Бейсенбі, 28 наурыз, 23:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Парыздың өтеуіндей еңбек

14.12.2021

1381 0

Өткен сенбіде аймақта «Сыр журналистикасының тарихы» атты 5 томдық кітаптың тұсаукесері өткенінен барша қазақ құлақтанып, сүйіншілей жазып, бірге қуанып жатқан жайы бар. Елең ете қалған көпшілік кітапты оқуға асық. Тіпті Арқадан сәлем жолдағандар да, «кітапты қалай аламыз, бізге жетпей қалмай ма?» деп алаңдаған жергілікті әріптестер, жалпы қалам ұстаған үлкен-кішілер толастар емес. Жарыққа шыққан кітаптың оқырманға көп ұзамай жететіні белгілі. Әзірге газет оқырмандары үшін сиясы кеппеген жаңа еңбектің мазмұнына шолу жасағанды жөн көрдік.

Сөз басында атап айтқанымыздай, кітап бүгін-ертең өтіп кететіндей елдің жанұшыра хабарласуында бір сыр бар. Себебі қазақ журналистикасының тарихымен сабақтасып жатқан бұл еңбекте бұған дейін зерттелмеген аймақтық мерзімді басылымдардың тарихын түгелдеуінде болса керек. Бұл туралы кітаптың алғашқы томындағы алғы сөзде «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Оңғарбаев былай деп жазады: «Басы ашық мәселе: бұған дейін зерттеушілер республикалық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарының тарихына тереңірек тоқталды. Кәсіби мереке немесе мерейтойлар аясында ішінара республикалық, облыстық, аудандық газет-журналдарда жарияланған мақалалар деңгейінде ғана болмаса, аймақтық мерзімді басылымдар мен электронды бұқаралық ақпарат құралдарының тарихы зерттеп-зерделеніп, арнайы жинақталған емес. Бұл ең әуелі Сыр бойында жарық көрген бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты. Қызылорда астана болып тұрған жылдарда осында жарық көрген мерзімді басылымдардың бірқатары жөнінде ғалым Т.Қожакеевтің «Жыл құстары» кітабында қысқаша айтылады. Зерттеуші-ғалым Н.Уәлиевтің «Сыр бойы» газетіне қатысты зерттеулерін қоса алғанда, сөз жоқ, аймақтағы ірі оқу орны Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің журналист мамандарды даярлап шығаратын оқытушылары дәстүрлі түрде аймақтық баспасөздегі мәслелерді зерттеу нысанына айналдырып келеді. Жергілікті басылымдарды тақырыптық тұрғыдан, жекелеген журналистердің шығармашылығын талдауда курстық, дипломдық жұмыстар бар.

Аудандық газеттердің тарихы, бүгінгі тыныс-тіршілігіне қатысты әр жылдарда филология ғылымдарының кандидаты Г.Әшірбекова, Сыр өңіріндегі салалық басылымдардың тарихы мен тәжірибесі жайында А.Әбдіразақова, Г.Оралова, тарих ғылымдарының кандидаты С.Тайман «Қазақ баспасөзі және кеңестік билік» тақырыбында мақалалар жазды. Алайда мұның өзі тұтас бір аймақтың журналистикасын кітап етіп шығару үшін жеткіліксіз болар еді. Сондай-ақ соңғы жылдары шыққан Н.Шыңғысова мен С.Садықовтың «Өңірлік мерзімді баспасөз және ұлттық идея» деген кітабында да «Сыр бойы» газеті жайында азат жол көлемінде ғана мәлімет берілген. Біз осының барлығын негізге ала отырып, облыстық, аудандық газеттерде жұмыс істеген ардагерлерге сұрау салып, арнайы естеліктер жаздырып, сондай-ақ редакторлардың ұқыптылығы нәтижесінде жылдар бойы редакция архивінде сақталып келген қолда бар мәліметтерге сүйене отырып, аудандық (өкініштісі, кейбір аудандық архивтерде өрт шығып, барлық газеттің тігінділері өртеніп кеткен), облыстық архивтерде сақталған дерек көздерін  барынша тиімді пайдаланып, кейінгі ұрпаққа қазына болсын деген ниетпен осы еңбекті жазып шықтық. Аудандық газеттердің алды – «Толқын» (Арал ауданы) 2020 жылы тоқсан жылдығын атап өткенін ескерсек, тарихтың сарғайған беттеріне үңіліп, ғасырға жуық жасап келе жатқан мерзімді басылымдардың жүріп өткен жолын жүйелеу оңай дүние болған жоқ. Бірақ біздің де тарихымызды ертеңгі ұрпақ білуге талпынсын десек, біз осы дүниені түгендеуге тиісті едік. Бұл жұмыс журналист деген мамандықты кіршіксіз қорғаған, кешегі қаламгер-қайраткерлердің ізін парасаттылықпен жалғаған аға буынның алдындағы парызымыздың бір өтеуін­дей деп қабылдасаңыздар болады» деп жазады.

Кітаптың бірінші томы Сыр өңірінің мерзімді ұлттық басылымдарының қалыптасқан, шыңдалған кезі Қызылорда ел астанасы болған жылдардан бастап аймақта шыққан қазақ басылымдары туралы деректермен басталып, облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вести», «Ақмешіт жастары» газетінің және «Сыр медиа» ЖШС тарихы қамтылған. Бұл еңбектегі жаңалықтың бірі – аймақтың ата басылымы «Сыр бойы» газетінің алғашқы редакторы туралы бұған дейін түрлі пікірлер айтылып жүрсе, зерттеу барысында екіұшты пікірлерге нүкте қойылуымен құнды.  Яғни бұған дейін «Сыр бойы» газетінің алғашқы редакторы Жиенғали Тілепбергенов деп келсе, Мәскеу архивіндегі құжаттар басылымның алғашқы редакторы Батырғали Калюков (Халықов) екені айқындалғаны осы еңбекте жазылды. Кітаптан үзінді келтірсек: «Күні бүгінге дейін газеттің алғашқы редакторы Жиенғали Тілепбергенов деп айтылды. Бірақ кейінгі уақыттары бұл дерекке қатысты осы тақырып аясында жазылған мақалаларда екіұдай пікір қалыптасты. Мәселен, газеттің алғашқы редакторы Ж.Тілепбергенов емес, Батырғали Калюков деген зерттеушілердің бірі – Әбу-Сәлім Жаманқұлов. Ол өзінің «Сыр бойының» алғашқы редакторы деген зерттеу мақаласында бұл жайында архив деректеріне сүйене отырып, сол кездегі саяси-ахуалдан да хабардар етеді.

Зерттеу барысында «Сыр бойының» алғашқы жауапты редакторы анықталды. Журналист Әбу-Сәлім Жаманқұловтың айтқан сөзін Ресей Федерациясының мемлекеттік кітап­ханасынан келген құжаттар растап отыр. Газеттің алғашқы нөмірінде Батырғали Калюков жауапты редактор деп берілген. Осылайша қателік түзетілді, облыстағы ата басылымның тұңғыш қол қойған жауапты редакторының есімі белгілі болды. Ол – Батырғали Калюков. Бір айта кетерлігі, Ресей мемлекеттік кітапханасынан келген құжаттар барысында осы уақытқа дейін аты аталмай келген жауапты (газетке қол қойған) редакторлар анықталып, «Сыр бойының» әдепкі уақыттағы жауапты редакторлар қатары жаңа есімдермен толықты. Олар: М.Гатауллин, Г.Сагатов, Ж.Тілепбергенов, Ж.Орманбаев, А.Суюнов, А.Тоқмағамбетов, Қ.Сарбасов» деп жазады.

Бір айта кетерлігі, «Сыр бойы» газетінің елімізде сақталмаған алғашқы нөмірлерінің Мәскеу архивінен ал­дыртқан көшірмесіндегі төте жазумен жазылған мақалалар мен өлеңдерді «Ақмешіт жастары» газеті бас редакторының орынбасары Ерсін Шамшадиннің мұқият аударуы газет тарихының мазмұнын байыта түсті. Әсіресе, газеттің екінші санында сырбойылық  ақын Төлеубай Үркімбайұлының «Сыр бойының суреті» атты өлеңі төте жазудан аударылып, ең алғаш осы еңбекте жарияланып отыр.

Бірінші томға енген облыстық «Ақмешіт жастары» газеті­нің тарихы он жылға жетпесе де тәуелсіз қазақ елінің ақпарат айдынындағы алғашқы жастар газетінің бірі болуымен ерек екені сөзсіз.

Кітаптың қай томында болсын, мерзімді басылымдар тарихын түгендеуде архив құжаттары ғана емес, әр жыл­дардағы газет тігінділерін ақтара отырып, көтерілген мәселе, тақырыптарға, газет тиражына, әр жылдарда еңбек еткен тілшілерді назардан тыс қалдырмай жазылуы аудандық газеттердің тарихын жүйелеуге ықпалын тигізгені байқалады. Газетте жазылған кейбір мақалалар мен көтерілген тақырыптар сол уақытты кері айналдырып, көз алдыңа әкелетіні сөзсіз. Сол себепті де мерзімді басылымдар тарихын түгендеуде әр жылдарда жазылған мақалалардан үзінді келтіре отырып, талдау жүргізу бұл еңбектің тағы бір жаңалығының бірі.

Кітаптың екінші томына ауданның айнасы аудандық газеттер тарихы мен Сыр өңіріндегі тәуелсіз газеттің алғашқы қарлығышы, кейіннен қала әкімдігінің ресми басы­лымына айналған «Ақмешіт апталығы» газетінің тарихы топтастырылған.  Жоғарыда атап айтылғандай, мерейтойлық еңбектер болмаса, негізгі зерттеу нысанына айналмаған мер­зімді басылымдардың тарихын түгендеуде архив құжат­тарынан бөлек, архивте сақталған газет тігінділерін ақтаруға тура келді. Газеттің сарғайған парақтары сол уақыттың тынысын сездіртеді. Газет тігінділерін парақтай отырып, мерзімді басылымдардың сол уақыт саясатының ызғарымен талай соқпақты жолдардан өткенінің куәсі боласыз. Бір кездері аудандық газеттердің жабылып, қайта ашылуы секілді қиындықтар, кадр жетіспеушілігінен өзі тілші, өзі редактор, өзі корректор болған аудандық газеттердің тыныс-тіршілігі, жұмысы да, үйі де  бір бөлмелі редакция болған аға буынның өмір жолы естеліктерде өріледі. Осы орайда айта кету керек, бұл еңбектің сірескен жылдар, архив құжаттарындағы мәліметтермен ғана емес, сол жылдардағы еңбек еткен аға буынның естелігі, басылымдардың да, қалам ұстаған аға буынның да, тіпті сол уақыттағы адамдардың қилы тағдырлары да әдемі суреттеледі. Аға буын естелігінен белгілі қаламгер Шерхан Мұртаза сөзімен айтқанда «арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистердің қандай қиын уақыт болса да, өз мамандығына деген адалдығына еріксіз бас иесің. Орайы келгенде бір естеліктен үзінді келтірейік. Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тарихы туралы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұхтар Сақтапов өз естелігінде былай деп жазады: «Ел билігіне Н.С.Хрущев келгенде түрлі реформалар жүзеге асып, «аудандық партияға газеттің қажеті жоқ» деген тапсырмамен аудандық газеттер тарап кетті. Мұнан соң аудандық поштадан радиоторап ашылып, жаңалықтар халыққа радио арқылы беріліп тұрды. Газеттің жабылуымен бірге барлық аудандарда баспахана ізі сақталмай, тек Сырдария мен Арал ауданында ғана сақталып қалады. Қайта ашылған аудандық басылымға Жұмағали Елеуов бас редактор болып тағайындалады. Автор бұл мерзімді «Хрущев жылдары» деп атап көрсеткеніне сүйенсек, бұл – 1953-1964 жылдардың аралығы. Бұл аудандық басылымның «Еңбек майданы» деген атпен шығып тұрған кезі.

Қайта ашылған газеттің жағдайы туралы Сақтаған Есмаханов естелігінде анық суреттеледі: «1957 жылдың 1 мартында «Еңбек майданы» газеті редакциясына жұмысқа келдім. Редактор Жұмағали Елеуов қолы ұзарып, мықты бір журналистке қолы жеткендей қуанып қалды. Жұмыс жайымен, баспаханамен, ондағы қызметкерлермен таныстырды. Сол кездегі тіршілік, редакцияның мүшкіл халі есіме түссе, әліге дейін тұла бойым түршігеді. Редакция дегеніңіздің колективі екі жарым адам. Бар болғаны – редактор, мен және баспахана мен редакцияға ортақ бухгалтер. Отыратын орны торғайдың ұясындай бір бөлме, бір коридорсымақ. Бір бөлмеде редактор, коридорда бухгалтер екеуміз. Кабинеттегі қара телефонмен сөйлесу үшін машинаны қолмен оталдырғандай гүрілдетіп, сан мәрте бұрап жатқаның. Оның үстіне ауданның көптеген мекемелерінде, колхоздарында телефон байланысы жоқ. Ал газетке мақала іздеп көріңіз. Редакцияға айына екі-үш хат келе ме, жоқ па, белгісіз. Сонымен сусыз көлдің балықшысына айналдым. Айналдырған екі бет газеттің бетін толтыра алмай торыққан кездерімде өзімнің келгеніме өкініп, бармақ тістеймін. Ол кезде жиналыс деген аз болмайтын. Редакторым күні бойы бір жиналыстан-бір жиналысқа кіріп, жұмысқа солардың арасындағы «саңылауларда» ғана келіп кетеді. Ол бейне шырын жинаған бал арасы сияқты. Өзі қатысқан бюроға, мәжіліске, жиналысқа келушілерден факті жинап, «тапқан-таянғанын» әлгі саңылау кезінде маған әкеп тастайды. Онан әрі менің мезгілмен санаспай мықшиып отырғаным. Ал кешке жайланып отыруға жағдай жоқ. Ең қиыны, үй болды. Әуелі А. деген азаматтың табаны сыз, үш адам қатар отырса, иық түйістіріп отыратын, иісі қолқаны қапқан сарайында қыстап шығуға тура келді. Оның үстіне – жас нәресте тұңғышымыз бар, суық тиіп сырқаттан шықпайды. Сонымен менің үйім де жұмыс орным да редакция» деген осы бір ғана естеліктен сол уақыттағы аудандық басылымдардың жағдайы, барлығында бірдей мәселе байқатады.

Бір айта кетерлігі, соқтықпалы-соқпақсыз жылдары бастан кешірген мерзімді басылымдар уақыт қиындығына қарамастан өз миссиясын адал атқарғаны – тарих шындығы.

Тәуелсіздік алған жылдардағы газеттердің тыныс-тір­шілігі тіпті қызық. Әрбір бастамасын оқырманнан жасырмайтын редакция ұжымдарының газет арқылы «Ал біз «Барлық елдің пролетарлары бірігіңдер!» деген ұранды алып тастадық. Енді біз азат елміз. Ендігі ұранымыз – «Бірлік. Ынтымақ» болмақ деген сияқты оқырманға арнауын оқығанда сол уақыт куәгері болғандай сезімде боласың. Сондай-ақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел наурыз мерекесін қалай тойлау керегін түсіндіріп, тіпті сценарийлер жариялап, ұлттық мейрамның сәнін келтіруге бірге үлес қосуы да сол уақыттың өзекті тақырыбы.

Ал тәуелсіздік алғаннан кейін Сыр журналистикасына сер­пін беріп, тәуелсіз басылымдардың алғашқы қарлығашындай болған «Ақмешіт апталығының» тарихы өзгелерден ерек. Тәуелсіздікпен бірге Сыр журналистикасына да тәуелсіз басылым деген ұғымды ала келген «Ақмешіт апталығының» алғашқы жылдары көтерген мәселесі де, оқырманды өзіне үйіріп алуы, жас журналистердің ұстаханасына айналуы, тіпті журналистикадағы маркетинг, менеджменттің алғашқы қадамын жасады десек артық емес. Әрдайым оқырманмен байланыс жасап отыратын газет ұстанымы де ерекше. «Қадірлі оқырман. Біз биыл мынша қаржы таптық, оны мынша бөлігін салыққа, мыншасын қызметкерлер жалақысына жұмсадық» деп газет өндірісіндегі бар «құпияны» оқырманынан жасырмай, ақтарыла жазатын алғашқы тәуелсіз газеттің тарихы да осы томда қатталған.

Кітаптың үшінші томы – радио, телеарналар тарихы, «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігі, баспаханалар тарихы және облыстағы меншікті тілшілер мен облыс әкімінің әр жылдардағы баспасөз хатшыларының анықтамалығынан тұрады. Бір айта кетерлігі, бұл еңбекте телеарналар тарихы ғана емес, ондағы әрбір хабардың мазмұны мен мақсатына ерекше тоқталуымен құнды.

Сонымен қатар тарихы Бөкей баспасынан бастау алатын, ел астанасы Қызылорда болғанда Сыр өңіріне көшіп келген мемлекеттік баспахананың көшіп келуімен тығыз байланысты облыстық баспахананың тарихы қатталған. Ал  мемлекеттік баспа Сыр өңіріне көшіп келгенде ұйымдастыру ісінің басы-қасында Міржақып Дулатовтың есімі аталатындығы құнды тарихтың бір парасы. Жинаған деректерге сүйене отырып, баспа ісінің, баспахана жұмысының шыңдалу, өрлеу кезеңі Сыр өңірінде жүзеге асқанын байқаймыз. Бір өкініштісі, бүгінгі күнге дейін баспахана тарихы туралы бірде-бір кітап, естеліктердің жинақталмағаны. Бұл еңбекте мүмкіндігінше жинақталған мәліметтермен және баспахана ардагерлерінің естелігімен баспахана тарихы бір жүйеге түсті деуге негіз бар. Сондай-ақ кітапта Сыр өңіріндегі шағын баспаханалардың да түгел қамтылғаны. Бұл өңірдегі баспа ісінің даму деңгейін де байқатады.

Кітаптың төртінші томына арқау болған – жекеменшік басылымдар тарихы.  Бір айта кетерлігі, бүгінгі көзқараста тәуелсіз басылымдар алғаш ел тәуелсіздігін алғаннан бастап пайда болмағанын, оның тарихының бастауы әріден басталатынын айтумен ерекшеленеді. Бұл туралы кітаптың алғысөзінен үзінді келтірсек: «Қазақ даласындағы тәуелсіз басылымдардың тарихы 1910-1917 жылдары қазақ тілінде жарық көрген алғашқы бейресми газет-журналдардан бастау алады. Мемлекеттің көмегінсіз жекелеген азаматтардың бастамасымен, халықтың қаржылай қолдауымен саяси-ағартушылық бағытты ұстанған олардың көбі материалдық жағынан тапшылық көрді. Баспахана шығындарын өтеу оңай болмады.

Ел тәуелсіздігін алған жылдары жарық көрген тәуелсіз басылымдардың бірқатары ХХ ғасырдың басындағы алаш қайраткерлерінің айнымас бағытын ұстанып, ел мүддесіне, қазаққа рухани азық болар асыл мұраттар жолында жанкештілікпен жұмыс істеді, қалам қуатын сол жолда сарп етті. Мұнымен қоса ХХ ғасырдың бас кезіндегі газет шығарушылар газетті сатып, одан түскен қаржыны газеттің келесі санын шығаруға жұмсаса, тура сол сияқты, басқасын айтпағанда Сыр өңірінің де ақпарат саласын дамытуға үлес қосқан азаматтар қалыптасу жылдарында газет пайда бермесе де өз шығынын жауып отырғанын олжа көрді. Газетті сатудан түскен ақша келесі нөмірін шығаруға жұмсалғаны «Ақмешіт апталығы», «Халық» т.б. газеттердің бірсыпырасына тән болды. Бұл да қазақ мерзімді баспасөзінің халі ғасырлар алмасқанмен бәз-баяғы қалпында қалғанын, ұлттық баспасөз қай заманнан газет шығаруға және оның қоғамдық-саяси, ағартушылық бағыттан тұтас ғұмырын арнаған адамдардың жанкешті еңбегімен көш басында келе жатқанын айқын аңғартады». Мұндағы тәуелсіз басылымдардың тарихы, «тағдыры» өз алдына қызық. Біріне-бірі ұқсамайды. Ұқсастығы – мақсатының бір екені, ел мүддесіне қызмет етуі.

Бесінші томның да көтерген жүгі жеңіл емес. Практикалық журналистика деп аталатын бұл том белгілі журналистердің тәжірибесін топтастырған. Бұл журналист боламын деген жасқа да, жаңалықты жатсынбайтын кәсіби журналистке де пайдалы. Кітапты парақтай отырып, мұндағы әрбір журналистің тәжірибесін бірінен кейін бірін тезірек оқуға асығасың. Ең қызығы, әлі де құпиясын меңгеріп үлгермеген журналистика саласындағы тың бағыттар туралы тақырыптар қызықтыра түседі. Секунд сайын ақпарат кеңістігі мың құбылған сәтте жаңалыққа ілесуге ұмтылған әріптестерге бұл еңбектің пайдасы аз болмас. Кітаптағы «Трюк Тренд», «Медициналық журналистика», «Әлеуметтік желіде белсенді болудың әдістері», «Әдеби редакциялау ерекшелігі мен талаптары» деген секілді журналистік шеберлік тақырыптары таптырмас тәжірибе алаңы. Мұндағы ерекшелік қатып қалған теория емес, аға буынның өзінен кейінгіге айтары бар, өз тәжірибесінде кездескен дүниелерді ақтарыла айтуы. Әрине, қалам ұстаған қауымның қай-қайсының да өз шеберлігі бар. Ең бастысы, бұл еңбек жол нұсқар бағдаршам болуымен құнды. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда Сыр бойы журналистикасының ауыр жүгін арқалап, бүгінгі күнге дейін кіршіксіз күйінде жеткізген аға буын мен кейінгі буынның сабақтастығындай «Сыр мақтаныштары» анықтамалығы бар. Бұл үлкенді аға, кішіні іні тұтатын сырбойылық журналистердің болмысын аша түскендей.

Қысқасы, бүгінде көпшілік оқуға асығып жүрген бұл бес томдық еңбек қолыңызға тигенде асыға күткен үмітіңіз ақталар деген үміттеміз.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: