2026 жылғы наурыз айында Қазақстанда тұтыну бағаларының айлық индексі жоғары. Бұл бағаның жалпы өсу үрдісі сақталғанын білдіреді. Азық-түлік тауарлары 0,7%-ға, ақылы қызметтер 0,6%-ға, азық-түлік емес тауарлар 0,5%-ға қымбаттаған.
Азық-түлік нарығында бағаның өсуі ауқымды сипат алды. Ең жоғары өсім банан бағасында 5,4%-ға байқалады. Алма мен жүзім 4,3%-ға, сәбіз бен қызылша 4,2%, лимон 3,1%-ға өскен. Сонымен қатар сүзбе, жұмыртқа, айран және картоп бағасы 2,3%-ға, қант 2,2%-ға, ал сүт өнімдері мен ет өнімдерінде 1-2% аралығында өсім байқалды.
Қызмет көрсету секторында да баға өсті. Әуе көлігі қызметтері 6,6%-ға, бассейн қызметтері 3,3%-ға, шаштараз және жеке қызметтер 1,9%-ға, медициналық зертханалар 1,6%-ға қымбаттады. Байланыс және стоматологиялық қызметтер бойынша да 1-1,2% деңгейінде өсім тіркелген. Ал азық-түлік емес тауарлар сегментінде кір жуатын машиналар 8,4%-ға қымбаттаса, блендерлер 5,7 пайыз, алтын сақиналар 5,5%-ға өскен.
2026 жылдың көктемінде Қызылорда облысы бойынша жүргізілген баға мониторингі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бір бөлігінде баға өскенін байқаған. 2025 жылғы 11 желтоқсан мен 2026 жылғы 17 сәуір аралығындағы салыстырмалы талдау нәтижесінде тауық жұмыртқасы, қырыққабат, басты пияз, сәбіз және картоп сияқты күнделікті тұтынатын көкөніс өнімдерінің бағасы өскен. Маусымдық факторлармен қатар жеткізу және нарықтық сұраныс қысымымен жұмыртқа бағасы 6-8 теңгеге дейін өссе, көкөніс өнімдерінде 10-80 теңге аралығында өзгеріс байқалған.
Сонымен қатар кейбір өнімдерде баға тұрақтылығы байқалды. Нан, ас тұзы, қант және бірқатар ет өнімдерінің бағасы тұрақты. Талдау нәтижесі бойынша облыста азық-түлік нарығы тұрақты болғанымен, жекелеген өнім топтарында инфляциялық қысым сақталып отыр. Әсіресе көкөніс өнімдері мен жұмыртқа сегментінде баға өсімі айқын байқалады, ал негізгі әлеуметтік маңызы бар кейбір тауарлар мемлекеттік реттеу есебінен тұрақты деңгейде қалып отыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!