Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 06:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жаңа үй – жайлы баспана

17.06.2023

806 0

Қазақта «үйі жоқтың күйі жоқ» дейді. Бір баспанаға жете алмай, жалдамалы үйді жағалап,  қиналып жүрген отбасы аз емес.  Мұның бір себебі демографиялық ахуалға да байланысты болу керек. Жылдан-жылға халық саны өсіп жатыр. Десе де жаңа құрылыс салуда  Қызылорда –көш басында.

Қаланың қай бөлігіне барсаң да жаңа салынып жатқан алып құры­лыстар, ыстық күнде еңбек дүбірін қыздырған жұмысшылар, биіктігі үл­кен ғимаратпен теңесетін жүк тиегіш крандар құрылыс алаңына сән беріп тұрғандай. Күннің ыстық-суығына қарамай, қыстың көзі қырауда, аптап ыстықта да тынымсыз еңбек еткен құрыш қолды құрылысшылардың ар­қасында зәулім үй мен әлеуметтік нысан тез салынып жатыр.  Олардың  қатарында спорттық нысандар, білім ордалары мен балабақшалар және көпқабатты тұрғын үйлер бар. Тіпті елді мекендерде де заманауи құрылыс салынып, оның игілігін жергілікті тұрғындар көріп отыр.

Қызылорда қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айдын Әнуардың айтуынша, биылғы құрылыс жұмысының көлемі 12932 млн теңгені құрап,  125,8 пайызға артқан. Қаржы­ландырудың барлық көзі есе­бінен биылғы жылдың 1 ма­мырына жалпы ауданы 101175 шаршы метр, оның ішінде мемлекеттік меншік қаражаты есебінен 4403 шаршы метр, халық қара­жаты есебінен 92966 шаршы метр тұр­ғын үй пайдалануға берілген. 

– Тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында 2023 жылы облыстық бюджет­тен барлығы 17 көпқабатты тұр­ғын үйдің құрылысына 8139 млн теңге бөлінді. Атап айтар болсақ, Сырдария өзенінің сол жағалауында 7 қабатты 84 пәтерлі 6 тұрғын үй салу­ға 2746 млн, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы  №2-ші шағын ауданына 470 пәтерлі 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына 5365,5 млн теңге, СПМК – 70 ауданындағы №2 тұрғын кварталында 50 пәтерлі №8 тұрғын үйдің құрылысына 27,5 млн теңге, сол жағалаудан халықтың әлеуметтік осал тобына 600 пәтерді сатып алуға 6322,5 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар 12 көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғыртуға республикалық бюджеттен 773,8 млн теңге қаралды, –дейді бөлім басшысы.

Сала мамандарының айтуынша, биылғы  жылдың 1 мамырында  қала әкімдігінде тұрғын үйге мұқтаж адам­дардың  5 дара тізімі бойынша  28041 отбасы кезекте тұр. Оның қа­тарында жетім және  ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ал­тын, күміс алқа иегерлері, батыр ана атағын алған,  I және II дәрежелі Ана даңқы орденімен марапатталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасы­лар, халықтың әлеуметтік жағы­нан әлсіз топтары, мемлекеттік қыз­метшілер, бюджеттік ұйым  қыз­меткерлері, әс­кери қызметшілер және мемлекеттік сайланбалы қызмет ат­қарушылар  бар. Қаладан бір тұрғын үй апаттық жағдайда деп танылған азаматтарға берілмекші. Бүгінде  42 көп­қабатты және 3 жер үй апатты деп та­нылған.

Биыл да алып құрылыс алаңына айналған Сырдың бас қала­сында пәтер кезегінде тұрған қаншама отбасы жаңа үйге  ие болып, қоныс тойын тойлайтын болады.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: