Жұма, 29 наурыз, 19:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Суың тартылса, мұнайың сарқылса, тіршілігің қалай болмақ, Қызылорда?

13.02.2022

997 0

Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында Президент ел экономикасын тұрақты түрде дамыту, халықтың әл-ауқатын көтеру тұрғысында нақты тапсырмалар берді.

Үкімет отырысында бірқатар облыстың әкімдері өңірлерді дамыту мәселелерін қозғады. Атқарған жұмысын баяндаған аймақ басшыларының қатарында Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова да бар.

Өңір басшысы жыл қорытындысын қысқаша баяндап, өзекті деген екі мәселені Президент назарына ұсынды. Оның бірі – Сырдария өзені деңгейінің төмендеуі болса, екіншісі мұнай қорының сарқылуымен байланысты.

Бұл екі мәселе де күні кеше пайда болған проблема емес. «Ауруын жасырған өледі» дейді қазақ. Біз мұнай жайын сөз етпей-ақ, тіршіліктің көзі саналатын су проблемасына тоқталайық.

Аймақ басшысы вегетациялық кезең күрделі су тапшылығы жағдайында өтіп жатқанын тілге тиек етіп, «Шардара» қоймасына қосымша 2 млрд текше метр су түспеген жағдайда қысқарған күріш егісі көлемінің өзін сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік болмайтынын жеткізді.

Несін жасырамыз, Сыр бойындағы халықтың бар тіршілігі Сырдария өзенімен байланысты. Бұл өзен Алашқа ана атанған аймақтың тіршілігіне қан жүгіртіп отырған күретамыр іспетті. Арал мен Қаратаудың арасын жайлаған халық осы өзен арқылы күнін көріп, тіршілігін жасап отыр. Егер Сырдария мәселесі шешілмейтін болса, онда Сырды анам, Қаратауды панам дейтін жұрттың ертеңі де бұлыңғыр. Шынтуайтына келгенде Сырдария мәселесі жалғыз бір аймақтың проблемасы емес. Бұл жайлы экологтар да, ел ағалары да, Парламенттегі депутаттар да айтып жүр.

Сәби Аңсат ағамыз Сырдария мәселесі шешілмесе, алапат апат болатынын айтып, облыс әкіміне әлеуметтік желі арқылы хат та жазды. «Сырдарияның екі жағынан 200-250 км, Түркістаннан бастап сонау Ақтөбеге дейінгі алқапта бүткіл өсімдік, бұталы тоғайлар, қамыс жойылады. Осы өңірді мекендеген аң, құс, балық, бақа-шаян, шыбын-шіркей, тіпті мазамызды қашырып жүрген масалар да құрып кетеді. Теріскейдегі бетпақдалаға екінші бетпақдала қосылады», – дейді 82 жастағы ел ағасы. Бұны ел жайына алаңдаған ақсақалдың жүректегі сөзі деп түсінген жөн. Осы мәселені қозғаған М.Бақтиярұлы, А.Әлназарова, Б.Қаниев, Ә.Құртаев сынды сенаторлар Үкімет басшысы Ә.Смайловқа депутаттық сауал жолдады. Халық қалаулылары да Сырдариядағы су деңгейі реттелмесе экологиялық апат болатынын айтуда.

Мақаламызға арқау еткен тақырыпты Мәжіліс депутаты Ғалым Әміреев те көтеріп жүр. Халық қалаулысы осы жылдың 31 қаңтарындағы фейсбук әлеуметтік желісіндегі жазбасында Сырдария жайына байланысты еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевпен кездескенін жазған. Жазбада С.Брекешевтің осы мәселеге байланысты көршілес елдерге іс-сапарға баратыны да айтылған.

Кеңейтілген отырыста облыс әкімі Мемлекет басшысына Үкімет тарапымен су тапшылығының алдын алу шараларын бірлесіп қарау керектігін мәлім етті.

Президент өңір үшін аса маңызды негізгі мәселелер арнайы қаралатынын жеткізді.

Үкімет отырысынан кейін араға бір күн салып, еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.Брекешев Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Ш.Хамраевпен кездесу өткізді. Ташкент қаласында өткен кездесуде Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысындағы су жағдайын жақсарту бойынша бірлескен іс-шаралар талқыланды.

Нәтижесінде «Шардара» қоймасына құйылатын суды арттыру және мемлекетаралық «Достық» су арнасы арқылы суды тұрақты беру бойынша бірлескен шаралар қабылдау туралы келісімдерге қол жеткізілді. Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан Республикасының Үкіметтері арасындағы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және пайдалану туралы келісімге қол қою мәселелері талқыланды. Тараптар жобаны келісу бойынша рәсімдерді жеделдетуге ниет білдірді. Екі елдің Премьер-министрлері деңгейінде су қатынастары саласындағы ынтымақтастық жөніндегі екіжақты комиссия құру мәселелері қаралды.

Бұдан бөлек тараптар Орталық Азия су-энергетикалық консорциумын құру және ГЭС құрылысына қатысу мәселелері бойынша консультациялар жүргізді.

Жалпы Сырдариядағы су деңгейіне байланысты мәселемен мамандар да айналысып жатыр. Судың жайын ойлаған тиісті мамандар жедел іске кіріскен. Су жолдары, арналар тазаланып, насостар алынбақшы. Тіпті елімізде Су кеңесі құрылмақшы. Бұл туралы Орталық коммуникация орталығында брифинг берген Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов айтты. «Бірінші, мемлекетаралық өзара қарым-қатынастардың аса маңызды мәселелері бойынша шешімдер әзірлеу үшін келіссөздер процестеріндегі Қазақстанның ұстанымын күшейту үшін ҚР Премьер-Министрінің басшылығымен Су кеңесі құрылмақшы. Бұл кеңестің негізгі міндеті сыртқы су саясатын әзірлеу барысында Үкіметтің барлық құрамының іс-қимылын үйлестіру болады», – деді вице-министр.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов та осы мәселеге байланысты арнайы кеңес өткізгенін атап өткенді жөн көрдік. Үкімет басшысы өткізген жиында алдағы вегетациялық кезеңде Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін суармалы сумен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Кеңесте экология, геология және табиғи ресурстар, ауыл шаруашылығы, энергетика министрлері, сондай-ақ Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарының басшылығы Арал-Сырдария бассейнінде қалыптасқан жағдайды баяндады.

Жиында Қырғыз Республикасының аумағындағы Тоқтоғұл су қоймасына жиналған судың көлемі өткен жылғы деңгейге жетпейтіні сөз болды. Сонымен бірге Қырғызстанның өзінің су-энергетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз етуі тиіс екені ескереліп, Қазақстан аумағына жіберілетін су көлемінің төмендеу қаупі бар екені де айтылды.

Рrimeminister.kz сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Премьер-Министр Экология, геология және табиғи ресурстар, сондай-ақ Энергетика министрліктеріне көктемгі-жазғы кезеңде еліміздің оңтүстік өңірлерінің суармалы жерлерін сумен қамтамасыз ету үшін түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырды. Үкімет басшысы трансшекаралық өзендердің ресурстарын пайдалану бойынша өзара тиімді шешімдер қабылдау үшін Қырғызстанмен және Өзбекстанмен қарқынды келіссөздер жүргізу қажет екенін атап өтті. Ауыл шаруашылығы министрлігіне су үнемдеу технологияларын және аграрлық салада су ресурстарын тиімді пайдаланудың басқа да құралдарын енгізу аясындағы жұмысты күшейту жүктелді.

Мына ақпараттардан Сырдария мәселесіне байланысты атқарылып жатқан шаралардың аз еместігін аңғарамыз. Облыста да қолға алынған басшылар аз емес. Бірақ халыққа нәтиже қажет екенін ұмытуға болмайды. Өйткені суы тартылса, мұнайы сарқылса Сыр өңіріндегі халықтың жағдайы қалай болмақ? Бұл – ойланатын, ойландыратын, толғанатын, толғандыратын мәселе. Осы істің төңірегінде жүргендер Сырдың халқы секілді жүрекпен ойланып, жүрекпен толғанса екен.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: