Бейсенбі, 09 мамыр, 21:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Болат жолдағы Бекзада

06.08.2022

736 0

Мүлгіп жатқан далаға жан бітіріп, болат жолды бойлай зулаған пойыздың жылдамдығындай 23 жыл өте шығыпты. Теміржол саласындағы еңбегі Бекзада Мырзағұлованың кешегі күндей көз алдында. Әкесі Төребай 45 жылға жуық Төретам және оның аумағындағы №101, 109-шы станцияда басшылық қызмет атқарған. Сондықтан саланың қызығы мен қиындығы оған жақсы таныс.

Бекзада Төребайқызы отбасында 8 ағайынды. Алайда әке жолын қуып, теміржолға бет бұрған тек кейіпкеріміз ғана.

– Әуелде Қызылорда педогогикалық училище­сінде жұмыс істедім. Тұрмысқа шығып, отбасылы болған соң солай қолайлы көрінген. Алайда темір­жол саласына деген қызығушылығым басым болды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы жол­дасым, 1993 жылы өзім «Қазақстан Темір жолы» АҚ жолсерік болып жұмысқа орналастық. Солай екеуміз бірге 2009 жылға дейін бұрынғы «Қызылорда-Мәскеу», қазіргі №289-290 «Қызылорда-Көкшетау» жолаушылар пойызында бір вагонда еңбек еттік, – дейді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде.

Әр саланың өзіндік қиындығы бары белгілі. Жолы алыс ұзақ сапарда жолаушылармен тіл табысу да оңай емес. Вагондағы әрбір жолаушының көңіліне қарау, шайын қайнатып, тазалығын сақтау, бір сөз­бен айтқанда қолайлы жағдай жасау жолсеріктің – бас­ты міндетінің бірі. Ал көпшілікте көңіл толмау­шылықтың болуы қалыпты жағдай. Мұндай сәтте үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, жағдайды ушық­тырмай шешу кәсіби маманның ісі. Кейіпкеріміз Бекзада Төребайқызы тумысынан ақжарқын, көпшіл жан. Оның осы болмысы жұртшылықпен тіл табыса жұмыс істеуіне септігін тигізген. Ол – бұл талаптың үдесінен шыға білген маман

– Адам өз ісін сүйіп, бар ынтасымен жақсы көріп істесе еш кедергі болмайды деп ойлаймын. Жұрт­шылықпен етене араласып еңбек ету өзіме ұнайтын. «Қызылорда-Мәскеу» бағытында 6 күн жол жүреміз. Сол аралықта вагонға мінген әр жолаушымен бір үйдің адамындай жақсы араласып кететінмін. Жолаушылар үшін бастысы іштегі тазалық, шайдың кез келген уақытта қайнап тұрғаны ғой. Бұл міндетті орындау еш қиындық туғызған емес. Кейде ішімдік ішіп масайған жолаушылар мінеді. Ондай кезде айналасының мазасын алуы мүмкін. Небір жайттар болады ғой. Соның бәрін болдырмас үшін алдын ала қамданып, ушықтырмаудың амалын жасаймыз. Бүгінде талап қатал. Пойызға ішімдік ішіп мінуге немесе сонда отырып ішуге тыйым салынады. Бұл да дұрыс шығар. Бұрынғы мен қазіргіні салыстыруға келмейді. Қазіргі жолаушылар талапшыл ғой. Өз құқығын біледі, – дейді ол жұмыс барысы туралы.

Өкінішке орай, 2009 жылы өмірлік серігі әрі әріптесі болған жолдасы Қасен Тәшімбетов дүниеден озды. 16 жыл бірге бір отбасының, бір саланың жүгін көтеріскен жақын жаннан айырылу оған жеңіл соққан жоқ. Тек көз қуанышы – балаларымен бірге өткізген сәттерінің естелігі жанына демеу болды.

– Жолдасым екеуміз бір вагонда жолсерік болдық. Ол кезде кенже ұлым Аслан 1 жаста еді. Үлкендері оқушы болды. Алты күндік сапарға кішкентай 2 бала­мызды бірге алып шығатынбыз. Келесі 6 күнде үйде боламыз. Солай Аслан 2 жасқа толғанша жүрдік. Вагон біздің екінші үйіміз сияқты. Бала-шағамызбен, ел-жұртпен бірге Қызылорда мен Мәскеу арасын жол қылдық. Өзімнің баянмен ән айтатыным бар. Жолсерік болған соң кейде мереке күндерін жолда қарсы алуға тура келеді. Біз сапарымыздың қай күнге тура келетінін білеміз ғой. Ал жолаушылардың көбі мерекені үйінде қарсы алғысы келеді. Бірақ амалсыздан жолға шығуына тура келуі мүмкін. Ондай кезде алдын ала баянымды дайындап, бірге алып шығамын. Сосын барлығы орналасқан соң жолаушыларға ескертіп айтамын. Әрі қарай қосылып әнімізді айтып, олар ортада би билеп, мерекені жақсы көңіл-күймен қарсы аламыз. Мерекелік көңіл-күй болсын, бірге сезінейік деген ниет қой. Мұны жолдасым да құптайтын. Өте сабырлы, ақкөңіл еді. Әр сапарды асыға күтетін жолсерік десем артық болмас. Жұмысына бар ынтасымен берілген азамат болатын. Вагонның тазалығына баса мән беретін. Қазір сол кез ең қызықты сәттеріміз екен деп сағынышпен еске аламын. Жолдасым Қасен өмірден өткен соң 2016 жылға дейін еңбек еттім. 61 жасымда зейнетке шықтым, – дейді өмірі мен еңбек жолының шуақты сәттерін еске алған Бекзада Төребайқызы.

Тоғыз жолдың торабында ширек ғасырға жуық адал еңбек еткен кейіпкеріміз өткен күндерін сағына еске алады. Жолға шығардағы әр сәті  вагон тазалығын тексеру, төсек жабдықтарын қабылдау, қажетті отынды тиеу, вокзалдағы қарбалас, жолаушыларды күтіп алу, билетін тексеріп ішке кіргізу, сәт сапар тілеу – мұның бәрі оның өмірінің айнымас бір бөлшегі болған.

Бір Аллаға сыйынып, ұзақ жолға шығу, діттеген жерге жолаушыларды аман-есен жет­кізу жауапкершілігін бүгінде кенже ұлы Аслан атқарып жүр. Нағашы атасынан соң, әкесі мен анасы жүрген жолды жалғастырмаққа ниеттенген оның бұл салаға келгеніне 5 жыл болыпты. Иә, ата-анасы еңбек етіп, ха­лық алғысын алған сол баяғы №289-290 «Қызылорда-Көкшетау» жолаушылар пойы­зын­да қызмет етеді. Азды-көпті 5 жыл ішінде Аслан да өз ісінің маманына айналған. Сырдан Көкшеге дейінгі аумақты жол еткен жолаушыларға жағдай жасап, діттеген жеріне аман-сау жеткізуде сенімді серік болып келеді. Сөзден іске жақын Аслан мамандығын мақтаныш санайды. Кейде осы жолда тұрақты сапарлатқан жолаушылар анасы мен әкесінің адамгершілік қасиетін өзара әңгіме қып айтып отырады екен. Ондай сәтте бойын мақтаныш кернеп, адал еңбек ету қай кезде болсын жемісті әрі абыройлы екенін жіті ұғады.

Бүгінде 5 бала тәрбиелеп өсірген Қасен Тәшімбетов пен Бекзада Мырзағұлова ұлын ұяға, қызын қияға қондырған жандар. Әрқайсысы өзі ұнатқан саланың маманы. Ал кейіпкеріміз балалары мен немерелерінің қызығын көріп, елдің алғысына бөленген жан. Жолдасы екеуі­нің еңбегі басшылық тарапынан түрлі марапатқа лайық саналды. Алай­да кейіпкеріміз ең лайықты баға – жолаушылар разылығы, халықтың ал­ғысы деп санайды.

Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: