Жұма, 29 наурыз, 06:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Мәдениеттің қамалы берік

16.08.2022

1637 0

Өнері өрісті елдің келешегі кемелдене бермек. Қызылорданың  өнері қалай дамуда? Мәдениет үйлері жанынан ашылған үйірмелердің бағыты қалай? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмахановпен сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.

– Жағыпар Айтбайұлы, елімізде мәдениет саласын дамыту мен мемлекеттік тіл мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Ендеше, әңгімемізді өзіңіз басқарып отыр­ған бөлімнің атқарып отырған қызметінен бастасақ…

– Қазіргі таңда қала мәдениеті өз деңгейінде жоғары нотада елге қызмет етіп, мәдени-рухани азық сыйлап келеді. Оның бәрі мемлекет қолдауын жүйелі түрде үйлестіріп отырған қала басшы­лығының мәдениет саласына деген оң ықыласынан деп білеміз.

Мен салаға басшы болып келмей тұрған кездегі ілкімді істерді атап айтар болсақ, заманауи үлгіде дыбыс жазу студия­сы,  дыбыс күшейткіш аппаратурасы, фольклорлық, вокалды аспапты ансамбльдер мен би топтары, көркемөнерпаздар үйірмелеріне инструменттер, сахналық киімдер тігіліп барынша қолдау көрсетіліп, үш қызметкер қызметтік бас­панаға ие болған. Бұл да болса ұлттық өнердің қанат жайып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасуына себепкер болып жүрген мәдениет қызметкерлерінің еңбегінің еленгені деп білеміз.

Бүгінгі таңда қала мәдениетін дамыту, оның тәуелсіз елі­міздің жаңа буын өкілдерінің сұраныс деңгейіне көтеру, қала көлеміндегі көркемөнерпаздар ұжымдарын насихаттау және қаламыздың мәдени-рухани жаңаруына сүбелі үлес қосу –  біздің басты мақсатымыз. Сондай-ақ ұлттық дәстүр­лерімізді көздің қарашығындай сақтап, оны байыту және қайта жаңғырту, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу, талантты жастардың өнерін қолдай отырып қала мәдениеті мен өнерін дамыту бүгінгі күннің негізгі талабы болып отыр. Жыл басынан бері, яғни 6 айдың есебі бойынша мәдениет саласында 574 мәдени іс-шара өткізіліп, оған 107673 көрермен тар­тылған. Атап айтар болсақ, «Мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындарында үйірме жұмыстарын ұйымдастыру және жандандыру жолдары» атты облыстық семинары, 21 наурыз күні Балалар жылына тарту ретінде Сыр елінің бас шаһарында «Көктем нұры» атауымен республикалық оқушылар айтысы, «Атадан балаға мұра» атты балалар мен жасөспірімдер арасында облыстық қолөнершілер байқауы өтті. Сатирик ақын А.Тоқмағамбетовтың шығармашылығын насихаттауға арналған «Жауһар жырдың Асқары» атты көркемсөз шеберлері байқауы, Ұлттық домбыра күніне орай «Ұлттың үні – домбыра» атты мәдени көпшілік шара өткізілді. «Ел іші – өнер кеніші» атты дәстүрлі қалаға қарасты кент және ауылдық округтер арасындағы байқау да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сонымен қатар мемлекеттік тіл мәселесіне өзіңіз айтқандай ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл ретте Мемлекет басшысы да мемлекеттік тіл мәселесін май шаммен қарамаса болмайтынын айтып, ауладан бастап, мектеп, оқу орындары, ұйымдар мен мекемелердегі қазақ тілінің жағ­дайы алаңдататынын айрықша атап өтті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, осы мәселеде күш біріктіргеніміз абзал. Өйткені тілдің жайы – бәрімізге ортақ. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек деп есептеймін.

– Бөлімге қарасты мәдениет ошақтары туралы айта кетсеңіз…

– Бөлімге қарасты 12 мәдениет үйі мен клуб кәсіпорындары жұмыс жасап, халыққа қызмет көрсетіп келеді. Оның ішінде, 9-ы қалаға жақын орналасқан кент және ауылдық округтерде болса, 3-і осы қалада орналасқан. Аталған мәдениет үйлерінде қала мен қалаға қарасты ауылдарда барлығы 93 үйірме жұмыс жасап, онда 1079 өнерпаз түрлі бағыттағы өнер түрлерімен кәсіби түрде шұғылдануда. Өткен жылдың есепті кезеңімен үйірмелер саны 2,2 процентке артқан.

– Біздегі мәдениет үйлерінің қызмет сапасын жақ­сартуда қандай шаралар атқарылуда?

– Биылғы қала мәдениетіндегі басты жаңалықтың бірі – екі ауылдық округте жаңа типтік үлгідегі клуб салынуда. Атап айтқанда, Қызылорда қаласына қарасты Талсуат және Қарауылтөбе ауылдық округтерінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында типтік үлгідегі 150 орындық клуб­тар­дың іргетасы қаланып, бүгінгі таңда құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жобаның жалпы құны –  544 млн 910 мың 895 теңгені құрайды. Бұл ауылдардағы жаңа мәдениет ошақ­тарын жыл аяғына дейін халық игілігіне пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жалпы мәдениет үйлерінің қызмет көр­сету сапасын жақсарту үшін материалдық-техникалық база­сын ұдайы жаңғыртып отыру қажет. Сонымен қатар кадр мәселесіне бей-жай қарамау керек деп ойлаймын. Өйткені қазіргі уақытта көрермендер мен тыңдармандардың талғамы өте жоғары, сондықтан халыққа сапалы қызмет көрсету басты назарда.

– Мәдениет үйлеріне жас мамандар тарту жағы қалай?

– Талантты, дарынды балалардың шығармашылығы дамып, жетістіктерге жетуі тікелей үйірме жетекшілерінің тынымсыз еңбектеріне байланысты. Бұл ретте біздегі үйірме жетекшілерінің басым көпшілігі жастар және барлығы дер­лік талантты өнерпаз, іскер ұйымдастырушы. Жалпы мәде­ниетке шын берілген адамдар ғана келеді. Шара кезінде сах­нада жарқырап тұрғанымен, сахна сыртындағы мылтықсыз майданды көп адам біле бермейді. Білмегесін де сырт көзге бәрі оңай болып көрінуі мүмкін. Жұмысқа келген жас мамандардың барлығының қала мәдениетіндегі орны ерекше. Саланың ыстық-суығына, қызығы мен шыжығына төзіп, азғантай айлықпен ұлтқа қызмет етіп жүрген қыз-жігіттердің ұжыммен, үйірме мүшелерімен жұмыс жасауына көңілім толады. Бүгінгі жас буынды қала мәдениетінің болашағы деп сеніммен айта аламын.

– Оқушылардың қандай үйірмелерге қызығушылығы басым?

– Жоғарыда айтып өткендей, қалаға қарасты мәдениет ошақтарында жалпы 93 үйірме болса, оған 1079 көркемөнерпаз тартылған. Өнердің бірнеше түріне баулитын үйірмелердің ішінде қайсысына қызығушылығы басым деген сұраққа балалардың белгілі бір үйірмеге қатысу көрсеткіші жауап береді. Жас балғындардың басым көпшілігі ән және хор, көркемсөз, би, сурет үйірмелеріне қатысуға ынталы. Бар­лық үйірмелердің түрлі деңгейдегі байқауларға қатысу, жетістікке жету тұрғысында өз орындары бар. Соның ішінде А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйіндегі белгілі ақын, «Құрмет» орденінің иегері Мамыр Байдәулетов ағамыз жетекшілік ететін «Қауырсын» жас ақындар үйірмесі, бел­гілі хореограф Ақмарал Қойшығұлова жетекшілік ететін «Ақмарал» би студиясы, «Арайлы» би тобы, белгілі мәдениет майталманы Бағдагүл Есмұрзаева жетекшілік ететін «Сыр сандуғаштары» вокалды тобының, М.Ералиева атындағы мәдениет үйінде 2006 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан ҚР Мәдениет саласының үздігі төсбелгісінің иегері Ләйла Насимханова жетекшілік ететін «Бозторғай» балалар хорының республикалық, халықаралық деңгейдегі жетістіктері жетіп артылады. Сондай-ақ қалаға қарасты кент және ауылдық ок­ругтердегі мәдениет ошақтарының үйірмелері де тұрақты, сапалы жұмыс жасап, талантты балаларды өнерге баулуда. Олар­дың да ауыз толтырып айтарлық жетістіктері баршылық. Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі десек, өскелең ұрпақтың бақытты балалық кезеңін сезіндіре отырып, олардың бос уақытын  тиімді өткізу мақсатында қаламызда үйір­ме жұмыстары жақсы жолға қойылған. Атап айтар болсақ, үйірме өнерпаздары 25 халықаралық, 48 республикалық,1 аймақтық, 30 облыстық, 77 қалалық байқау бойынша өз өнер­лерін көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Үйірме жұмыстары­ның жеткілікті деңгейде жолға қойылғанының мысалы ре­тінде белгілі ақын Мамыр Байдәулетов жетекшілік ететін «Қауырсын» жас ақындар үйірмесі мүшелерінің өлеңдері топтастырылған «Ақ қанат өлең», «Буыршын белес» сынды жыр жинақтарының оқырманға жол тартқанын, ән өнеріне қанат қаққан «Сыр сандуғаштары» ән үйірмесінің талантты балалары 2021 жыл бедерінде Италия мемлекетінде өткен «Liberta Greativa» халықаралық конкурсынан бірнеше жүлделі орындарды иеленгенін және 2020 жылы жастар арасында ән шығармашылығының дамуын қолдау мақсатында өткен «Қызылорда дауысы» мега жобасында аталған ән үйірмесінің түлегі Аягөз Аралбайқызы бас жүлдені жеңіп алғанын айтуға болады. Алдағы уақытта да осындай үйірмелер арқылы жас ұрпақтың рухани дүниесін байыту, олардың шығарма­шылығын шыңдап, шеберлік деңгейін арттырып, ынта-ықыла­сын молайтуға, өз елін, өз халқын сүюге, қазақтың өнері мен мәдениетін  құрметтеуге тәрбиелеу күн тәртібінен түспек емес.

– «Балалар жылы» аясында қандай мәдени шаралар өткізілуде?

– «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, қай кезде де мемлекет баланың үздіксіз дамуына инвестиция құюды тоқтатпақ емес. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшы­сының пәрменімен «2022 жыл – Балалар жылы» деп жария­ланды. Жыл басынан бері 112-ден аса шара өткізіліп,  33500 бала қамтылды. 5 наурыз күні қалалық мәдениет және тіл­дерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен 8 наурыз – халық­аралық әйелдер күні қарсаңында балалар жылының салтанатты ашылуына арналған «Балдәурен шақ – бал ғұмыр» атты мерекелік концерт өтті. «Балаларын бағым деген – Сыр ана» атты театрландырылған қойылыммен басталған мереке­лік концертте оқушылар сарайы, М.Қалауов атындағы өнер мектебінің, А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі жанынан құрылған үйірмелердің, сондай-ақ «Самұрық-Kids», «Бегім-ай» өнер орталықтарының талантты балалары өнер көрсетіп, халық ықыласына бөленді. Сондай-ақ қойылымды қызықтаған балаларға базарлық таратылды. 11 наурыз күні «Балалар жылына» орай А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған «Сиқырлы айна» халықтық балалар қуыршақ театры балалар психодиспансерлік орталы­ғына барып «Тышқандар тартысы» атты ертегі ұсынды. 21 наурыз күні А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында «Балалар жылына» арналған «Атадан балаға мұра» атты балалар мен жасөспірімдер арасында облыстық қолөнершілер байқауы өтті. 2 кезеңде өткен байқаудың іріктеу сынына 60-тан астам жас қолөнерші қатысып, ақтық кезеңде 21 оқушы өз бақтарын сынады. Айта кетейік, байқау барысында облысымызға таны­мал қолөнер шеберлері жас талап ісмерлерге шеберлік саға­тын өткізіп, бай тәжірибелерімен бөлісті. Дәл осы күні А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Балалар жылына тарту ретінде Сыр елінің бас шаһарында республикалық оқушылар айтысы ұйымдастырылды. «Көктем нұры» атауы­мен айшықталған дода әз-Наурыз мерекесінің ажарын ашты. Айтыста еліміздің 5 өңірі мен Қызылорда қаласынан және Сырдария, Шиелі аудандарынан келген 10 жас ақын бақ сынады. Айтысқа сусап келген тұрғындар сөзден қамшы өрген арқалы жас ақындардың өнеріне тәнті болды.

Сондай-ақ 5 сәуірден бастап қала аумағында «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» атты кешенді мәдени-спорттық шаралар өткізілуде. Балалар жылына орай бұқаралық спортты дамыту және ұлттық спорт түрлерін дәріптеу, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес ауқымды жарыстарға шет аумақтардағы балалар мен жасөспірімдерді де қамту мақсатындағы кешенді мәдени-спорттық шараларда қаламызда ашылған түрлі өнер орталықтары мен қалалық мәдениет үйі өнерпаздары да халыққа рухани-мәдени демалыс ұсынуда. Балалар жылындағы ең ауқымды шараның бірі ретінде «Бақ орданың бақытты балалары» атты облыс әкімінің қатысуымен 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай орталық стадионда өтіп,  6000 адам қамтылған шараны айта аламыз. Алдағы уақытта да атаулы жыл аясында түрлі деңгейдегі шаралар ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Соның бірі де бірегейі ҚР Мәдениет саласының үздігі төсбелгісінің иегері, М.Ералиева атындағы мәдениет үйінің әдіскері Ләйла Насимханованың авторлық жобасы дәстүрлі қалалық «Бал-бала» балалар шығармашылығы байқауының 15 жылдығы облыстық деңгейде атап өтілмек.

– Сіздің ойыңызша, бүгінгі өнерпазбен бұрынғы өнерпазда айырмашылық бар ма? Не жетіспейді, нендей артықшылық бар?

– Бүгінде ұлттық болмысымыз бен рухани мұрамызды келер ұрпақ санасына сіңіру – мәдениет үйлерінің, мәдениет қызметкерлерінің басты міндеті. Қазақ мәдениеті мен өнері, қазақтың театры дегенде әуелі Қызылорданың аты аталғаны, рухани бұлақ көзінің осы қасиетті мекеннен бастау алғаны төбемізді көкке жеткізеді. «Сыр елі – жыр елі» деген мәртебелі атаудың біздің елге телінгені де көңілімізді марқайтады. Өйткені Қызылорда өңірі ғасырлар бойы қалыптасып келген қазақ мәдениетінің көне ошақтарының бірі. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс. Мәдениет – ең алдымен жәдігерлік. Оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші – өнер­лі, талантты, зиялы қауым. Осы ретте бұрынғы өнерпаз бен қазіргі өнерпаздың аса қатты айырмашылығы бар деп айта алмаймын. Әрқайсысы өз деңгейінде, шама-шарқынша халыққа қызмет етіп келеді. Айырмашылық болса, ол өмір сүру, еңбек ету кезеңінде ғана деп ойлаймын. Ол дегеніміз, бұрынғыға қарағанда қазіргі өнерпаздың мүмкіндік аясы кең, яғни заманның соңғы үлгідегі жетістіктерімен жарақтанған.

– Сала жұмысын жүйелеуде қай бағытқа басым­дық беріледі және алдағы уақытта атқарылар жоспар­ларыңызбен бөліссеңіз…

– Біріншіден, бөлімге қарасты мекемелердің жұмысын дамыту бойынша қалыптасқан проблемалық мәселелерді қаржы мүмкіндігіне қарай шешімін табуына жұмыс жасау және жаңа жобаларды қолға алу. Бұл жерде мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастырып, халыққа қызмет көрсетумен қатар, кітапханалардың жұмысына жаңа серпін беру, қалалық музейдің қорын ұлғайту мен халықтың қызығушылығын арттыру секілді мәселелерді қолға алып жатырмыз. Сондай-ақ бөлім жұмысының тағы бір бағыты, ономастика жұмысын үйлестіру мен мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және тіл тазалығын сақтауға қатысты тұрақты түрде жұмыстар жүргізу күн тәртібінде тұр. Алдымызда саланың жұмысын дамытуда, қала мәдениетін өрістетуде әріптестерімізбен бірге атқаратын көптеген жоба-жоспарларымыз бар.

– Жалпы атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Дегенмен мәдениетті өркендету үшін руханиятты түсіну керек деп жатамыз. Өзіңіздей азамат жетекшілік ететін қаланың мәдениет саласы алға адымдамаса, кері кеткен емес. Осы бағыттан танбаңыз.

Сұхбаттасқан Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: