Сейсенбі, 24 желтоқсан, 07:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Сыр жастары – бозкілемде

11.10.2024

1594 0

Сырдың сырбаз ұлдары бозкілемде күш сынасты. Қала күні мерекесі аясында өткен «Өнер барысы – 2024» көпшілік көз тіккен дүбірлі доданың төресі болды. Палуандар шыққан өлкенің өнер адамдары да бұл спорттан құр алақан емес екенін байқатты. Былайғы күні бірі шәкірт тәрбиелесе, бірі сахнада өнер көрсететін, тағы бірі қолына қалам ұстап, ой еңбегімен айналысатын Сыр палуандарының тартысты күресі қала күні мерекесінің сәнін кіргізе түскендей.

Сыр жастары – бозкілемде

Сыр елінің бас шаһары – Қызылорданың тойына арналған байрақты бәсекеде өнер, мәдениет, медиа, ғаламтор жұлдыздарынан құралған 50 жас бақ сынауға өтініш білдірген. Оның 25-і іріктеуден өтіп, 85 келіге дейін және 85 келіден жоғары екі салмақ бойынша сайысқа түсті. Бірі-бірінен асып өтіп, тәжірибесімен озған оғландар күштерінің мығым екенін көрсетті. Сайыс төріне құрметті қонақ ретінде әлемдік деңгейдегі байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген Мақсат Исағабылов, Нұрым Сәлімгерей тәрізді қазақтың талантты ұлдары құрметті қонақ ретінде қатысты.
– Жігіттер өздерінің мықты екенін байқатты. Кездесулер тартысты өтті, кей тұстарда кәдімгідей кәсіби спортшы тәрізді қадамдарға барды. Өнерден төрге озғандар өздерінің жан-жақтылығын көрсетті. Спорт пен өнердің егіз екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Білек пен жүректің күші тоғысатын спорттағы біздің қайратты жастарымызға сәттілік тілейміз, – дейді «Қазақстан барысы» Мақсат Исағабылов.
Елімізде бұқаралық спортты дамыту бойынша игі қадамдар жасалуда. Бүгінгі сайыс – осы істің бір бөлігі. Әлбетте, ұйымдастырушылар да өз кезегінде жігіттердің өздерін жан-жақты шыңдап, сынауына мүмкіндіктер беру керегін айтады.
– Осы жоба арқылы руханиятымыз бен дәстүрімізде үлкен орны бар қазақ күресін кеңінен насихаттау, бұқаралық спортты дамыту – біздің ең үлкен мақсатымыз. Жастардың тек бір бағытта ғана емес, жан-жақты қалыптасуы керек. Қазір білектің емес, біліктің күші деп көп айтамыз. Бірақ білім мен спортты, оған өнерді қосып қатар алып жүрген жастарымыз – бәріне үлгі. Үлгілі жастарды насихаттап, кейінгі толқын да осы бағытқа бет бұруына себепкер болып жатсақ, ол – біздің жетістігіміз, – дейді ұйымдастырушылар.
Сайыста 85 келіге дейінгі палуандар арасында Жорабек Нұртілеу І орынды қанжығасына байласа, Асет Баймурза ІІ орынды еншіледі. Ал Асылхан Дүкенбаев үздік үштікті түйіндеп, ІІІ орынға табан тіреді. Тартысты өткен турнирдің 85 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша сынға түскендер қатарында Олжас Балтақожа жеңіс туын көтерді. Нұрымжан Нұрпейісовтің еншісіне ІІ орын бұйырса, Қуаныш Оспанов ІІІ орынды қанағат тұтты.
– Арғы атам мықты палуан болған. Отбасымда да спорттан алыс емеспіз. Бала күнімізден сол, ата-анамыздың тәрбиесімен спорты жанымызға серік еттік. Мамандығымыз басқа болса да, спортты бойымнан алыстатпадым. «Жігітке жеті өнер де аз» дейді дана халқымыз. Қандай өнер болса да, өзінің пайдасын тигізбей қоймайды. Жалпы алғанда ер азамат қарулы, білекті, жүректі болу керек. Өйткені, оның мойнында ел қорғау аманаты бар. Осы жеңісімді туып-өскен, кіндік қаным тамған туған жерім – Қоғалыкөл ауылына арнаймын, – дейді «Өнер барысы» атанған Олжас Балтақожа.
Жеңімпаздар қала әкімінің дипломымен, қаржылай сертификаттармен және І орын иегерлері «Өнер барысы» белбеуімен марапатталды. Айта кету керек, бұл жоба ұлттық спортымызды кеңінен насихаттай отырып, жастарды салауатты өмір салтына баулымақ.

Сыр жастары – бозкілемде

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: