Сәрсенбі, 01 мамыр, 18:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Ақсуаттағы айшықты істер

02.12.2022

664 0

            Қала іргесіне қоныс тепкен бұл ауылды қалаға қарасты ауылдардан оқ бойы озық деуге болады. Тіршілігі тынбайтын, тірлігі қарқынды Ақсуат ауылдық округі жыл өткен сайын көркейіп, дамып келеді. Ондағы халық саны – 9536 адам. Ал экономикалық белсенді халық саны – 4 мыңға жуықтайды. Оның ішінде 682-сі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Сонымен бірге демографиялық өсімде байқалады.

            Көш ілгері келе жатқан ауыл халқының әлеуметтік ахуалын әлсіз деуге келмейді. Мұнда бар-жоғы 135 адам атаулы әлеуметтік көмек алатын болса, көмекке мұқтаж 5 балаға үй жағдайында қызмет көрсетіледі. Мұндай сәтте ауыл кәсіпкерлері де қалыс қалмайды қолдан келгенше ұйымшылдық танытып, тиісті көмек қолын созуға дайын. Мұны олардың тұрақты түрде аз қамтылған және көп балалы отбасыларға заттай, қаржылай көмек көрсетуін, балаларды елеусіз қалдырмай мереке сайын сыйлықтар табыстауын байқауға болады. Бірлігі бекем ауылдың түтіні түзу ұшып, өзгелерге ауызбірлікпен үлгі екенін ерекше атап өтуге болады.

Білімді, мәдениетті жастар ауылдан шығады

         Бүгінгі жас өреннің білімді де, мәдениетті, салауатты жас боп өсуі мектеп қабырғасында, айналасын қоршаған ортада қалыптасатыны белгілі. Бұл ауылдық округте 3 білім ордасы бар. Оның біреуі жекеменшік мектеп болса, біреуі мектеп-лицей және орта мектеп. Ауылдың екі мыңнан аса оқушысы аталған оқу ордаларында тәлім алады. Ал мектеп алды жасындағы балалар екі мемлекеттік мектеп пен 5 жеке балабақшадан тәлім алуда.

           Ауыл халқының рухани демалыс орны мұндағы мәдениет үйі болып табылады. Бекітілген жоспарға сәйкес руханият ошағында түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, жыл басынан бері онда 55 мәдени көпшілік мерекелік кештер өткізілген. Бұдан бөлек онда 6 үйірме жұмыс істейді. Ауыл өнерлі, талантты балалардан кенде емес. Түрлі деңгейдегі байқауларда үйірме қатысушылары жеңімпаз атанып, ауыл атын асқақтатып жүрген жайы бар. Мысалы, VI Республикалық «Жарық жұлдыз» атты балалар өнер байқауында «Эстрада вокал» жанры бойынша 1 орын, «Сырдария- достық өзені» атты республикалық әншілер байқауында 3 орын,  І халықаралық өнер мен білім фестиваль – конкурсында «Қызғалдақ» би тобы І-дәрежелі лауреат иегері атанса, «Сыр сұлтаны» атты қалалық сайыста және «Жеті қазына» атты облыстық байқауында клуб қызметкерлері 3-орынмен марапатталған.

Ауылда жаңа спорт алаңы салынбақ

           Бұқаралық спортты дамытуда да ауыл кәсіпкерлерінің үлесі зор. Ауылдық округте бұқаралық спортты  дамыту мақсатында, мектептерде футбол, волейбол, баскетбол, стол теннисі және күрес, қыздар күресі үйірмелерімен қатар, асық, шахмат үйірмелері ұйымдастырылған. Сондай-ақ, №143 мектептен бокс, еркін күрес залдары жабдықталып үйірмелер жұмыс жасауда. Жасөспірімдер мен балаларға арналған үш спорт ойын алаңы,  көше тренажеры мен ауыл кәсіпкерлерінің қолдауымен салынған орталық алаң ауыл тұрғындарының игілігіне жарауда.

           Десе де, биыл спорттық ойын алаңдарының тозуына байланысты 9 миллион 781 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін және  12 миллион 500 мың теңгеге балалар спорт алаңын орнату үшін жоба сметалық құжаттар әзірленген. «Балалар жылы» аясында демеушілердің қаражаты есебінен ауылдық округтен екі спорттық ойын алаңдары құрылысы мен «Samruk – Kazyna Trust» корпоративтік қоры 239 миллион теңгеге кең көлемдегі спорт кешені құрылысын салуды бастады.

           Ауылда бұқаралық спортты дамыту көңіл бөлуге тұрарлық. Себебі ауыл спортшылары түрлі додаларлдан олжалы оралып жүр. Мәселен, волейболдан өткен қалалық спартакиададан  жүлделі 1 және 2 орынды, облыстық спартакиадада жүлделі 2 орынды, республикалық волейболдан өткен жарыста 2 орын,  кент және ауылдық округтер арасында 7 спорт түрінен өткен қалалық жалпы командалық жарыста 2 орын, Шымкент қаласында өткен Қазақстан Республикасының Чемпионатында  қыздар арасындағы еркін күрестен үздік өнер көрсетіп жүлделі  1-ші, 2-ші  және 3-ші орынды иеленген жеңімпаздар жетерлік.

Ауыл бейнесі оның шаруашылығы

Ақсуат ауылдық округінің ауыл шаруашылығы мақсатында бөлінген жер көлемі – 13751 гектарды құрайды екен. Оның 27 гектарына күріш, 60 гектар жерге бидай, 315 гектар аумаққа жоңышқа егілген. Биыл шаруа қожалықтары күріштен 99,3 тонна, бидайдан 60 тонна өнім алды.  

Ал мал басы саны бойынша 2403 бас мүйізді ірі қара,  1319 бас жылқы, 14 бас түйе мен 3049 бас уақ малы бар. Олардың барлығы дерлік сырғаланып, компьютерлік дерек базасына тіркелген. Өткен жылға қарағанда мал басының өсімі 16,9 процентті құраған.

Кәсібі келісті ауыл

Табыс көзін тауып, оны жеке кәсіпке айналдырып отырған ауыл тұрғындары бұл саланың қарқынды дамып,  жұмыссыздықты жоюдағы үлесі зор. Қазіргі таңда ауылда 408 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Оның 58-і шаруа қожалығы болса, 341-і жеке кәсіпкер және 9-ы заңды тұлға. Жеке кәсіп ашу биыл өткен жылға қарағанда екі есе артқан. Соның нәтижесіде ауылда жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық деңгейі төмендеген. Осы орайда кәсіпкерлік саланың дамуына мемлекеттік бағдарламалардың пайдасы зор екендігін айта кеткен жөн. Мәселен, биыл 1 шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасымен 23 миллион теңге несиеге 478 бас қой, өз қаражаты есебінен 20 бас асыл тұқымды қошқар алып шаруасын жүргізуде. Ал, «Ұлттық жоба» аясында  18,3 миллион теңге болатын  2 жоба қаржыландырылса, 2,0 миллион теңге болатын  1 жоба қайтарымсыз грантқа ие болды. «Өңірлік инвестициялық орталық» микроқаржы ұйымы арқылы арқылы 33,0  миллион теңге болатын  4 жоба, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 31,0 миллион теңге болатын 6 жоба, «Инвест групп» ЖШС-гі арқылы 15,0  миллион теңге болатын  2 жоба, «Сырдария -1» несие серіктестігі арқылы 16,7  миллион теңгеге  1 жоба қаржыландырылса, «Бастау бизнес»  жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқу курсын 46 адам оқып сертификат алған.  Қайтарымсыз грант қаражаты есебінен жалпы құны 24 миллион 405 мың теңге болатын  24 жоба қаржыландырылған. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы нәтижесінде 89 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, қоғамдық жұмысқа 29 азамат тартылған. Сонымен бірге кәсіби оқу және қайта даярлау курсынан 2 тұрғын өтсе, әлеуметтік жұмыс орнынан 3 адам, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен 16 азамат жұмыс тапқан.

Ақсуатқа газ келеді

Ауылдық округтегі маңызды мәселенің бірі – табиғи отын жайы. Ауылды газдандыру жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы орайда бюджеттен бөлінген 2 млрд. 439 миллион теңге қаржыға мердігер мекеме «Алия – Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 9,6 шақырым орта қысымды, 16,5 шақырым жоғары қысымды газ құбыры мен автоматты газ тарату станциясына (АГТС -1-  ГГТП -1) кеңейту жұмыстары және 1460 тұрғын үйге түтік шығару жұмыстарын жүргізді. Ал 123 шақырым үйге төменгі қысымды газ құбыры тартылып, қазіргі таңда, қалған үйлерге түтік шығару жұмысы жасалуда. Ауылды газдандыру жобасының жалпы құны – 4 млрд 775 миллион теңгені құраған.

Бұдан өзге жол жөндеу, жарықтандыру, аяқ су, электр желісі сынды мәселелер әлі де өзектілігін жойған жоқ. Биыл «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жөндеуді қажет ететін №5 көшеге тас төсеу жұмыстарына 5млн. теңге қаржы бөлінген. Бүгінде мердігер «КазСервис ЛТД» мекемесі орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізген.

Сонымен бірге, «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 121 миллион 407 мың  теңгеге Т.Бекмұратов, Ш. Беркінов, Ә.Құдабаев және Т. Ақмырзаева  көшелеріне орташа жол жөндеу (асфальт)  жұмыстарын жүргізу үшін облыстық экономика басқармасына бюджеттік өтінім жолданған. Өтінім қабылданып, тиісті қаражат бөлінсе тұрғындарды толғандырған жол мәселесі шешімін таппақ.

Ауылда электр желілерімен қамтылмаған 22,5 шақырым болатын жаңа ауданның 32 көшесін электр желілерімен қамту үшін  қалалық бюджеттен 4 миллион 849 мың теңге қаржы бөлінді. Оның мердігер мекеме «STROYCONSALTING» (СтройКонсалтинг) ЖШС-мен жоба сметалық құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынған. Жобаны жүзеге асыруға 1 млрд. 95 миллион теңгеге бюджетке өтінім берілген.

Аяқ су мәселесі бойынша мамыр айынан бастап мердігер мекеме «Нұржанова» қалалық бюджеттен бөлінген 2 миллион 122 мың теңгеге ауылдық округ тұрғындарын аяқ сумен қамтамасыз еткен. Дегенмен,  аяқ сумен қамтамасыз ететін аяқ су сорғысының трансформаторының тозуына байланысты, 4 миллион 439 мың теңгеге жаңа трансорматор сатып алу жоспарлануда. Ал ауылдық округтегі аяқ сумен қамтылмаған жаңадан қоныстанушы тұрғындарды  маусымдық аяқ сумен қамту мақсатында республикалық бюджеттен қаралған қаржыға Т.Бекмұратов және Сарыкөл көшесі бойынан мердігер «Бақ береке» мекемесі су ұңғымасын орнатып,  пайдалануға берген.

Ал көшелерді жарықтандыруда 2 миллион 149 мың теңгеге жеке кәсіпкер «Наружная реклама Демеу» мекемесі түнгі жарық бағаналарын безендіріп  сырғалар орнатса, алдағы уақытта ауылдың 2 көшесін жарықтандыру үшін 10 миллион 469 мың теңге қаржы бөлуге қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөліміне өтінім берілген.

Дамуға демеу болса көркеймейтін ауыл жоқ. Ауырбірлігі жарасқан ақсуаттықтардың бітімді тірлігі бірліктің арқасында жүзеге асып келеді. Ауылдық округтің жыл санап өсіп-өркендеуі, халық тұрмысының жақсаруы осындай атқарылған игілікті істердің көрінісі іспетті. Ауыл халқы сәл уақыттан соң табиғи отын келеді деп қуануда. Кәсіпкерлігі кең етек жайып, шаруасы оңтайланған жұртшылықтың қазіргі күткені осы. Ал бұдан бөлек істе алдыңғы қатардағы ауылдың бірі екені көзге көрініп-ақ тұр.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: