Сейсенбі, 04 қазан, 12:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№79 (1884)
04.10.2022
PDF мұрағаты

Қызылордада қауын пісті

13.12.2021

565 0

Бұрын қауын дегенді жазда, болмаса күзде жейтін едік. Желтоқсанда қауын пісті дегенді естігеніміз болмаса, көргеніміз аз шығар… Онда да Тәшкеннің айналасындағы өзбек ағайындардың жылыжайға еккен бау-бақшалық өнімі. Ал қазір ше? Қазір Қызылорданың өзінде желтоқсанда қауын егіп, қаңтарда пісті деп сүйіншілеуге болады. Өйткені Сыр елінде де жылыжайға егін егетіндер бар. Мұнымен қоса мектеп ауласына орнатылған жылыжай оқушылар зерттеу жүргізетін тәжірибелік алаңға айналып отыр. Қаламыздағы ауласына жылыжай орнатқан білім ұясының бірі – №15 М.Дүйсенов атындағы мектеп-лицей.

Сәрсенбінің сәтінде білім ұясындағы жы­лы­жайда қауын пісті дегенді естіп, №15 мек­теп-лицейге бардық. Бізді білім ошағының басшысы Тілеуова Кабира Әнуарқызы күтіп алды. Амандық-саулық сұрасқан соң келген мақсатымызды айттық. Директор білім беру ұйымының ауласындағы жылыжайға қарай жол бастап, оқушылар еккен қауын желтоқсанда піскенін айтты.

– Біз жылыжайды «Ізденіс жасыл ака­демиясы» деп атадық. Негізі 2017 жылы БҰҰ «Даму» бағдарламасы аясында иеленген грант­тың нәтижесінде салынған жылыжай. Грант құны 2,5 млн болса, көлемі 200 шаршы метрді құрайды. Мұнда аскөк, қияр, зімбір, жалбыз, пияз, қауын, қарбыз егілген. Бәрі оқушылардың жобасы, – деді мектеп-лицей директоры.

Жылыжайға келгенде зерттеу жұмысын жүр­гізіп жатқан оқушыларды көрдік. Қастарында Күміскүл Серекеевадай жетекші ұстаздары бар екен. Жылыжай іші жып-жылы. Есігін ашқаннан бөлек әлемге енгендей әсер аласың. Сөзбен айтсаң таусылмас, кірсең шыққысыз жасыл бақ. Ортасына кісі жүруге арналған жол қалдырған. Оны жағалай барқыт гүлімен көмкерген. Қос қапталына қияр еккен. Сәл әріректе қауын-қарбыз өсірілген. Жалбыз да, пияз да, аскөк те бар.

– Мынаның бәрін оқушылардың өздері екті. Ешбір химиялық қоспа қосылмаған, таза табиғи өнім. Түрлі тәжірибе жүргізген балаларымыз қайтсе топырақты құнарландырып, өнімді қалай арттыруға болатынын зерттеді, – деді Күміскүл Дүйсенқызы.

Біз жылыжайда зерттеумен айналысып жатқан оқушыларды да сөзге тарттық. Аружан Бөрібай есімді оқушы редуцентр бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізгенін айтса, Айша Қуаныш атты оқушы қиярдан қалай мол өнім алудың жолын іздегенін жеткізді. Олардың жобалық жұмыстары да нәтижесіз емес. Мәселен, Айша қияр өсіру үшін алғашқыда құс саңырығын пайдаланған. Өнімділік 25 про­центке артыпты. Ол бұл жетістікпен тоқ­­тап қалмаған. Мұнан соң цеолитті қол­даныпты. Цеолит – Маңғыстау аймағында табиғатта түзілетін зат. Бұл да табиғи зат. Цеолиттің көмегімен қиярдың өнімділігі 30 процентке артқан. Аружан топырақты құ­нарландырумен айналысты дедік қой. Ол кәдімгі жауынқұрттың көмегіне жүгінген. Мұны ғылыми түрде редуцентр деп атайды. Ол өлі органикалық заттарды ыдыратып, органикалық емес заттарға айналдырады.

Мектептегі жылыжайда, міне, осындай іс атқарылуда. Мұғалімдер де, оқушылар да ерек­ше ықыласпен зерттеу жүргізуде. Қазірдің өзінде қияр мен қауын пісіп тұр. Күміскүл Дүйсенқызының айтуынша, олар 40 күндік сары қауын еккен. Кәдімгі сары қауын. Тек көлемі әдеттегі қауыннан кіші екен. Исі бұрқырап, бұл жылыжайда қауын бар деп хабар беріп тұрғандай әсер қалдырады. Біз шәкірттерін еңбекке бау­лыған, ғылымға дағдыландырған ұстаздарға ризашылығымызды білдіріп, редакцияға қарай жол тарттық.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ,

Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 

Тағы да оқыңыз: