Аскаридоз – бұл гельминтоздар тобындағы нематодтар, яғни дөңгелек құрттар – аскаридтер тудыратын ауру. Аталған дерт тыныс алу жолдарының зақымдалуымен және аллергиялық реакциялармен бірге жүреді. Аскаридтер барлық жерде кездеседі. Аурудың негізгі көзі – науқас адам, ол нәжіспен бірге сыртқы ортаға аскарид жұмыртқаларын шығарады, нәтижесінде қолайлы жағдайларда жетілген құрттар пайда болады.
2024 жылы Қызылорда облысында аскаридоздың 2 жағдайы анықталды. Науқастармен байланыста болған адамдар медициналық бақылаумен қамтылып, ауру ошақтарында эпидемиологиялық алдын алу шаралары жүргізілді.
Көп жағдайда аурудың негізгі себебі жеке бас гигиенасы қағидаларын бұзу болып табылады. Жуылмаған көкөністер мен жемістерді тұтынған кезде аскарид жұмыртқасы ағзаға енеді, одан құрттар жетіліп шығады, ол бүкіл денеге қан тамырлары арқылы таралады. Әрі қарай инфекцияның қайталама фазасы пайда болады және аскаридтердің ішек пен бүкіл денеде үздіксіз қозғалу циклі басталады.
Аскаридоздың белгілері – түшкіру, жөтел, терідегі бөртпелер, сондай-ақ мұрын мен тыныс жолдарының қышуы арқылы байқалуы мүмкін.
Аскаридоздың асқынуларына ішектің бітелуі, перитонит, аппендицит, холангит, гепатит, механикалық сарғаю, панкреатит және іш қуысының абсцесі жатады.
Аскаридоздың алдын алу, ең алдымен, жеке бас гигиенасы қағидаларын сақтау болып табылады. Олар: тамақтанар алдында қолды сабындап жуу және көкөністер мен жемістерді тұтынбас бұрын мұқият тазалау. Сырқаттанушылықты болдырмаудың маңызды бөлімі топырақты нәжіспен ластанудан қорғау үшін елді мекендерді санитариялық абаттандыру болып табылады. Бұл сақтық шаралары қарапайым, дегенмен аурудың алдын алуда маңызды болып табылады. Оларды бұлжытпай орындау арқылы аскаридтердің ағзаға түсуінен қорғана аласыз.
Әлия Әбдіқайымова
Қызылорда облысының
СЭБД басшысының орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!