Сенбі, 27 сәуiр, 17:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Ауылдағыларға үміт сыйлаған бағдарлама

25.04.2023

916 0

Өткен жылы Мемлекет басшысы ауылдарды дамыту тұжырымдамасын дайындау туралы жарлыққа қол қойған еді. Міне, Президент тапсырмасы орындалып, Үкімет ауылдарды дамытуға арналған тұжырымдама қабылдады.  Бес жылға арналған тұжырымдама ауылға не береді? Ауыл болашағын жарқын ете ме?

Ел көкейінде сұрақ көп екені жасырын емес. Шынында, тәуелсіздік жылдарында ауылды дамытуды мақсат еткен бағдарламалар аз болған жоқ. Бәрінің де ниеті ауылды көркейту болғанымен, нәтижесі сезілді деу қиын. Дегенмен жаңа тұжырымдамадан күтеріміз көп.

Ең алдымен, тұжырымдамада ауылдарды орналасу жайына, географиялық ерекшеліктеріне қарай дамыту туралы айтылған. Атап айтқанда, даму әлеуеті жоғары, 3500 тұрғыны бар ауылдарға жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Экономикалық өсу нүктесіне айналатын мұндай ауылдарға ерекше қандай жағдай жасалмақ? Ауылдарға жағдай жасау мақсатында сапалы инфақұрылым тартылмақ. Атап айтқанда, жол, су, жарық мәселесі түгелдей шемімін табады. Сонымен қатар интернет желісімен қамтамасыз ету жайы да біржола шешімін таппақ. Ауылдағы жоқтың бірі саналатын – мәдениет және спорт нысандарын салу да осы тұжырымдама аясында шешімін таппақ. «Негізгі мақсаттардың бірі – ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту. Атап айтқанда, жаңа мектептер мен меди­циналық нысандар салынып, сумен және электрмен үздіксіз жабдықталады, кең жолақты интернет және ғарыштық байланысы тартылады, ауыл жолдарының сапасы жақсарып, кітапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт ғимараттары сияқты мәдени нысандар салынады, халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады», – деп жазылған құжатта.

Сонымен қатар ауылда жаңа қоныстар пайда болады деп жоспарлануда. Яғни  жаңа қоныс үшін арнайы жер беріліп, инфрақұрылым тартылып, жұмыс беруші­лердің өз қызметкерлеріне үй салып бергені үшін жұм­саған қаражатының 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланбақ.

Жайлы ауылда қауіпсіздік шаралары да қамтамасыз етілмек. Ол үшін заманауи учаскелік полиция пунктері салынып, жаяу жүргіншілер жолы, сондай-ақ мал айдау аймақтары белгіленіп, өрт сөндіру орындары мен бекет­тер ашылмақ. Тағы бір айта кетерлігі, суға түсуге рұқсат етілген жерлер мен жабдықталған орындар құрылады. Тұжырымдамада адамдардың елді мекендерден көшуін азайту үшін жағдай жасау жайы да назардан тыс қалмап­ты. Сонымен қатар тұжырымдама аясында ауыл тұрғын­дарының тұрмыс жағдайын жақсарту үшін ауыл шаруашы­лығына ерекше көңіл бөлу жайы қарастырылған. Мәселен, тұжырымдама аясында топырақ құнарын жақсарту, ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануға бақылау­ды күшейту, суармалы учаскелерді айналымға енгізу, су қоймаларын реконструкциялау, дақылдарды әртараптан­дыру бойын­ша жүйелі шаралар қабылдау көзделген.

«Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселесін агроөнеркәсіп өндірісін жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы шешу жоспарланып отыр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай материалдары, жем-шөп, агротехникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дренаждық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ делдалдарсыз тұрақты түрде тауар өткізіп отыруға мүмкіндік береді» деп көрсетілген. Бұл ауылда тұрақты жұмыс орнын ашуға және жас мамандардың тұрақтап қалуына оң әсерін тигізбек.

Тұжырымдама аясында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге аспақ. Бұл – ауыл тұрғындарының кәсіппен айналысуына мүмкіндік беретін бірден-бір тиімді тәсіл. Яғни жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызбен несие беру, сервистік-өткізу кооперативтерін қалыптастыру, техника лизингі берілу жоспарланған. Сонымен қатар инвестициялық жобаларды қолдау жүзеге аспақ.

Ауылдарды дамытуды мақсат еткен тұжырымдама іске асқанда, табысы аз ауыл халқының үлесі 5,8 пайызға дейін, жұмыссыздық деңгейі 4,2 пайызға дейін төмендемек деп жоспарлануда. Сондай-ақ ауылдық елді мекендер сумен 100 пайыз, интернетпен 97 пайыз қамтылып, сапалы жолдар үлесі 95 пайызға жетпек. Ауылдарда 655 денсаулық сақтау нысаны, 183 мектеп, 100 спорт ғимараты пайдалануға беріліп, 650 мәдениет нысаны салынып, жөндеуден өтпек.

Ең бастысы, ауылдың жағдайын түзеуге, ауылдың болашағын жарқын етуге қызмет ететін тұжырымдама нәтижесі елге сезілсе екен дейміз.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

Сурет: Аltaynews.kz

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: