Жұма, 19 сәуiр, 23:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Бұлбұл әнші, қаһарман ару

09.01.2021

2899 0

Жақында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы аты аңызға айналған қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың есімін ұлықтауды тапсырды.

«2022 жылдың 1 қаңтарында қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толады. Майдан даласында ән салған Р.Бағланова қазіргі күнге дейін еліміздегі және шетелдегі ән сүйер қауым арасында кеңінен танымал. Оның есімін мәңгі есте сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырдым» – деп жазды мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасында.

Сыр өңірінде туған күміс көмей әнші мұндай құрметтің жүзіне лайық екені анық. Өмірінің бойжеткен шағы ашаршылық, аласапыран уақытпен тұспа-тұс келген әнші ел мен жер үшін қызмет етті. Тіпті Ұлы Отан соғысы кезінде сарбаздарды жігерлендіру үшін майдан даласында ән шырқауы да нағыз ерлік.

Кішкентай Розаның әнші болуына әжесі мен анасы бірден-бір себепкер. Жоғары білімі болмаса да кішкентай қызға халық әндерін жаттатқызған әже мен ана еңбегі еш кетпеді. Роза Бағланова өнер жолын Өзбекстан елінің сахнасында бастады. Ол бұл туралы өз естеліктерінде былай деп жазады:

– Үй тірлігін жасап жүргенімде ән салатын әдетім бар еді. Әлі есімде, есіктің алдын сыпырып жүріп әндеткен қыздың даусын естіп, өзбек филармониясының директоры «Ән айтқан кім?» деп іздеп келді. Менің әншілік өмір жолымды, бағымды ашқан сол Кари Якупов әка еді. Содан Кари әканың көмегімен Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде әнші болдым. Одан соң 1941 жылы Москва консерваториясына жолдама алғанымда соғыс басталып кетті, – дейді әнші өзінің бір сұхбатында.

Ансамбльмен әнші майдан даласында өнер көрсетіп, 1945 жылы Берлиндегі жеңіс концертінде ән шырқайды. Өзбекстан атынан талай сахнада ән шырқаған қазақ қызының елге оралуы да бір оқиға. Белгілі ақын Жұбан Молдағалиев қаршадай қазақ қызының елге келуіне көп еңбек етеді.

Ол кезде Жұбан Молдағалиев Мәскеудегі Жоғарғы партия мектебінде оқып жүрген. Кейін бұлбұл әнші ақынның қолдауымен 1949 жылы елге оралады. Одан кейін де Ж.Молдағалиев қазақ қызына қамқорлық көрсетіп, Будапештте өткен ән жарысына Розаны өзі апарған екен.

Өнерімен қалың көрерменнің ықыласына бөленген әнші қыз талай конкурста жеңімпаз атанған. Оның ішінде Бухарестте өткен жастар мен студенттердің ІІ Бүкілдүниежүзілік фестивалінде «Ах, Самара, городок» әнін шырқап, лауреат атануы КСРО-ның атағын асырды. Сондай-ақ ол 1946 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық эстрада әншілерінің ІІ-конкурсының дипломанты атанды.

Әнші қыздың артынан айтылған ауыр сөздер, алып-қашпа әңгімелер де аз болмаған. Алайда соның ішінде пластикалық операция туралы сөздер оның жанына қатты ауыр тиді.

«1944 жылы жауынгерлерге концерт қойып жүргенде, майдан даласында бетімді снарядтың жарықшағы жанып өтіп, көзіме зақым келді. 1979 жылы екі көзім бірдей көрмей қалды. Сол жылы Павлодар қаласындағы жоспарлы концертімнен де қалмадым. Сахнаға жетектеп шыққан адамдар куә. Алдымен Жаратқанның, содан соң дәрігерлердің құдыретімен жанарымды сақтап қалдым. Көпшілікке топырақ шаша алмайсың, көзін әдемілеймін деп пластикалық ота жасатып, соқыр бола жаздапты деп жұрт гуілдеп жүр енді», – деп ренжіген еді бұлбұл әнші бір кездері.

Шығармашылық жолында әншінің алған марапаттары бір төбе. Ол «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Құрмет белгісі» және Қазақстан  Республикасының Халық қаһарманы атанды. Әнші туралы «Первая Роза» мен «Ах, Самара, городок» атты көркем фильмдер түсірілген. Халық қаһарманының ұзақ жылдық еңбегі еленіп, «Тарлан» қоғамдық және «Дәнекер» халықаралық сыйлығын иеленді. Кезекті гастрольдік сапарында Елизавета патшайым орыс қыздарын елемей, бірден Бағлановаға қарай тартып тұрады. «Қазақ әйелдерінің киген киіміне қарап-ақ олардың қандай халық болғанын тануға болады. Бұл киім байлық пен талғамды аңғартады», – депті патшайым әншіге. Міне, осылайша бұлбұл қыз өзінің өнерімен ғана емес, ұлтына деген сүйіспеншілігі мен көрерменнің ықыласына бөленіп, талайды талантымен таңдандырған. 

Ол Абай атындағы Қазақ опера және балет театрында әнші болып, Жамбыл атындағы республикалық филармонияның солисі қызметтерін атқарды. Кейін 1960 жылдан бастап «Қазақконцерттің» әнші-солисі, жетекші сахна шебері болып еңбек етті. Күміс көмей әнші 2011 жылдың 8 ақпанында 89 жасында дүниеден өтті.

Туған жері Қазалы ауданында Роза Бағланованың ескерткіш-бюсті бар. Сонымен қатар мұражайы және есімі берілген көше бар. Әйтеке би ауданындағы орталық көше мен мәдениет үйіне әншінің аты берілген. Онымен қоса бүгінде «Ақмаңдайлым» атты Роза Бағланова атындағы республикалық әншілер конкурсы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

Есімі халық есінде мәңгі сақталып, төл өнердің маңдайалды майталманы атанды. Сол себептен аңызға айналған қазақтың бұлбұл әншісін ұлықтап, есімін күллі әлемге танытуымыз қажет. Елі үшін еңбек еткен жан құрметке бөленуі, есімі еленуі керек.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: