Жұма, 03 мамыр, 16:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Шаттықтың үңгірі

07.12.2021

1829 0

Деректі әңгіме

Жалағаш қыстағынан түн ауа асығыс аттанған УАЗ шойын жолды жағалап Шәменов, Қаракеткен ауыл­дарына қарай тура тартатын ішкі жолмен соқтыртып келеді. Адам заманында төселген әспәлттің тозығы жеткен, жау шапқандай ойдым-ойдым. Екпіндеп келген көлік кенет алдынан шыға келетін ойықтан кейде жалтарып үлгермейді, сол беті салдыр-гүлдір ұрып өтеді.

Көліктегі үшеу үнсіз. Жайлы төсектен безініп, түн қатып, түс  қашып келе жатқандарына аздап ренішті ме қалай? Алайда жас сержант Рақым Маханбетов болма­са, анау екеуі талайды көрген тарландар. Бірі Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімі бастығының жедел істер жөніндегі бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Барысбек Ахметов те, екіншісі қылмысты іздестіру бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Шайзат Жүнісов. Екеуі де биыл отыз жеті мүшел жастарын толтырып, қамал алар қырыққа бет түзеген. Отызында орда бұзды ма, бұзбады ма, ол жағын бағамдап жатпапты, әйтеуір нанын адалдап тауып жеп жүр. Адал­дап тапқаны сол, қашан көрсең қыл­мыстың соңында. Аттанысы көп. Мына сапар да соның бірі.

Барысбек осы жақында Қармақ­шы полицейлерінен бір хабар есті­ген-тұғын. Есірткіге қатысы бар жосалылық бірер жігіт Жалағаш ауданына қарайтын Далдабай ауылы жағына барғыштап жүрген көрінеді. Сол ауылдың учаскелік уәкілі Бектай Саламатовқа осы хабарды ескертіп қоюды Шайзатқа тапсырған. Шайзат Бектайға соны айтса, Бектай оның сөзін тірілте түсіпті. Оның айтуынша, ауылдан едәуір қашықта жатқан қашыртқының қамысын бір қармақшылық жігіт иеленіп жүр екен. Мылтығы бар дейді. Әйдік арықты бойлап өскен пішенді орып алмақ боп барған жергілікті тұрғындарды қару кезеніп, жолатпапты. «Соған қарағанда, есірткі егетіндер сияқты» деді Шайзат. Оның бұл болжамын аудандық ішкі істер бөлімінің бас­тығы, полиция подполковнигі Жетпіс Қошқаров қолдап, сол маңайды байқап, зерттеп қайтуды тапсыр­ған.

Түн баласы тәтті ұйқыдан бас тартқызған жағдай осы.

***

Далдабай Қаракеткен ауылдық округіне қарайтын дарияға жақын жатқан шағын ауыл. Тұрғындары­ның саны бар болғаны төрт жүз адамдай, Қаракеткеннен үш есе аз. Жалағаштан жиырма бес ша­қы­рым жерде. Қаракеткеннен төрт шақырым әрі. Батыс беті көрші­лес Қармақшы ауданы. Аудан орталығы Жосалыдан шығатын ішкі әспәлт жол Далдабайды жанап өтеді. Қармақшылықтардың төтелей тартып осында келетіні де сондықтан.

Алпысыншы жылдары бұл ара сулы-нулы өлке болған көрінеді. Көлі көп. «Майкөл», «Кіндіккөл», «Үйсінкөл», «Түйе кеткен» сияқты көлдерден халық балық аулап, қарық болып жатады екен. Қазір көлдер суалған, аттары да халық жадынан өшіп барады. Қашыртқы арналар, көл табандары қаңсып жатыр. Су кеткен соң шаруашылық тоқыраған, халық азайған. Осы күндері бұл арадан екі ауданның барымташылары әрлі-берлі жортып өтеді дейді білетіндер.

Далдабайдың учаскелік уәкілі, полиция аға лейтенанты Бектай Саламатов жәй киім киген бұларды Шәменов ауылы жағындағы жың­ғылды далалыққа қарай бастады. Құмшауыт жол көліктің дөңгелек табанына жұмсақ тиіп келеді. Жаз­дың қысқа түні түгесілуге таяу болса да, ай жап-жарық. Төңірек күміс сәулеге бөгіп тұр. Сол себепті көліктің жарығын сөндіріп тастаған. Сақтық қой.

– Үш қашыртқы канал қатар жатыр. Бұрын су жүрген, қазір құрғақ. Бірақ дария алыс емес, жер асты суы жақын. Қамыс ырғын,  – деп Бектай жер жағдайын түсіндіріп келеді. – Баратын жеріміз ортадағы канал.

Арнаны бойлай өскен қамыс алыстан қарауытып көзге шалын­ғанда көлікті тежеді. Одан әрі жаяу бармаса, сезік тудырып алуы оп-оңай. Алдарынан кесе көлденең жатқан қашыртқыдан өткенде Бектай екінші арнаның қамысы қалың өскен тұсын нұсқады. «Осы ара» деді.  Ра­сында екі-үш шақырымдай жердің қамысы айрықша, жал-жал болып, теңіздей толқып, ырғатылып тұр.

– Жататын жері қайда екен?

– Не болса да көзге түспейтін тасаға тігеді ғой қосын, – деді Шайзат.

– Ауыл адамдарының сілтеуі осы тұс, – деді Бектай.

– Шайзат, онда сен ана жағынан бар, мен мына қапталдан барлаймын, – деді Барысбек сол қол жағын нұсқап. – Жатар орнын анықтау керек. Жыңғылды тасалап жетесің ғой. Сендер, – Бектай мен Рақымға қарап, – осы арадан аңдыңдар.

Түйесораң мен жыңғыл аралас өскен ойпаңмен айналып барып, арнаның биік ернеуіне асылды. Арнаның өзі тым терең, қарауытып үрей шақырады. Кісі бойы қамысты жарып, алға жылжыды. Қамыстың патырлап сынған дыбысы таңғы ауамен алысқа тарайтындай. Тұра қалып тың тыңдады. Көк құрақтың сусылы ғана құлағына жетіп тұр. Алға ұмсына бергенде, арна ішінен біреудің жүргені анық естілді. Ол да қамысты жарып келеді. Қай тұстан қозғалғанын қамыстың үпелек басы бұлғақтап, әйгілеп қояды. «Шайзат емес пе екен? – деп ойлады. – Бірақ ол оң қанаттан баруы тиіс еді ғой!» «Қабан боп жүрмесін» деп ойлады тағы. Қолы ішіне тыққан пистолетке барып қалыпты. Енді ол анық көрінді. Адам! Иығына асынған мылтығы көзге анадайдан шалынып, шошайып барады. Аңдып отырған бұны байқамай, жиырмашақты метр әріден дамбаға көтерілді де, етекке сырғанақтап түсіп кетті.

Сақтанбаса болмайтынын ұққан Барысбек мылтық асынған жұмбақ адам алыстап кеткен соң, жылыстап келген ізімен кері қайтты. Бектай мен Рақым шоқ жыңғыл түбінен қозғалмапты. Мылтық ұстаған адам­ды екеуі де байқаған.

– Анау ағараңдап тұрғанды көр­діңіз бе? Жиденің түп жағын қараңыз, – деді Бектай. – Сол жерге сіңіп кетті. Жеркепе ме, әйтеуір бірдеңесі бар.

– Бұлар пішен оратынға ұқса­майды, – деді Барысбек.

– Мылтығы несі екен? – деп манадан үнсіз жүрген Рақым сөзге араласты.

– Оны кейін білеміз, – деді Барысбек екеуіне кезек қарап, – Рақым, сен Шайзатты тауып ал. Бектай екеуміз желке тұстан жа­қындаймыз. Ол енді ұйықтауы тиіс.

Бектай Барысбектің соңына ілесті. Екеуі тура тартпай, орағытып сол жақ жағалаумен таяп барғанда, жұмбақ жанның дамбаны бүйірлеп ойып жасаған үңгірі анық көрінді. Үңірейген аузын әйдік жиде ағашы жауып тұр. Төбесін қамыспен жапқан.

– Осы арадан қозғалма, мен жақын барып байқайын. Белгі бер­генде дереу жет! Түсіндің бе?

– Түсіндім.

Барысбек төрт тағандап дам­баның басына өрмелеп шықты да, кеудесін көтермей, еңкейген қалпы үңгірге қарай бүлкілдеп жүгіре жөнелді. Апанның төбесін жапқан қамысты алыстан көріп келе жатыр. Күннің алғашқы қызғылт шапағы шашырап, дүниеге жарық сәулесін жая бастаған. Осы сәт үңгірдің алдынан біреудің жүгірген аяқ дыбысы естілгендей болғаны. Сол-ақ екен, ішен гүрс етіп мылтық атылды. Жүгіріп өткен Шайзат екен, ол таяу өскен жидені қалқалап жата қалды. Енді кідіруге болмайтынын ұққан Барысбек үңгірдің төбесін жапқан қамысты жара-мара бір-ақ секірсін. Мылтығын кезеніп, тысқа қарап жүрелеп отырған оның үстіне ұмыр-жұмыр құлады. Бақ еткен дауысы естілді. Мылтығы қолынан ұшып түсіпті. Барысбек оны есін жидырмай сыртқа дырылдатып сүйреп алып шықты. Пәле тас төбеден келетінін аңдамаған ол, тіпті қарсыласа да алмай, екі көзі алақтап, тыпырлып жатыр. Жиде түбінен атылып шыққан Шайзат оның желкесіне қона кетті. Бектай үңгірдің ішін тексеріп, Рақым тосыннан тағы біреу тап бере ме дегендей жан-жағын жіті шолып жүр. Барысбек енді байқады, ұстағандары жас жігіт, қалжасы да шамалы сияқты. Бұтындағы шал­бары мен үстіндегі күртесінің тозығы жеткен. Өңі жүдеу. Сақал-мұрты селдіреп өскен. Шайзат оның алқымынан алып: «Адам атқанды көрсетем мен саған!» деп, сілкіп-сілкіп қалды. Ал ол араша тілегендей Барысбекке қарағыштай береді.

– Қайтесің, қоя сал! – деп Барысбек Шайзатқа басу айтып, жас жігітке мойын бұрды. – Қасыңда біреу бар ма?

– Жалғыз өзім, – деді дауысы жалынышты шығып. Жүзін көтер­генде көзі жыпылықтап кетті. – Бәке, Барысбек аға, бұл сіз бе едіңіз?

Барысбек оған жалт қарап:

– Мен де шырамытып едім. Жосалыдансың ба? Атың кім? – деді.

– Шаттық. Шаттық Әкімтаев.

– Есіме түстің. Әкеңді танитын едім. Марқұм жақсы азамат-тұғын. Сондай адамның атын былғап… Мынау не жүрісің!

– Күн көріс… – деді ол өкінген дауыспен.

– Сені конопляға қатысы бар дейді ғой? Рас па?

Шаттық Барысбектің сұрағына жауап қатпады. Көзінде торығу бар. Сазарған қалпын бұзбай, шықшыты ойнақшып, тістеніп тұр. 

– Неге үндемейсің? – деп сөзге араласты Шайзат. – Жаңа көрдім, каналдың іші толған қарасора.

– Солай ма екен? – деп елең ете қалған Барысбек Шаттыққа шаншыла қарады. – Жүр көрсет!

Шайзат жол бастады. Артынша Рақым қозғалды. Рақымның білегін­дегі кісеннің екінші басы өзінің қолына түскендіктен оған Шаттық ілесуге мәжбүр. Соңында Барысбек пен Бектай. Қалың қамысты жарып, қашыртқының дамбасына шыққанда көрді, арнаның ішкі қос ернеуі сыңсыған қарасора. Жайқалып тұр. Биіктігі адамның төсін қағардай. Бұлар тереңдігі үш-төрт метр болатын арнаның ішіне жайлап түсіп, табанына жетті. Дамбаның ернеуін құлатып, қауын салғандай ұялап еккен. Әр жерден кісі бойы құдық қазыпты. Соған өнген сумен суаратыны көрініп тұр.

– Жалғыз адам атқаратын іс емес мынау, – деді Барысбек Шаттыққа бұрылып. – Саған біреу ектіріп отыр ғой. Кім ол?

– Бір кәріс. Атын білмеймін. Менің жұмысым суару. 

– Азығыңды әкеп беріп тұра ма?

– Әкеп беріп тұрады.

– Біразын орып алыпсың ғой. Оны қайттің? –  деді қашыртқы арықтан тысқа шыққан соң.

– Кәріс алып кеткен.

– Өзі келді ме?

– Иә, өзі.

– Қарасорашы кәрістер тірлікті олай жасамайды. Мынау олардың ісі емес, – деді Барысбек басын шайқап. – Сен сыбайласы ретінде кетіп тұрсың. Бірақ мен мүмкін болғанша көмектесем. Кәне, айт! Ектірген кім?

– Кәріс дедім ғой.

– Шындықты айтпай тұрсың, – деді де, ендігі сөзін күдіктіні же­текке алған Рақымға қарап айтты. – Мынаны қазір апар да қама абақ­тыға! Жақсылап ойлансын. Ал өзің дереу кері қайт!

***

Отыра-отыра аяғы талған соң, қамысты жапырып орын дайындап алды да жантайып жатып, дамбаны жағалап өтетін қара жолға сояу түбінен көзін тікті. «Қалай да біреуі келу керек, – деп ойлады. – Үңгірде тіпті нан қалмапты… Қаланың кәрісі дейді. Қаланың кәрісі із тастап, жылтыңдап жүрмейді, азақ-түлікті күзге дейін жететін қып бір-ақ әкеп тастайды. Әрі бұзылмайтын консервіленген тамақтарды. Бұқты­рылған ет, балық деген сияқты. Мынаның жатқан жерінде оның белгісі байқалмайды. Соған қараған­да жақын жердің адамдары. Мысалы Қармақшының…»

Барысбектің ойы сан саққа шапты.

Күдікті жігітті Рақым алып кет­кен соң, үшеуі үш жерде қамыстың арасында жасырынып, аңдуға көш­кен. Азақ-түлік алып серіктерінің біреуі қалай да келуі тиіс. Бүгін болмаса ертең, ертең болмаса оның арғы күні. Ал енді сыбайласын ұстап әкеткенімізді біліп қойса ше? Ондай жағдайда олар бізді аңдиды. Аттап аяқ баспайды. Сондықтан егер бүгін кешке дейін шаң бермесе, Жосалыға барып, нашаға қатысы бар деген күдіктілердің әрекетін бақылаған жөн. Бұнда сержант пен аға лей­тенантқа Шайзат бас болып қала тұрар деген ойға кетті Барысбек.

Енді бір сәт күдікті жігіт – Шаттық туралы ойлады.

Жасы жиырма бестерде. Ұрлық­пен тұтылып, бірер жыл түрмеде отырған. Оны Қармақшының Ішкі істер бөлімінде жедел уәкіл болып жүрген кезінен біледі. Әкеден де, шешеден де ерте айырылған, жетім бала. Наша егетіндерге де осындай сүйеуі жоқ адам қолайлы. Әлдеқандай жағдай болса, орға бұны жығып, жазадан құтыла салу оп-оңай. Бейшара бала, өзін кінәсізбін деп ойлай ма немене. Мынадай ірі көлемдегі қарасораның жазасы да ауыр ғой. Арнаның екі ернеуін жайқалтып тастапты. Бір шақырымнан асады-ау еккен жері. Қазір мұндайлар көбейіп барады. Былтыр, тоқсан алтыншы жылы мұнай шығып жатқан Құмкөл жақ­та қарасора еккендер тұтылған-ды. Сонда көрді биіктігі үш метр боп жайқалып тұрғанын. Тұп-тура шырша сияқты-ау.

Көзіне ұйқы тығылды. Қарны да шұрылдап барады. Қамысқа ширатылған шырмауықтың собығын жұлып алып, аузына салып сорып көрді. Қатып кетіпті. Жас собықтың сүті бетіне шығып тұрар еді.

***

«Алла қылмысты жақтырмай­ды,  – деп ойлады қалың қамыс ішінде жайғасқан Шайзат. – Қыл­мыскердің арты қуыс болатыныы содан. Бойын үрей билейді. Ұйықтай алмайды. Жасаған қыл­мысы жанын кеміріп жейді».

Полицияға 1986 жылы келген екен. Содан бері он бір жыл болыпты, осы он бір жылда талайды көрді. Әсіресе бір оқиға естен кетпейді. Өз ауылында, Аққырда болған оқиға. Жұрт жағасын ұста­ған, сан-саққа жүгірткен оқиға. Тоқсаныншы жылдардың басы ма екен, ауылда тұратын Тұраш деген кісі ұшты-күйлі жоғалып кеткені. Жасы елулерге кеп қалған. Сол күні ауыл ішінде бір үйге құдалыққа барған. Ертеңіне ғайып болады. Тірі жанның көзіне түспеген. Әкесі мешіт ұстаған діндәр кісі болса да, өзі жүз грамға жақын дейді. Жұрт неше түрлі әңгіме айтып, мың құбылтады. Басына сәлде орап, әулие-әмбие аралап кетіпті дейді біреулері. Ал енді біреулері оны инопланетянин алып кеткенін көрдік деп соғады. Не керек, үш ай сарсылып іздеп, күдер үзіп, жылы жауып қойған іс. Бір күні қалалық МАИ-дың бастығы Әмір інісі телефон шалып тұр. Ауылда тұратын бір кемпір әкесі Бердібек ақсақалға барады екен де, жоғалып кеткен Тұраштың елесі үйінен шықпай қойғанын әңгіме қып айтады екен. «Соны тексеріп көрші» дейді Әмір. Тексерді. Кемпір өзі жалғыз тұрады. Ұлы Байқоңыр әскери бөлімінде «ЗиЛ» айдайды. Тұраш жоғалар алдында болған үйлену тойына «ЗиЛ»-ін айдап о да жетіпті. Ертеңіне таң атпай Байқоңырға қайтып кеткен. Содан ауылға ат ізін салмаған. Іздеп Байқоңырға барды. Тапты. Ауылда көз алдында өскен бала емес пе, жүгіріп келіп амандаса бере еңкілдеп жылап жіберсін.

– Не болды? Неге жылайсың? – дейді бұл.

– Жынданатын болдым, аға! Ұйқы жоқ. Қалғып кетсем жаныма Тұраш ағам келеді, – дейді.

– Оның қайда жоғалғанын білетін бе едің?

– Байқамай қалдым, – дейді ол зар еңіреп.

Оқиға былай болыпты. Бай­қоңыр­ға таңертең жетіп үлгеру үшін түн ортасында машинасын оталдырып, асығыс артқа шегін­дірсе, машина әлденеге тірелгендей болыпты. Секіріп түсіп қараса, дөңгелек астында серейіп біреу жатыр дейді. Жаны шығып кеткен. Не істерін білмей сасып қалады. Сол бойда, жөндем ой ойлай алмай өлікті машинаға сала салып, Байқоңырға жолсызбен тартады ғой. Жолда бір шұқырға жатқызып, бетін бұтамен жасырады. Ешкім білмейді. Ешкім сезбейді. Қылмысы ашылмай қалар ма еді, Құдайдың өзі шешесі екеуіне Тұраштың елесін жібермегенде.

«Мынау да солай, – деп ой­лады, – бәрібір тәубасына келеді. Мойындайтын болады. Сабыр сақ­таған жөн. Әшкереленбейтін қылмыс болмайды!»

Түс ауып барады. Желөкпе жел қамыс басын жұлқып тербеп тұр. Одан басқа қимыл-қозғалыс байқалмайды. Көлбеп жатқан дала тым-тырыс.

***

Күн көкжиекке еңкейе бере мотоциклдің тырыл­даған дыбысы естілді. Артынша өзі де көрінді. Жалғыз аяқ «ИЖ-планетаға» міңгескен екеу. Тура­лап тартып, үңгірдің аузына іркілді. Қираған төбесін қайта қалпына келтіріп қойғаны оңды болар ма! Олар сезіктенбестен үңгірге кіріп-кіріп кетісті. Барысбек орнынан ұшып тұрып, оң қанатта отырған Шайзатқа белгі берді де, өзі дамбыдан төмен қарай бір-ақ секірді. Қарсы беттен Бектай мен күдіктіні Жалағашқа жеткізіп салып, кідірмей кері қайтқан Рақым жүгіріп келе жатыр. Үңгірге кірген екеу түк таппай тысқа қайта шыққанда, қарсы алдарында төрт адам тұрғанын көріп, сасып қалысты.

– Жігіттер, қалайсыңдар? – деді Барысбек жайбарақат.

Анау екеуі жауап қайтара алмай, қипақтай берген.

– Мына пішенді орып алсақ па деп едік, – деді Шайзат иегімен қашыртқы жақты нұсқап. – Белгі салып қойғандар бар екен ғой.

– Пішен… – деді шашы қудай боп ағарып кеткен ересегі Шайзат нұсқаған жаққа қарағыштап. – А-а, пішен бе. Ора беріңдер. Шатағымыз жоқ.

Мотоциклге қарай ұмтылған оны Барысбек кідіртіп:

– Сен ақбас Қайырбек емессің бе? – деді. Анау сонда ғана бұған жалт қарап:

– Ау өзімнің інім екенсің ғой. Бәсе, шырамытам! Барысбексің ғой, – деп екі қолын ұсына ұмтылды. Барысбек оның қолын ала бере әдіске салып, артқа қайырып қалды да, білегіне сарт еткізіп темір кісен­ді кигізіп жіберді.

– Мені ұмытпапсың ғой!

Ақбас Қайырбектің көзі алақтап кетті.

– Қайдан ұмытасың… Қармақшының бәрі таниды сені. Ау, Бәке, Барысбек, тоқташы. Мынауың не? Біз не істеп қойдық? Келісейік те. Бір ауылданбыз. Ағайынбыз.

Шайзат пен Бектай жанындағы жас жігітті де кісендеп үлгеріпті.

– Амал қанша. Жұмыс осылай, – деді Барысбек ақбас Қайырбектің білегіндегі кісенді сілкіп көріп. – Қазір ыровыдыға барамыз. Сонда сөйлесеміз.

***

– Далдабайға неге келдіңдер? – деді Барысбек Аудандық ішкі істер бөліміне әкелген соң ақбас Қайырбекті алдына келтіріп.

– Бәке, келісе алмаймыз ба сонда? Өзіңнен үміттеніп ем.

– Келісу үшін бәрін айтып беруің керек қой.

– Айтам ғой… құтқара гөрші. Аман шықсам…

– Қайреке, алты жас үлкендігің бар ағамсың, шыныңды айт. Кімге алып келдің азық-түлікті? Шаттыққа ма? Шаттық жататын жерінде жатыр. Канал басында ұсталған. Оған бола енді қам жемей-ақ қой. Каналдың ішіндегіні көрдік. Одан да өзіңді кім жіберді, соны айт? Бәлкім танып қалармын.

Ақбас Қайырбек дем жетпегендей өкпесін қағып, селкілдеп кетті.

– Танисың, – деді сосын. – Бектібай, кәдімгі Бектібай ше? Менің кластасым. Екеуміз де елу ­төртінші жылғымыз ғой.

– Сол ма басқарып, ектірген?

– Сол, – деді Қайырбек еңсесі түсіп. – Біз барып кел, шауып келдің адамымыз.

– Тағы кімнің қатысы бар бұған? Түгел айт!

– Шаттықты өзің біліп отсың. Сосын қасымдағы бала… Әскер… Бектібайдың інісі, Түктібай бар еді. Ол бірақ…

– Не бірақ? Айта бер, бөгелме.

– Айтсам, бір айдай болды-ау, Түктібай жоқ боп кетті. Шаттықтың қасында еді.

– Осы бесеуің ектіңдер ғой сораны? Әлде тағы біреулер бар ма?

– Не ғой, иә, бесеуміз ғой. Сосын Шаттық пен Түктібай басында қалған. Сол… жоқ боп кетіпті. Шаттық айтат Қызылордаға кеттім деп кетті деп. Білмедік не болғанын.

– Түсінікті. Кінәңді біліп тұрсың ғой.

– Білем ғой, білем. Біз пешкамыз. Соны ескерерсің, інім!

***

Тысқа алып шыққанда төбеден төнген шақырай­ған күн түнімен қараңғыны қарманған көзін қарықтырып жіберді. Қай мезгіл екенін топшылай алмай, тізесі дірілдеп, тәлтіректеп құлап қала жаздағаны содан. Оның үстіне қарны шұрылдап, мазасы қашсын. Бірақ оны емес, ендігі өмірі не боларын ойлағанда іші жидіп сала береді. Артқы есіктен шығарған екен. Өзін дедектетіп айдаған сержанттың алып келген жері аулада тұрған терезесі торлы «УАЗ». Есігін ашып, иегімен ішті нұсқады. Бұл созалаңдап мініп жатыр. Есігін тарс бекітті. Іште үп еткен леп жоқ. Пысынап сала берді. Темір торлы терезеден көрінген тыстағы еркін тіршіліктің енді өзіне түк қатысы жоғын ойлағанда жон арқасынан суық тер білінді. Полиция ғимаратының ауласына тағы бір темір торлы көлік кеп тоқтағанын көріп отыр. Қолдары кісендеулі екі адамды айдап сержант келеді. Таныды. Ақбас Қайырбек пен Әскер. Оның соңын ала тағы біреуін алып шықты. Ол да көзіне оттай басылды. Бектібай ғой. Бәрі ұсталыпты. Осы сәт көңілінде қанағаттанарлық бір сезімнің пайда болғаны. Егер әшкере болған жағдайда, Бектібай орға жалғыз бұны итеріп тастап, өздері сүттен ақ, судан таза боп, құтылып кете ме деп қауіптенетін. Сүйенер тіректен ада жетім жанның көретіні сол ғой. Барлық жазаны жалғыз адамның арқалап кеткені әділдік пе?

Машина орнынан қозғалып кетті. «Қайда апарар екен? Әй, енді бәрібір, қайда апарса, онда апарсын. Көрмегені түрме емес. Көктемде Бектібайдың ұсынысына келіскенде басын бәйгеге тігіп, не зауалға да тәуекел етпеді ме? Бектібайдың өзі төрт рет сотталған. Мынау бесінші. Түрмеден адам өлетін болса, әуелі осы Бектібай өлер еді! Дегенмен… әттең-ай, бір күн ерте қимылдағанымда ғой, шу қарақұйрық, ұстатпай кетер едім-ау» деп ойлады өкініштен өзегі өртенген Шаттық.

Жалағаштың көшелері түгесіліп, сортаң дала­лық басталды. Жол бойы селдіреген жыңғылды тоғай зымырап артқа жүгіреді. Ара-тұра кезіккен жантақты алқап көз алдында шыр көбелек айна­лып артта қалып жатыр. Бір кезде әспәлт жол түгесі­ліп, машина солға бұрылды. Толқынға тап келген қайықтай, даланың қара жолымен терезесі торланған «УАЗ» қайқаңдап келеді.

***

Өмірдің осылай ілезде құбылып, асты-үстіне түсе салуы мүмкін екенін ойлағанда жүрегі мұздап кететін. Сол күн бүгін туды. Таң ата жанына Жосалы­ның екі-үш полициясын ерткен Барысбек үйге келіп тұр.

– Бектібай сенсің бе? Бектібай болсаң, бізбен бірге ыровыдыға барасың, – дейді.

– Не болды, жігіттер? Жайшылық па? – дейді бұл сыр алдырмай.

– Жайшылық, – дейді Барысбек.

Қайдағы жайшылық? Полицияның жайшылық­пен жүрген күні бар ма? Қолына кісен түсті. «Ыровыдыға барған соң білесің» болды жедел уәкілдің жауабы. «Не білетіні бар? Жаздай еткен еңбектің зая болғанын ба? Дәл сол жерге адам баласы аттап аяғын баспайтын еді. Былтыр азғантай егіп байқаған. Ал биылғы сепкеннен көктеп шыққаны елу үш мың түп. Соның жартысын жинап алғанның өзінде қыруар байлық. Қазір қара базарда келісі бес жүз доллар. Көзден бал-бұл ұшты-ау соның бәрі!»

Қармақшы полициясына апара ма деп үміттеніп еді, жо-оқ, Жалағашқа тартты. Секем алып қалғаны содан. Барысбекпен келісу қиын екенін біліп келеді. Оның Жалағашқа ауысып, Қармақшыдан қарасын батырғанына екі жыл болған. Ол кеткенде осындағы сен тұр, мен атайындар қуанып, той жасап жібере жаздап еді. Сонда да болса үмітті. Келісім сұрамақ. Не көрініпті, бір топырақта өсті. Ағайыны әлі де осында. Бірақ ол ойынан тез айныды. Келісім өтіну, мойындағанмен тең. Сондықтан сыр бермеу керек. Ана балдар сөзсіз мені көрсетеді. Көрсетсе көрсетсін, жала жауып тұр десе, дәлел таба ала ма?

Күн арқан бойы көтерілгенде абақтыға әкеп қамады. Содан шығарып тұрғаны осы.

***

Іркес-тіркес қозғалған оншақты машина Шаттық­тың үңгіріне келіп тізгін тартысты. Әуелгі көліктен Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Жетпіс Қошқаров, оның жедел істер жөніндегі бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Барысбек Ахметов, қылмысты іздестіру бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Шайзат Жүнісов, аудандық прокурор Бексұлтан Аралбаев түсті. Олардың соңын ала тергеуші Оңталап Маханбетов, бірнеше жедел уәкіл мен бейнекамера арқалаған криминалист жігіт келіп жетті. Әлбетте, мұндай ауыр қылмысқа куәлер, әсіресе жедел уәкілдер көбірек жиналғаны абзал. Олар қаншалықты мол жиналса, соншалықты көбірек болжамдар жасалады. Бұрын ашылмаған өзге қылмыстарға да соқпақ осындайда салынуы әбден мүмкін.

Төрт айдауылға қосақтап кісенделген төрт күдікті үңгір алдына келтірілді. Бектібай «менің кінәм жоқ» дегендей кеудесін керіп, еңсесін тік ұстайды. Шаттықтың көзі жалт-жұлт етіп, маңайындағыларға өшіге қарайды. Ақбас Қайырбек пен Әскердің еңселері түсіп кеткен. Олардың бұлайша жүнжіген себебі Барысбекке ғана мәлім. Бұл екеуі бұрын түрме көрмеген. Зәрелері зәр түбіне кетіп тұрғаны сондықтан.

– Қарасораны сен басқарып ектіріпсің. Әңгімең­ді басынан бастап айт, – деді Барысбек Бектібайға сұрақ қойып.

– Мен басқарған жоқпын, мен ектірген жоқ­пын, – деді Бектібай бірден басын алып қашып.

– Мыналар сен дейді ғой.

– Олар жала жауып тұр. Бұрын наша шеккенім рас. Нашамен сотталғаным рас. Сондықтан бұларға «ұсталып қалсаңдар, Бектібайды көрсетіңдер» деп үйретіп қойған. Қазір мен нашадан тазамын, – деді Бектібай.

– Қайырбек, сен сөйле. Далдабайға Әскер екеуің неге келдіңдер?

– Шаттыққа ірәжки, май… азық-түлік әкелдік.

– Кім жіберді?

– Шаттық аш жатыр ғой.

– Кім жіберді деймін?

– Енді…

– Кеше Бектібай жіберді деп едің ғой.

– Қашан жібердім сені? – деді осы арада Бектібай киіп кетіп.

– Беке, сен не, – деп сөзге Шаттық араласты. – Жібергенің рас. Кетсек бәріміз бірге кетуіміз керек. Ұйымдастырып ектірген сен ғой.

– Пашол тый, – деп жекірді Бектібай орысша сөзді қазақтың жалпақ тіліне салып. – Бәрі келісіп алған мені айтуға. Сөйдеп айтқызып отыр біреу.

– Әскер, сен не дейсің, кім жіберді?

– Бектібай аға жіберді.

– Әне, көрдіңдер ме? – деді Бектібай күліп. – Әй, жігіттер, өйдеп нақақ күйдірмеңдер адамды.

– Сораны егуге кімдер келді? Шаттық, сен айт!

– Бектібай бәрімізді әкелді. Қайырбек, Әскер сосын мен.

– Әскер, рас па?

– Рас. Сосын Түктібай аға.

– Айтпақшы, сенің Түктібай інің болыпты ғой, – деді Барысбек Бектібайға бұрылып.

– Өтірік айтат. Ол Қызылорда жақта… жұмыста…

– Сен Бектібайдың кластасысың ғой. Ашығын айтшы, – деп ақбас Қайырбекке бұрылды.

– Рас. Әуелі осында еді. Шаттықтың қасында. Кейін Қызылордаға кетіп қалыпты. Шаттық солай дейді.

– Қашан кетті қалаға?

– Бір ай бұрын, – деді Шаттық.

– Сонымен еккен сендер. Кәне, көрсетіңдер, егіндеріңді!

Шаттық пен ақбас Қайырбек алға түсті. Қалған­дары соңынан қозғалды. Арна түбіне барғанда Шаттық сораны қалай жабылып еккенін, құдықты қалай жабылып қазғанын баяндады. Қайырбек пен Әскер оның сөзін растап, мақұлдаумен шектелді. Бектібай болса сораға қатысы жоқтай сазарып алған.

– Орып алған қарасораны кешегі жауабыңда кәріс алып кетті деп едің, – деді Барысбек бері шыққан соң. – Кәріс емес, Бектібай болып шықты ғой басқарушың.

– Кәріс деді ме? – деп елең ете қалды Бекті­бай. – Әуелі шынын айтқан екен. Әй, мен қашан алып кеттім?

– Білмеймін. Мен жоқта біреу жинапты. Мүмкін өзің шығарсың алып кеткен.

– Дамбаның топырағы бұзылған жер бар екен. Сол жерді қазу керек, – деді әңгімеге араласпай үңгір маңайын асықпай барлап келген Шайзат.

– Өзіне қаздыр, – деді полковник Жетпіс Қошқаров.

Шаттық Шайзат көрсеткен жерге күректі ықы­лас­сыз батырып, қаза бастап еді, топырақ астынан қара түсті шалбар шықты. Екі балағын, белін түйіп тастаған. Томпайып тұр.

– Әне, – деп қуанып кетті Бектібай. – Ішіндегісін қара. Шөп қой. Бектібай алып кетті деген шөп. Жала жауып тұр демедім бе?

– Білем мен сенің пиғылыңды! – деді Шаттық Бектібайға түйіле қарап. Күректі білемдеп ұстап алыпты. Еркіне қоя берсең, қолындағысымен жіберіп ұрардай. – Жұмысыңды істетіп алып, орға итере салайын деп тұрсың ғой.

– Сөзді тоқтат! Тағы қайда көмдің шөпті? Көрсет! – деді Барысбек оны желкесінен нұқып.

Ол құрғақ топырақ астына жасырған қазынасы­ның бірнешеуін тауып берді. Қолына түскен киімге, пакетке сала беріпті. Тағы бір шұқырдан омыртқа, қабырға, жіліктің басы сияқты сүйектер шықты.

– Мынау ненің сүйегі? Қайырбек, сендер ет әкеп пе едіңдер?

– Жазда қайдағы ет?

– Мына бір сырыққа ет жайған сияқты ғой. Майы сіңіп қалыпты. Осы маңнан мал ұрлағансың ғой, – деді прокурор Бексұлтан Аралбаев. Шаттық оған жауап бермеді. Шайзат содан соң Шаттықты шоқ жыңғылдың сыртындағы ойпаңға алып келіп: 

– Енді мына жерді қаз, – деді бұрын қазылғаны байқалып жатқан тұсты нұсқап. Шаттық кібіртіктеп, кісендеулі қолындағы күрекке сүйеніп сілейіп тұрып қалды. – Не қып тұрсың, қаз кәне!

– Бұл арада шөп жоқ, – деді ол бәсең сөйлеп. – Шөп басқа жерде.

– Сонда да қаз!

– Жоқ, қазбаймын! – деді Шаттық қолындағы күректі тастай салып.

Шайзат ақбас Қайырбекке иек қақты. Ол күректі қолына алып, қазуға кірісе бергенде Шаттық:

– Қазба деймін саған! Болмайды қазуға! – деп, кенет жанұшыра айқайлап жіберді. – Ол арада Түктібай жатыр! Түктібай!

Қайырбек оның айқайына қарамай, бұрқылда­тып қаза берді. Топырақ астынан қаракөк алашаның шеті көрінді. Орауын жаза бастағанда өлексенің күлімсі иіс мүң ете қалсын. Анықтап қараса адамның иістеніп, бұзылған бас сүйегі. Алақаны мен табанын қоса орапты. Аяқты тобықтан ажыратқан, қолды білезіктен бөлген. Куә болғандар бір сәт аңтарылып, тым-тырыс тұрып қалыпты.

– Кім өлтірді мұны? – деді Барысбек үнсіздікті бұзып.

–  Бәрі өзінен. Конопляның жапырағын қуырып жейді де құтырады. Маған тиіседі сосын… қолымды бұрап, пышақ тақайды… өлтірем дейді. Сосын… мен де жедім сюзьмадан. Мылтықты оқтағанымды білем. Есімді жисам, жайрап жатыр, – деді ол ақтала сөйлеп.

– Қалған денесі қайда?

Шаттықтың екі көзі қып-қызыл боп қанталап шыға келді. Шықшыты ойнап, тістеніп алған. Айнала жауап күткен жандарға ішіп-жеп қарайды. 

– Жеп қойдым! – деді сосын ысылдай сөйлеп. – Қуырдақ қып қуырып жедім! Тағы не айтайын? А-а! Тағы не керек сендерге?

– Бұл Түктібай емес, Түктібай Қызылордада, – деді Бектібай әлде де міз бақпай.

– Сен құтылып кетем деп ойлама! Төрт ай аш жүрдім сенің кесіріңнен. Ініңнің етін жегіздің маған. Омыртқасы жатыр анда.

– Тап әкеңнің аузы… Жауыз! Қалай жедің ағаңды? – деп ақбас Қайырбек оған кіжіне қарады.

– Боқтама! Сен де жегенсің! Қуырдақ есіңде ме? Өткенде мен қуырып берген. Әскер де жеді. Әй айтсай сен, Әскер! Тұзы ащылау болып еді ғой.

– Шімірікпей қалай жедің адамның етін? – деп қалды сол арада біреу.

– Менің орнымда болсаң, сен де жейсің! – деп Шаттық әлгіге тісін қайрап, өшіге қарады. – Үш ай ет татпасаң, көрер ем жемегеніңді!

Осы кезде арнаны жағалап, шоқытып желген салт атты көрінді. Жұрт ошырыла соған қарасты. Тамыз айы түгесілмесе де, үстінде жұқа шапан, басына делиген қалың қара қалпақ. Жуықтаған соң аттан түсіп, бері беттеді. Аяғында керзі етік. Кебірге біткен аласа бұталарды бырт-бырт жаншып басады. Сақшы сержанттар оның жолын бөгеп жатыр. Анау жөнін айтқан болу керек, сержанттың біреуі бері жүгірді.

– Жылқы іздеген Қызылтамның адамы екен. Жоғын тауыпты. Қамыстың арасына матап тастаған дейді. Полицияның машинасын көріп бұрылдым дейді, – деп баяндады ол.

Барысбектің ойына осының алдында ғана қармақ­шылық әріптесі, қылмысты іздестіру бөлім­шесінің бастығы Марат Есіловтің жылқы ұрлығына байланысты телефонмен айтқан хабары сап ете қалды. «Қызылтамнан шыққан жылқының ізі Далдабай жағына барғанда жоғалып кеткен» деп еді ол сонда. «Мынау сол болып жүрмесін?» деп ойлады. Жоқ қараған адамға жақын барып:

– Тапқан жылқыңызды бері алып келіңіз, – деп тапсырды. «Мыналардың сыбайласы емес пе екен?» деген қауіпті де ойлап қойды. Ол ұзай бере соңына аңду салғаны содан. Сонан өз-өзіне келе алмай тұрған Шаттыққа қайта төнді.

– Сенің тағы бір қылмысың ашылды. Жылқы ұрлапсың ғой!

Шаттық салт атты кеткен жаққа жалтақ-жалтақ қарап:

– Жылқыда шатағым жоқ, – деді міңгірлеп.

– Шатағың бар ма, жоқ па, қазір көреміз.

Бұжыр бет, шалғы мұрт жігіт ағасы сәлден соң бірі қаракер, екіншісі бозқасқа – қос атты жетегіне алып, салып ұрып жетті. Қаракер ат ерттеулі. Бөктеріншекке кенеп қап таңған.

– Мынау менің атым! – Бұжыр бет қаракерді нұсқады. – Үш күн болды, қаңтарып қойған жерден алып кетіпті. Ер менікі, ал мынау қапты… білмедім.

Қапты ақтарғанда ішінен бірер киім, су толы бес литрлік бөтелке, ыдыс-аяқ, бір дорба нан шықты. Оның астында қураған қарасораны нығыздап салып тастаған.

– Шөпті неге көмген десем, дайындалған екен ғой, – деді Шайзат басын шайқап.

Барысбек қаптан шыққан киімдерді аударысты­рып қарады да, ақбас Қайырбектің алдына тастады.

– Кімдікі мынау? Тек шыныңды айт.

– Әй, мынау сенікі ғой,– деді ол Шаттыққа қарап. 

– Қос атпен қайда кетпек болдың? Айт кәне? – деді Барысбек шүйлігіп.

Ол айтсам ба, айтпасам ба дегендей, подполков­никке көзін тігіп, бір ауық сазарып үнсіз тұрып қалды да:

– Айтпасам да болатын еді, бірақ ішіме сыймай барады, – деді дауысы қалтырап. Көз жанырына жас толып шыға келіпті. – Мынау, Бектібай мені жетім деп пайдаланып жүр. Іздейтін ешкімі жоқ деп. Иә, мен жетіммін. Әке-шешем үш жасымда өліп қалған. Бұл өмірден еш жақсылық көрмедім. Мыналар үй алатын ақша берем деген. Соған сеніп келдім. Сөйтсем бұлардың пиғылы басқа екен, – деп бөгелді. Танауын тартып, көзін саусағымен сипап өтті. – Түктібай айтты… бір рет сюзьма жегенде, «егінді жинап алған соң сенің көзіңді құртамыз» деп. Сосын… мен… одан да өзім ертерек жоқ болайын дедім. Тамды жаққа өтіп кетем бе деп…

Кемсеңдеп жылап жіберді. Өксіп-өксіп жылады. Көз жасы тарам-тарам болып төгілді.

– Кешіктім! Бітті! Бітті бәрі! Маған енді өмір жоқ, – деп полиция офицерлеріне жасты көзін жағалатып, тізерлей кетті. – Мені сотқа жібермеңдерші, ағалар! Мен алданып қалдым? Оңбай алдандым!

Барысбек кісендеулі қолын алға созып, жалбарына бастаған Шаттықты қолтығынан демеп тұрғызды.

– Тый жасыңды! Еркек емессің бе? – Жетелеп апарып, терезесі темір торлы «УАЗ»-дың есігін ашты. – Өмірді қайтадан бастау ешқашан кеш емес. Қолыңмен істегеніңді иығыңмен көтеруің керек! Кәне, отыр мұнда!

Шаттық танауы қусырылып Барысбекке бір қарады да, темір қорапқа сүңгіп кетті.

Машина орнынан қозғалғанда өзі төрт ай мекен еткен үңгірдің лаулап жанып жатқанын көрді.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,

жазушы, республикалық «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы,

ҚР Мәдениет саласының үздігі.

Әмірбек ШАЙМАҒАМБЕТОВ,

полиция полковнигі,

Жалағаш ауданының Құрметті азаматы,

«ҚР Ішкі істер органдарының

Құрметті қызметкері».

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: