Енді біршама уақыттан соң барлық білім ошағы соңғы қоңырау соғып, түлектерін қанат қақтырады. Тарыдай болған қалпынан таудай өрен етіп қалыптастырған алтын ұясынан түлеп ұшу әрбір шәкірттің жүрегіне қимастық сезім ұялатары анық.
«Тойдың боларынан боладысы қызық» демекші, баласының мектеп бітіруі ата-ана үшін де уайым. Оқу жылын ойдағыдай аяқтағанымен алдағы сынақ сәттері, салтанатты шараларды өткізудің өз жауапкершілігі бар. Алайда биыл мектеп бітіру кешін өткізуге тыйым салынды. Енді соңғы қоңырау шарасы талапқа сай өткізіліп, бітіру кеші бұрынғыдай кең көлемде атап өтілмейді. Бұл туралы биылғы оқу жылының мектеп бітіру кештерін ұйымшылдықпен өткізу, бітірушілердің өмірі мен денсаулығын қорғау, құқық бұзушылықты болдырмау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында облыстық білім басқармасының 2023 жылғы 3 сәуірдегі №56 бұйрығы шыққан. Онда оқу жылын аяқтау шараларын ұйымдастыруға және мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізуге оқушылар мен ата-аналардан, педагогтардан ақша жинауға қатаң түрде тыйым салынған.
Бүгінде бұл бағытта мектеп директорлары мен мұғалімдерге, ата-аналарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Қалалық білім бөлімінің басшысы Ерлан Теңізбайұлы мектеп ұжымдарымен кездесу өткізіп, мәселенің мән-жайын түсіндірді.
– Қатаң түрде ескертетін жайт, мектеп бітіру кеші міндетті түрде білім ошағында немесе ауласында өтуі, түлектердің мектеп формасымен қатысуы және барынша қарапайым түрде болуы міндеттеледі. Сондай-ақ соңғы қоңырау барысы бітірушілер мен қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіпсіз болуы жүктеледі. Бітіру кешін үйде не мейрамханада, ойын-сауық орындарында өткізуге және түлектердің автокөліктермен кортежге шығуына жол берілмеуі тиіс. Оқушылардың қауіпсіздігі мен құқық бұзушылықты болдырмау және алдын алу бағытында медицина, өрт қызметтері, ішкі істер органдарымен бірлесіп шара қабылданады. Сонымен бірге кешті ұйымдастыру үшін ана-аналардан ақша жинамау, ата-аналар тарапынан мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлықтар беруге қатаң тыйым салынады. Салтанатты шараларды мектептің қолда бар мүмкіндігімен ұйымдастыру керектігі ескертіледі. Сондай-ақ табиғат аясына серуендеуге, өзен-көлдерге, шағын су алаптарына суға түсуіне де тыйым салынған. Бұл ретте төтенше жағдай бөлімімен бірлесіп кезекшілік ұйымдастыру, бітірушілер, ата-аналар және педагогтар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын қамқоршылық кеңес мүшелерімен бірлесіп белсенді түрде жүргізу керек, – деді бөлім басшысы.
Бөлім басшысы айтқан талаптар бұйрықта нақты көрсетілген. Сондықтан соңғы қоңырау кеші талапқа сай ұйымдастырылады. Ал бітіру кешін өткізуге мүлде тыйым салынған.
Әлеуметтік желіде бұл жаңалықты қолдаушылардың қарасы қалың. Расымен, мектеп бітіру кеші жастар үшін есте қаларлық қуанышты сәт болғанымен, шараның ойдағыдай өтуі, оқушылардың қауіпсіздігі мұғалімдерге де, ата-анаға да үлкен жауапкершілік жүктейді. Баласы үшін барын аямайтын ата-ана қарызданса да қатарынан қалдырмауға тырысады. Осылайша, күні бүгінге дейін мектеп бітіру ата-аналар үшін әрі қуаныш, әрі уайымға айналған.
– Осыдан 10 жыл бұрын қызым мектеп бітірді. Ол кезде де мектеп бітіру кешін өткізуге, мейрамханада атап өтуге тыйым салынған-ды. Бірақ ата-анасының қадағалауымен тойлауға рұқсат ететін. Кешке киетін киіміне, ұстаздарға сыйлығына әжептәуір қаржы жұмсалды. Екі жыл бұрын ұлым мектеп бітірді. Карантиннен кейінгі кезең болғандықтан тек соңғы қоңырау салтанаты өтті. Бітіру кештерін дүркіретіп атап өтпесек те ол кезде де біршама қаржы жұмсағаным есімде. Жалпы балаң мектеп бітіреді дегеннен ақша жинап отырасың. Қанша тыйым салу болса да қаржысыз болмайды. Енді биыл бітіру кеші атап өтілмейді дейді. Сыйлық беруге тағы да басқа шараларды өткізуге тыйым салынған. Бұл нақты іске асса, құба-құп болар еді. Өз басым мұны қолдаймын. Бір жалақыға күн көріп отырған ата-ана үшін бұл үлкен көмек болар еді, – дейді Жәмила есімді ата-ана.
Оқушы кезең қайта келмес шақ. Өмірде бір-ақ рет алтын ұя табалдырығын аттап, түлеп ұшасың. Он бір жыл бір сыныпта білім алған достарың да арман қуып жан-жаққа кетеді. Әрі қарай әркім өз тіршілік ағынымен алыстай береді. Сондықтан түлектер сыныптастармен өткізетін соңғы бітіру кешін ойдағыдай атап өткенді қалайды. Десе де талап орындалуы тиіс.
– Биыл он бір жыл тәлім алған түлектерімді қанат қақтырғалы отырмын. Олардың әрқайсысының асқақ арманы, ойлаған мақсаты бар. Еліміздің болашағы – осы білімді балаларымыз. Олардың мектеп қабырғасынан аман-есен түлеп ұшқанын кез келген ұстаз, сынып жетекшісі қалайды деп ойлаймын. Биыл жылдағыдай – мектеп бітіру кешін атап өтуге тыйым салынды. Бұл өте дұрыс шешім. Әсіресе балалардың қауіпсіздігі үшін қажет. Қазіргі таңда ата-аналарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі ұрпақ білімді, көзі ашық. Сондықтан бұған көңілі түспейді деп ойлаймын, – дейді Ж.Махамбетов атындағы №43 орта мектебінің мұғалімі Анар Күзембаева.
Үлкен өмірге қадам бастым деп қызықтың жетегіне еріп, оқыс жағдайға ұшырағандар бар. Иә, мектеп бітіру кеші оқушылардың бірінің өмірін қиып, бірінің тағдырын тәлкек еткен оқиғалар жетерлік. Осыдан біраз уақыт бұрын Талдықорған мен Маңғыстау қаласының бітіруші түлектері мінген көлік апатқа ұшырап, оқушылардың өміріне қауіп төнген оқиғаны жұртшылық ұмыта қойған жоқ. Жеңіл көлікпен серуенге шыққан оқушылардың өмірі әп-сәтте астаң-кестең болған-ды. Мұндай оқиғалар кім-кімге де сабақ болуы тиіс.
Арман қуып, жаңа өмірге қадам басқалы тұрған сәтте әрбір өреннің сол арманы аласармаса екен дейсің. Ұстаздың да, ата-ананың да қалауы сол.
Айдана СЕЙІЛ
Сурет: uralskweek
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!