Жұма, 26 сәуiр, 21:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Қыз Жібектің Төлегенін атқан кім?

05.11.2022

1394 0

(Бекежанды өзіміз өлтірдік пе?)

Өнер туындысы өмірді ұмыт­тырып, күнделікті тіршіліктен тыс, қиялдағыдай күн кешетін әлемге апаратын пойыздың билеттері сияқ­ты. Әдетте өмір кинодағыдай емес, бірақ фильмнің бәрі өмірден алынған деп жатамыз. Шынайы өмірдің ақиқаты мен көркемдік шындық таразыға түскенде дұрысын ажырата алмай қалатынымыз, содан кейін бірнеше жүзжылдықтан соң шыны мен өтірігі қайсысы деп дауласатанымыз да бар.

«Қыз Жібек» кинокартинасын көрмеген қазақ жоқ шығар. Алайда арада қанша жыл көшкенімен, көңіл­ден өшпей, қос ғашықтың махабба­тына кедергі келтіріп, Төлегенді ажал құштырған кейіпкер Бекежан емес екенін біреу білсе, біреу білмес.

Бұл 1955 жылы көркем туын­дының сценарийін жазған Ғабит Мүсіреповтің қателігі ме, жоқ, сол кездегі саясаттың талабы ма? Мұны зерттеген Мұқадес Есламғалиұлы «Парасат» журналындағы «Төлегенді өлтірген кім?» деген мақаласында: «Киноның сценарийіне арқау болған «Қыз Жібек» жырының авторы Сегізсері 1834 жылы Шекті руының Қабақ тармағынан тараған батыр Арыстан Тіленұлының үйіне келіп түседі. Арыстан батыр оны қонақ етеді. Бұлармен бірге Жағалбайлы Жанқасқа жырау да болады. Бұл екеуі әуелі «Айман-Шолпан» жыры­ның оқиғасын баян қылады. Жез көмей ақын сол жиында «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек» дастандарын жырлайды. Махамбет батыр өзінің «Сегізсеріге» деген өлеңінде:

«Айман-Шолпан», «Қыз Жібек»

Жырларың елге тарады.

Қашқын болып жүрсең де,

Аузыңа халық қарады, – дейді. Махамбет сол кезде осы жырдың туған топырағы Шалқар жеріндегі Шекті, Жағалбайлы руларының ең беделді адамдарымен аралас-құралас, сыйлас жағдайда жүргені – тарихи шындық.

«Бас болған елдің бұзық наданына,

Мәз болған айласы мен амалына.

Қожадан ел тонаушы сотқар шыққан

Бекежан Айбекұлы заманында.

Есімі тонаушының Кескентерек,

Тыңдамай ата-анасын, жүрген бөлек.

Ұрлыққа бала кезден болған әуес,

Қан төккіш, мейірімсіз, қара жүрек…», – жырдың келесі бөлімінде Кескентерек Тасымқожаұлының Хиуа­дан қашып келген қарақшы екен­дігі баяндалған. Ол әуелі өзінің туған нағашысы, Жағалбайлы руы­ның елге аса сыйлы мырзасы Әбусағитты қалай өлтіргенін, оның тоқалын алып қашып кетіп, қалың құм ішінде қаңғыртып тастап кет­кен­дігін сөз етеді. Сосын: «Менің айтқан кісіме шықпадың, өзің қа­лаған жігітің Қарабалаға тұрмысқа шығам дейсің» деп, туған қарындасы Қаламқастың төсін шауып өлтіріп, Ойыл бойына келіп, өзінің жетпіс екі сыбайласымен баспаналап жүр­ген нағыз қанішер екендігімен таныс боламыз. Содан кейін оның Жібекке ғашық қырық батырдың бірі болғандығы, бірақ Төлеген тұр­ғанда өзінің оған қолы жетпесін білген соң Қосаба көлінің жағасында жігіттің сұлтаны Төлегенді атып өлтіргенінен хабардар боламыз», – деп бұрмаланған шындықтың бетін ашады. Иә, бұған бейжай қарамай, жырдың мәтініне ары қарай үңілсек, Бекежанды тани түсеміз:

«Естек пен Әлімұлы қатар қонған,

Мекендеп Орал тауы мекен болған.

Бекежан Айбекұлы ордабасы,

Қол жинап, мұсылманға бопты қорған…».

Бұл жырдың оқиғасын айтушы­лар Шекті Арыстан Тіленұлы мен Жағалбайлы биі Жанқасқа екен. Арыстан Тіленұлы Шекті әрі Бекежанның әкесі Айбектің туған ағасы Қарабастан тараған боп шығады. Аталас болғасын Бекежанды ақтап алмаққа болған оқи­ғаны бұрмалап жеткізген шығар деуге де болар еді, бірақ Сегізсеріге әңгі­мелейтіннің бірі – Төлегеннің руласы Жанқасқа би екен.

Бекежан қалмақтармен соғысқан­да Кескентерек өзінің жетпіс екі қа­рақшысымен қатысып, сеніміне кіріп алады. Ал Бекежан бірінші әйелі Салиха қайтыс болып, жылын өткізгеннен кейін түрікмен жұр­тын­дағы құда түсіріліп қойған қызын алып келуге кеткен уақыт­та Кескентерек Төлегенге қастан­дық жасап, жанын алады. Екі жыл­дан кейін барып, Төлегеннің боз­жорғасын Бекежанға сыйламақ болады. Бірақ Бекежан Төлегеннің атын бір көргеннен-ақ танып қояды. Кескентерек «айдалада қаңғып жүрген жерінен тауып алдым» деп ақталады. Соған қарамастан батыр оны қуып жіберген.

Табын елінің мырзасы Нұрғожа­ның әйелі ұл тауып, соның шілде­хана тойында қарамай қойғаны үшін Жібекке Кескентерек ауыр сөй­леп, тіл тигізеді. «Шекті көп пе, шегіртке көп пе» деген мәтел тара­ға­нындай, Жібектің жеті ағасы сол жерде Кескентеректі дарға асып өл­тір­ген екен. Ал аталған жайт­тар­дан кейін Жібек Төлегеннің туған інісі Сансызбайға ұзатылады. Кейін екеуі­­нен Төсбатыр деген ұл дүниеге келген.

Киноның сценарийі бойынша көпшіліктің санасына жағымсыз кейіпкер боп сіңіп қалған Бекежан жасы қырыққа шамалас болған ке­зінде шайқас үстінде белінен қатты жараланып, мүгедек болған екен. Осыдан соң өмірінің соңына дейін қолма-қол ұрысқа жарамай қалады… 1730 жылы балалары Аңырақай соғысына аттанған уақытта түрік­мендер Шекті жеріне шабуыл жасап, сол ұрыста батырға улы жебе тиіп, қаза тауыпты. Енді біреулер 63 жасында төсегінде жатып, бір кездегі жарақаты салдарынан қайтыс болды дейді. Яғни Бекежанның қайтыс болуы туралы нақты ақпарат жоқ.

Зерттеулерге сүйенсек, Беке­жан шын мәнінде жауыз емес, Төлегеннiң жанашыр ағасы ре­тiнде сипатталған екен. Жазбаша нұсқада, зерттеулерде ол қазақ халқының тәуелсiздiгi үшiн күре­сiп, өзiнiң елiн қорғап жүрген қаһарман ретiнде аталады. Ел ау­зында оның ерлiгiн дәрiптейтiн бiраз жыр сақталыпты. Бекежанның алғашқы әйелi башқұрт мырзасы Құрамыстың қызы Салиқадан Қайрақ, Байрақ, Тайлақ деген үш ұл, Нұргүл есiмдi бiр қыз туған. Балаларының үшеуi де кезiнде танымал батыр болған. Тайлақ 1729 жылы Алматыдан Таразға апаратын үлкен жолдың шамамен жүз жетпiс шақырымындағы жерде қырық бiр күнге созылған, жоң­ғарларды аңыратқан, оларды Iле өзенiнiң бойындағы апанына дейiн тықсырған «Аңырақай шайқасы» деп аталған соғысқа Кiшi жүздiң жасағын басқарса, Байрақ пен Қайрақ мыңбасы екен.

Кiшi жүздiң құрамына кiретiн Шектi руынан шыққан Бекежан батырдың ұлы Тайлақ батыр тура­лы Батыс Қазақстан облыстық энциклопедиясында да мәлiмет бар. Онда Бекежанның ұлы Тайлақтың туған жылы мен қайтқан жылы көр­сетiлмегенiмен, батыр әрi қолбасшы болғандығы айтылады. Ол туралы Жамбыл Жабаевтың «Саурық батыр» жырында Тайлақ батырдың Шапырашты Саурықпен бiрге қал­мақ­тарға қарсы шайқасқаны жөнiнде айтқаны да бар.

Кей әдебиеттанушылар Жүсіп­бек­қожа Шайхислам жырдың бүкіл мазмұнын өзгертіп, Бекежанды да қарақшы етіп көрсетіп әрі оны Шектінің емес, Арғынның батыры етіп «түзетулер» жасағанын, сөйтіп, 1904 жылы сол нұсқаны Қазан баспасынан шығарғанын атап өткен. Жүсіпбекқожа 30 жылдардың соңына қарай жырды «өзімнің жазғаным» деп Әуезовке келіп көрсеткен екен. Жазушы: «Бұл жыр әуелден-ақ бар, сен мұның халықтық дүние екенін теріске шығара алмайсың, жай ғана жырды жинаушы ғанасың», – деп тоқтатқан екен.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Сәбит Жолдасов: «Бұл жөнiнде соңғы бес жыл iшiнде бiр­неше мақала мен кiтаптарда қозғап, дәлелдер айтып жүрмін. Шынына келсек, «Бекежан» десе, бүгiнгi күнi әсiресе, жастарымыздың көз алдына Жiбекке асыққан Төлеген дарияның жағасында жуынып тұрғанында ту сыртынан келiп, жебесiн қадап, өзiнiң мақсатына жет­кенiне мейлiн­ше масаттанып, өлiм аузындағы қар­сыласына мысқылдай қарап тұр­ған жауыз-қарақшының бей­несi келерi анық. Бұл ұрпақтың сана­сына лиро-эпостық «Қыз Жiбек» жыры нұсқасына сүйенiп түсiрiлген, бәрiмiздiң сүйiп көретiн «Қыз Жiбек» фильмi­нiң әсерi арқылы қалыптасқаны белгiлi. Шешендi «сақау», көсемдi «мақау», батырды «сатқын» деп, ақыл­дыны «топас» етiп көрсеткеннен ауыр нәрсе бар ма?!», – дейді. Демек көркем шындық пен өмір шындығының тара­зыда тең түсе бермейтінін ескере жүрген жөн.

Дина БӨКЕБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: