Бейсенбі, 13 ақпан, 04:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№11,2124
11.02.2025
PDF мұрағаты

Аға салған сара жол

04.02.2025

91 0

«Арғымақ аттың бақыты тұяғында­ғы тағасында, азамат ердің бақыты алдындағы ағасында», – деп бекер айтылмаса керек.

Тәуелсіз мемлекеттің қуатты күшке айналып, мәңгілік ел болып қалыптасуы жолында іргетасының берік болып қалануы үшін, сол елдің ішкі әлеуметтік экономикалық жағдайының мықты болуына үлес қосатын тау тұлғалы елдің азаматтары болады. Дамыған 50 елдің қатарында тұрақтап ілгері қадам басуына себеп болып, елдің әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеріп, кәсіптік білімнің дамуына еңбек етіп, өзіндік  үлесін қосып кеткен арда азаматтарымыз аз емес.  Іргесі мызғымас мәңгілік елдің тұғырының биік болуына үлес қосқан азаматтардың бірі де, бірегейі деп, кәсіптік сала  ардагері, ұлағатты  ұстаз, Сыр елінің құрметті азаматы Сексенәлі Раханов  ағамызды айтар едік.

Қаратаудың бөктерінде өмірге келіп, саналы ғұмырын Сыр елінің дамуына арнаған, тегіне үңілсек текті аталардың ұрпағы, бастауын тау мұздықтары мен кәусар бұлақтардан  алған Ақүйік өзенінің суынан нәр алып, тау самалымен жарысып, ат жалын тартып ер жеткен, азаматтығы өз алдына бір бөлек, өз ісінің маманы, зейнет жасына дейін кәсіптік білім ордасында басшылық қызмет еткен Сексенәлі Раханов ағамыздың өмір жолы кейінгі буынға үлгі. Қамшының сабындай бес күн жалған өмірде әрбір адамды өзінің ерекше мінез, тұлға-бейнесімен ерекшелендіріп, құрмет­тетіп тұратын бір кісілігі болады. Сексенәлі ағамыздың ізін басып келе жатқан біздер үшін ол туралығымен дара еді. Cәксенәлі ағамен Қызылорда қаласына 1996 жылы арман қуып оқуға келгенде танысып, сыйластығымыз арта түсті. Оған дейін ауыл ақсақалдарынан Сексенәлі ағамыздың елге жасаған игі істерін, ауылдан шыққан азаматтарға көмек қолын созып, бағыт-бағдар беріп игі шараларды атқарып, басы-қасында жүретінін естуші едік. Өмірінің соңғы жылдарында Бірлік ауылының 90 жылдығын өткіземіз деп, денсаулығы сыр беріп жүрсе де Әметхан ағамыз екеуі облыстық мұрағатты ақтарып Бірлік ауылы жайлы кітап шығару үшін тың деректерді қосып, үлкен еңбек жасап еді. Пандемияның салдарынан ауылдың 90 жылдығы кейінге шегерілді, қазіргі таңда сол кітап жарыққа шығуға дайын тұр. Жастардың кәсіптік біліммен сусындап, өмір белесінде қанаты талмай оза шабуына жол ашқан Сексенәлі ағамыздың 77 жасында өмірден озуы балаларына, бауырларына, ағайын-туысқа оңай болмады. Әлі де жас ұрпаққа берер тағылымы мол қоғам қайраткері, Сыр елінің ардақты ағасы  еді. Жас ұрпақтың білікті маман, тәрбиелі болып қалыптасуына үлес қосқан Сексенәлі ағамыз тірі болса, биыл 80 жасқа келер еді. Ағамыздың өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі. Тау тұлғалы азаматтың елге еткен еңбегі, айналасына қамқорлығы, жайдары мінезі мен адамгершілік қасиеті туралы айтып тауыса алмаспыз, жылы естеліктер жүрегімізде сақталады.

Мұрат НАҚЫПОВ,

ForteBank АҚ Қызылорда филиалының басқарма басшысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: