Бейсенбі, 25 сәуiр, 20:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Заң үстемдік құрған жерде әділетсіздікке жол берілмейді

21.09.2021

1067 0

Тәуелсіз Қазақстанның сот саласы қауқарлы да қуатты, біртұтас жүйеге айналған. Мұның барлығы ұзақ уақыттан бері атқарылып келе жатқан сот-құқықтық реформалардың нәтижесі екені анық. Себебі Қазақстандағы әділеттіліктің салтанат құруы мен тәуелсіз сот жүйесінің қалыптасуы жолында атқарылған іс аз емес.

Бүгінгі күні сот пен прокуратура саласының мамандары өз міндеттері мен қызметтерін абыроймен атқарып келеді. Осы орайда газетке өңірдегі сот жүйесі мен прокуратура саласын сөз етпекпіз…

СЫР ӨҢІРІНДЕГІ СОТ ҚЫЗМЕТІ

Қызылорда облыстық сотының ресми сайтындағы облыстағы сот тарихы туралы мәліметтерге сүйенсек, 1917 жылы қазанда Кеңес үкіметі орнап, сот жүйесі түбегейлі өзгеріске ұшырады. Сол жылы 5 желтоқсанда «Сот туралы» №1 Декреттің нұсқауларына сәйкес «жергілікті сот билігін Ресей Федерациясы атынан шеше бастады». Кеңес үкіметінің декреті бойынша аймақтардағы сот мекемелерін, буржуазиялық қалалық думаларды және басқа өкілетті органдарды қысқарту басталды. Алайда 1919 жылғы шілдеде қабылданған Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару туралы Уақытша Ереже негізінде өлкеде сот жұмысы қажетті жолға қойылды.

1923 жылдың сәуірінде Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінің қаулысымен РСФСР Жоғарғы Сотының Қазақ бөлімі ашылды. Бөлімнің ашылуымен өлкедегі халық соты, губерниялық сот және РСФСР Жоғарғы Соты бөлімдерінен тұратын үш сатылы сот жүйесі құрылды.

Осы кезеңнен бастап қазақ заңгерлері өлкедегі сот билігінің дербес салтанат құруы үшін еңбек етіп, бұрынғы билер сотының жасампаз дәстүріне адалдық танытты. Кеңестік қоғамда әділ заңның үстемдік құруы жолында Нығмет Нұрмақов, Тілеужан Мұқашев, Мырзағұл Атаниязов, Ғұмар Жүнісов, Петр Громов, Қазмұхамет Құлетов, Шаймерден Бектұрғанов, Әбдірахман Құскелдиев сынды азаматтар қызмет етті.

Ал Қызылорда облыстық сотының тарихы сөз болғанда ең алғаш ойға оралатын тұлғалар, заңгер қатарынан Жоғарғы Соттың төрағасы лауазымына дейін көтерілген азаматтар ойға оралады. Оның ішінде 1932-1934-жылдары РСФСР Жоғарғы Соты Қазақ бөлімінің төрағасы болған Қ.К.Құлетов, О.Б.Адамбаев, Бекайдар Жүсіпов сынды азаматтар бар.

Сыр елі 1938 жылы дербес облыс ретінде танылғанға дейін он жыл бойы өңірде Қаз АКСР Халықтық Комиссариатына бағынысты округтік сот жұмыс істеген. Округтік сот заңмен белгіленген істерді жүргізу жөніндегі бірінші сатыдағы, ал бағынысындағы халық соттары ісі жөніндегі екінші сатыдағы сот болып бөлек есептелді. Бұл соттың құзырына Қызылорда, Қазалы, Арал қалалық және 140 елді мекенді қамтыған Қызылорда, Шиелі, Қараөзек, Қазалы, Қармақшы, Қарсақпай, Аламесек аудандарының соттары енген болатын.

Жалпы ол уақыттағы сот ісін жүргізу бірқалыпты жағдайда болды деуге әсте келмейді. Округтік соттарда штат саны мейлінше аз болған. Мәселен, округтік соттың қылмыстық және азаматтық сотты қоса есептегенде нәбәрі 12 қызметкер болған. Төрағалар мен жетекші мамандар жиі ауысып, бұл өз кезегінде жұмыстың жүйелі жүруіне кедергі келтірген.

1930 жылы желтоқсанда окргутік халық соты таратылып, 1931 жылдан бастап аймақтағы сот ісін Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының көшпелі сессиясы атқарды.

Ал аймақтағы соттың жаңа кезеңі 1938 жылдың 15 қаңтарында Қызылорда облыс болып құрылған кезеңмен тығыз байланысты. Себебі сол жылы 4 наурызда облыстық сот құрылды. Жаңадан құрылған Қызылорда облыстық сотының алғашқы төрағасы болып Ақдәулетов, төрағаның орынбасарлары болып Өтеулин, Бөкенбаев, А.Досамбаев тағайындалған. Облыстық сот жаңадан құрылып, оның сот істерін конституциялық талапқа сай жолға қоюда осы заңгер-қайраткерлер, соттар табанды қызмет атқара білген. Алайда архивтік құжаттар дерегіне көз салсақ, заңгер кадрларды басшылық лауазымда аз ғана уақыт ұстап, жиі ауыстыра отырып, тұрақтатпау саясаты басым болған.

Қазақстан Тәуелсіздік алған жылы 12 наурызда облыстық сот төрағасы болып Б.Асқаров, ал оның орынбасарлары болып Б.Сариев пен Ғ.Шыңғысова тағайындалып, олар 1995 жылғы 20 қазанға дейін қызмет атқарған.

– Егемендік алғаннан кейінгі сот жүйесін реформалау аясында жасалған оң өзгерістер облыстық сотты да айналып өтпеген. «Елу жылда ел жаңа», демекші егеменді ел басшыларының тәуелсіз сот жүйесін құру

бағытындағы бастамалары облыстық сот саласына айтулы жаңалық пен серпіліс алып келді. 2002 жылға дейін облыстық сот төрағалығы қызметінде Б.Асқаров, М.Ыбраев, Б.З.Сақаловтардың секілді бірқатар білікті де білімді заңгерлер, олардың орынбасарлары болып Б.Сариев, Г.Шыңғысова, Ә.Елібаев, С.Баймаханов, Б.Қалымбет,Қ.Адрановтар Қызылорда облыстық сотының қалыптасуына өз үлестерін қосты.Сонымен қатар Қызылорда қалалық сотының қалыптасуына өз үлестерін қосқан төрағалар Т.Ғаниев, М.Ахметовтың еңбектерін айтып өткен жөн, – деді «Құрметті судья» атағының иегері Зина Ізбастықызы.

Сондай-ақ ардагер судья Зина Жаңбыршаева былайша еске алады: «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қызылорда облыстық сотының жұмысы бірден жақсарып кетті деуге келмейді. Сот жүйесін жақсартуда ғимараттар, жаңа үлгімен жабдықталған сот залдары, компьютерлер, білімді кадр жетіспеушілігі байқалды. Барлық аудандарда партия, кеңес органдарынан босаған көрнекті ғимараттар соттарға беріле бастады. Қаланың ең көрікті жері – қала алаңында орналасқан әсем ғимарат сот қызметіне берілді. Бұл ғимаратта Қызылорда облыстық, қалалық, мамандандырылған ауданаралық экономикалық, әкімшілік соттары, әділет басқармасы мекемелері орналастырылды».

Міне, осынша саяси өзгерістер мен қызметтік қиындықтарды бастан кешірген аймақтық сот бүгінгі жаңа заманда жаңашыл қызмет атқаруда. Қазіргі кезде облыстық сот судьяларының орташа еңбек өтілі он бес жылдан асады. Білікті де білімді мамандар жасақталған облыстық соттың еш қиындықсыз қызмет етуіне де бар жағдай жасалған.

ПРОКУРАТУРА ТАРИХЫ

Қазақ жерінде прокуратураның алғашқы қызметі мен дамуы 1922 жылдан бастау алады. Қазақстан Орталық атқару комитетінің ІІІ сессиясының 2 шақырылымының шешімімен Әділет халық комиссариатының құрамында мемлекеттік прокуратура органы құрылды. 1933 жылы оның өкілеттілігі кеңейіп, басқарма құрылып дербес атанды.

1937 жылы Конституция қабылданып, Әділет комиссарынан прокуратура толықтай бөлініп, құқық қорғау органдарының дербес құрылымы ретінде жұмыс істей бастады.

Алғаш болып бұл салада қызмет еткендер қатарында болған Сүлеймен Есқараев, Нұртаза Ералин, Сәдуақас Мәмбеев, Жанайдар Сәдуақасов, Боран Айтмағамбетов, Қанай Боранбаев, Мырзағұл Атаниязов және Нығмет Нұрмақов сынды азаматтар саяси қуғынға ұшырады.

Ұлы Отан соғысы жылдарында елдегі 885 прокуратура қызметкерінің 411-і қарулы күштер қатарына шақырылып майданда болды. Соғыстан кейінгі жылдары олар ауыл шаруашылығын қалпына келтіруде де белсенді қызмет етті.

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі берген мәліметтерге сүйенсек, Сыр еліндегі прокуратурада алғашқыда тек уездік-қалалық және учаскелік прокуратура жұмыс істеген. Қызылорда уезке айналған тұста тек Қызылорда мен Қазалыда ғана прокурор болған.

Алғашқы облыс прокуроры болып Дмитрий Ворожеев тағайындалған. Жергілікті елді мекендерде санаулы тергеушілер ғана болған. Уезік-қалалық прокуратурада үш техникалық қызметші қалың көпшілікке заң жүйесін, ақпараттық-танымдық мақсатта қызмет еткен.

Осы уақыт аралығында облыс прокуроры қызметінде Ж.Құттымұратов, Ү.Тапалов, Б.Қосаев, Х.Үйсінбаев, М.Әбділқадыров, М.Қалиев, С.Ерімбетов, Б.Асқаров, Қ.Төлегенов, З.Лақпаев, Ә.Кәрім, Б.Есенбеков, С.Нұрпейісов, Х.Дәуешов жұмыс атқарып, облыс аумағында заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға өз үлестерін қосты.

Қай кезде де прокуратураның мәртебесін көтеріп, беделін биіктеткен, жас мамандардың кәсіби шеберлігін көтеріп, адалдық пен азаматтық парасат жолында еңбек еткен – И.Сейітов, П.Әбдірахманов, А.Сапарбеков, Д.Сәулебеков, Ж.Өтемұратов, А.Байбазаров, Ә.Кенжеғараев, Ә.Әбілдаев, Б.Қосмаханов, К.Оспанов, Ж.Аппазов, К.Пірімжанов, С.Қараманов, Б.Сыздықов, К.Алданазаров, Г.Асқарова, Б.Карбозов, М.Махшатов, О.Көмекбаевтар өңірлік прокуратурада абыройлы еңбек етті.

Ал Қызылорда қалалық прокуратура құрылғаннан бастап қала прокуроры қызметін М.Ажмұхамедов, С.Бисенов, А.Сапарбеков, П.Әбдрахманов, А.Әлібаев, В.Климов, Б.Сыздықов, А.Тұрғанбаев, М.Тәжіғұлов, Ә.Абдуллаев, Н.Бижанов, Д.Сыздықов, А.Махамбаев, А.Адай, М.Досмағанбетов, А.Бекмұхановтар абыроймен атқарып, қала аумағында заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға өз үлестерін қосты.

Бүгінгі күні облыстық прокуратура қызметінде 142 қызметші, оның ішінде 133 жедел және 9 әкімшілік мемлекеттік қызметшілер бар. Олар облыстық аппаратта, 2 қалалық, 1 табиғат қорғау және 7 аудандық прокуратурада қызмет етеді.

Облыстық прокуратура азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының, мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығын қадағалау, жедел-іздестіру, тергеу ісінің, сот қаулылары мен атқарушылық өндірістің заңдылығын қадағалау, тағы басқа өзіне жүктелген салалар бойынша оңтайлы жұмыс атқаруда.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: