А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде ұстаздарға арналған «Ұстаз ұлық емес, ұлы қызмет» атты салтанатты кеш өтті.
Салтанатты шараға қатысқан қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді.
– Ұлағатты ұстаздарымыз шәкірттеріне кенен ғылым мен кемел білімнің дәнін себуде. Қажырлы еңбектеріңіздің жемісі – оқушыларымыз республикалық, облыстық деңгейдегі сайыстардан жүлделі орындардан көрініп, түрлі байқау-жоба жарыстарынан жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Сонымен қатар мектеп ұжымдары әрдайым қоғамдық іс-шараларға да аянбай атсалысып, барлық салада белсенділік танытуда.
Мектептің жаны да, жүрегі де, тірегі де – мұғалім. Сондықтан еліміздің келешегі сіздердің қолдарыңызда! Тәуелсіз мемлекетіміздің әлеуетін арттырып, атын әлемге танытатын білімді де, талантты шәкірттеріңіз көбейе берсін. Ұстаздық ұлы қасиет әркімге берілмейді. Ұстаздарға қандай құрмет көрсетсе де артық емес. Жыл сайын мұғалім мәртебесі көтеріліп, жалақыны 100 пайызға көтеру жоспарланып отыр. Бұл ұстаздардың әлеуметтік жағдайын көтеруге жасалған мүмкіндік. Сыр елінде де мұғалімдерге ерекше құрмет көрсетіліп келеді, – деді Ақзира Бақтыбайқызы.
Мерекелік шарада мерейлі жасқа келген ардагер-ұстаздарға шаһар басшысының арнайы құттықтау хаты табысталып, сый-құрмет көрсетті.
Сонымен қатар қала ұстаздары ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Құрмет» грамотасы және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Солардың қатарында Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейдің ағылшың тілі пәні мұғалімі Айнұр Амангелдіқызы да бар.
– Мерекеге орай ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен марапатталдым. 20 жылдан бері ұстаздық жолында қызмет етіп келемін. Қазіргі таңда оқушыларым түрлі байқаулар мен олимпиадалардың жүлдегері атанып жүр. Шәкірттерімді мақтан етемін. Әріптестерімді ұстаздар күнімен құттықтаймын, – дейді ол.
Мұғалімдер марапаты мұнымен шектелмеді. Педагогтердің қоғамдағы мәртебесін және беделін арттыру, үздік мұғалімдердің озық педагогикалық іс-тәжірибесін тарату мақсатында 2012 жылдан бастап республикалық «Үздік педагог» конкурсы өткізіліп келеді. Мерекелік шарада «Үздік педагог» атанған 10 ұстазға қала әкімінің 150 мың теңге ақшалай сыйақысы табысталды. Ал қалалық «Үздік педагог» байқауы І кезеңінің жеңімпаздарына ноутбук берілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!