тоқталатын болсақ, Аристотель айтқандай: «Конституция – бұл мемлекеттегі тәртіп». Әрине, Конституция елдің, қоғамның негізгі заңы бола тұра, мемлекетте тәртіпті көздеуі тиіс. Осыған орай, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Конституциясы – адам құқықтарын қорғау мен мемлекеттіліктің тұрақты негізі» болып табылады, – деп атап көрсеткен еді.
ҚР Конституциясына 1998, 2007, 2011, 2017, 2019, 2022, 2026 жылдары бірнеше өзгеріс пен толықтырулылар енгізілген еді. Ең үлкен реформа 2022 жылы жасалып, 56 бапқа өзгеріс еңгізілді.
Жаһандану мен цифрландыру да өз кезегінде мемлекеттегі Конституцияның рөлін өзгертеді. Ол ішкі құрылым үшін нормалар жиынтығы болудан қалады және ашық цифрлық әлемде егемендікті, жеке адам құқықтарын және ұлттық бірегейлікті қорғау құралына айналады. Қазақстан үшін бұл әсіресе 2022 жылғы конституциялық реформадан кейін өзекті болды.
Маңызды тетік – халықаралық құқық Конституцияға сәйкес келген жағдайда оның басымдығы белгіленеді. Сондықтан ҚР Конституцияның 4 бабы Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттардың Конституциядан емес, заңдардан басымдығы бар екенін белгілейді. Бұл конституциялық сәйкестігін сақтай отырып, жаһандық процестерге қатысуға мүмкіндік береді деуге болады.
2022 жылғы реформа Парламент пен Мәжілістің тежеу мен тепе-теңдіктегі рөлін күшейтті, бұл жаһандық трендтерінің қысымымен авторитарлық шешімдердің тәуекелдерін төмендетеді.
Екіншіден, цифрлық дәуір классикалық құқықтарды қайта ойластыруды талап етеді. ҚР Конституциясында цифрлық ортада тікелей жұмыс істейтін нормалар бар, олар жеке өмірге қол сұғылмаушылық және хабарламалар құпиясына құқық. ҚР Конституциясының 18 бабы жеке өмірге қол сұғылмаушылыққа, хат алмасудың, телефон арқылы сөйлесудің, электрондық хабарламалардың құпиялылығына кепілдік береді. Шектеулер тек заңмен ғана реттеледі. Бұл интернеттегі дербес деректерді қорғауға арналған база болып табылады.
ҚР Конституциясының 18 бабының 3 тармағы мемлекеттік органдарды азаматтардың құқықтарына қатысты құжаттарға қол жеткізуді қамтамасыз етуге міндеттейді. ҚР Конституциясының 20 бабының 2 тармағы ақпаратты заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін алу және тарату құқығын бекітеді. Бұл нормалар электрондық үкімет пен e-gov дамуына негіз болды.
ҚР Конституциясының 20 бабының 1 тармағы сөз бен шығармашылық еркіндікке кепілдік береді, цензураға тыйым салады. Әлеуметтік желілер мен сандық контент жағдайында бұл ерікті бұғаттауға қарсы негізгі кепілдік.
Жалпы алғанда, ҚР Конституциясында 2022 жылға дейін «цифрлық құқықтар» туралы тікелей норма болған жоқ. Бірақ 18, 20, 24 баптарды кеңейту арқылы сот пен адам құқықтары жөніндегі уәкіл бұл баптарды цифрлық қатынасқа қолданды.
Үшіншіден, ақпараттық қауіпсіздік және киберсуверенитет жайлы айтатын болсақ, цифрландыру кибер шабуылдар мен деректердің таралу қаупін күшейтеді. Конституцияда ақпараттық қауіпсіздік туралы жеке бап жоқ, бірақ 36-бап әрқайсысына киберқауіпсіздік туралы заңдарды қамтитын Конституция мен заңдарды сақтау міндетін жүктейді. Осымен бірге, дербес деректерді қорғау бойынша азаматтардың цифрлық ізінің өсуі анағұрлым нақты конституциялық қорғауды талап етеді. Қазір бұл «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңмен реттеледі, бірақ доктринада дербес деректерді қорғау құқығын тікелей ҚР Конституциясында бекіту туралы мәселе талқылануда.
Ендігі тоқталатын мәселе, бұл – 2026 жылғы ҚР Конституциясына еңгізілген өзгерістер, олар әрине, күрделі болып табылды, себебі, 84 пайызға жаңартылды.
Жалпы айтқанда, жаңа ҚР Конституциясының мазмұны адамға бағытталған сипатта, өзекті қоғамдық құндылықты көрсетеді және саяси институттың нәтижелігінің жоғарылауына бағытталған мемлекеттік қағидаларды қамтиды. Ең бастысы, ҚР Конституциясы адам құқықтарына бағытталған.
Енді бірнеше тұсына тоқталсақ, біріншіден, Конституцияның кіріспесінде бірлік, ынтымақ, этникааралық келісім мемлекеттің іргетасы болып белгіленген. Өзгермейтін негізгі құндылықтарға егемендік, тәуелсіздік, унитарлық және аумақтық біртұтастық жатқызылған.
Сонымен қатар әділ Қазақстан форматы және оның идеологиялық тұғырнамасы заң мен тәртіп қарастырылған. Бұл дұрыс деп санаймыз.
Себебі, заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын әділ қамтамасыз етудің кепілі болса, тәртіп – азаматтар мен мемлекеттің өзара сенімділігі мен жауапкершілігінің нәтижесі болып табылады.
Бұған қоса, кіріспеде табиғатты аялау, табиғи ресурстарды үнемдеу жайлы айтылды. Өте дұрыс, бір жағынан мемлекеттің экологиялық функциясының айқын көрінісі. Екінші жағынан, адамзат пен табиғат үйлесімді өмір суруі керек.
Екіншіден, жаңа Конституцияның 15 бабында адам құқықтарының аясы кеңейтілген. Яғни бұрынғы ҚР Конституциясында азаматтардың құқықтары мен бостандықтары басқа адамның құқықтарына, конституциялық тәртіпке және адамгершілікке нұқсан келтірмеуі керек делінген.
Ал жаңа Конституцияда азаматтардың басқа тұлғаның құқықтарын бұзбауға, бостандықтарын шектеуге жол берілмейді. Қоғамдық тәртіпті бұзбау, азаматтардың денсаулығына қауіп төндірмеу, қоғамның адамгершілігін бұзбау керек деп кеңейтілген.
Сонымен қатар азаматтардың цифрлық ортада құқықтары қорғалады деген жаңа норма қарастырылған.
Үшіншіден, адам капиталының дамуына, білім мен ғылым, мәдениет пен инновацияға ерекше назар аударған. Сонымен қатар тәрбие мен білім беру ұйымдарында жүйе зайырлы сипатта болуы керек делінген.
Төртіншіден, неке деген 30-шы бапқа нақтылылық белгіленген. Неке – заңға сәйкес мемлекетпен тіркелген ер мен әйелдің ерікті және тең құқылы одағы делінген.
Бесіншіден, Қазақстан Халық Кеңесі деген жаңа бап пайда болды. Халық Кеңесі, «Әділ Қазақстанның» тірегі бола тұрып, қоғамды шоғырландыру құралы болмақ, мемлекет пен этномәдени топтар арасындағы байланыс арнасына айналмақ, олардың мақсаты – қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету.
Жалпы алғанда, Жаңа Конституциясының жобасы адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығын белгілей отырып, қазақстанның ұзақ мерзімді ғылыми-технологиялық дамуын белгілейді.
ҚР Конституциясы – мемлекеттің тұрақтылығы мен адам құқықтарын қорғаудың негізгі құқықтық іргетасы болып табылады. Конституция жаһандану және цифрландыру жағдайында егемендікті, ұлттық бірегейлікті және азаматтардың құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқарады. Жаңа өзгерістер адам құқықтарын кеңейтіп, білім, ғылым, экология және қоғамдық келісім сияқты құндылықтарға ерекше назар аударды. Жалпы алғанда, ҚР Конституциясы қоғамның демократиялық дамуын қамтамасыз ететін және «Әділ Қазақстан» қағидаларын жүзеге асыратын стратегиялық құжат болып саналады.
Мадина Жүсіпбекова,
Қоркыт ата атындағы Қызылорда университетінің
Құқықтану БББ доценті,
заң ғылымдарының кандидаты
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!