Ақ халатты абзал жан дегенде мамандығына барынша берілген, адамның тәні мен жанын қоса емдейтін білікті дәрігер көз алдыңа келеді. Оның үстіне ол аяулы дәрігер ана деген асыл жандарға қуаныш сыйлап, іңгәлап дүние есігін ашатын нәрестелерді алғаш ыстық алақанымен аялап, ана құшағына ұсынып, ақ жаулықтылардың өміріне жаңалық әкелетін жан болса, ол мамандық иесіне қандай құрмет көрсетсең да жарасымды.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Алтынкүл Төлепбергенқызы – бүкіл өмірінің шұғылалы сәттерін денсаулық саласының гүлденуіне, ана мен бала саулығына, ұрпақ пен ұлттың көбею жолында тынымсыз еңбек еткен білікті дәрігер. Дауылкөл ауылдық кеңесінде 1951 жылы 5 қазанда дүниеге келген. Тұлымшағы желбіреген жас қыз онжылдықты бітірісімен бала арманын қанат қылып, өзінің жүрек қалауымен дәрігерлікті таңдаған. Осылайша ол 1970 жылы Ақтөбе қаласындағы медицина институтына түсіп, армандаған мамандығының тереңіне бойлайды. Еңбек жолын Қармақшы аудандық емханасында дәрігер болып бастап, әйелдер кеңесі, перзентхана, гинекология бөлімдерінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарады.
Иә, осынау өмір тармағында кейбір жандардың пешенесіне осындай жоғары бақ пен биік абырой бұйырады. Бірақ оның бәрі әсте ерен еңбек, жоғары жауапкершілік, өз мамандығына деген құрметпен келеді. Өзі еселі еңбек еткен жылдары ақ халатты мейірімді жан талай нәрестенің кіндік анасы болып, көптің ыстық ықыласы мен батасын алған. Сол аналардың лебізін тыңдау да бір ғанибет!
Әсем Мерекова, дәрігердің шәкірті: «Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Өзінің өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет бола білген жан ол – Алтынкүл Төлепбергенқызы. Менің денсаулық саласындағы ұстазым. Қармақшы ауданының көптеген балаларының кіндік анасы, акушер-гинекологтардың ардақты ұстазы, ақылшы, сыртта жүрсе де акушерлік салаға тілеуші, тілекші. Құлаған жанды жылы сөзімен демей білетін, аналық ақылын айта білетін сондай ақкөңіл, ақжарқын, маған акушер саласының әліппесін үйреткен, қызығушылығымды арттырған, тұлға болуға баулыған ерекше жан. Осынау жылдар ішінде өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, бүгінде өркен жайған алып бәйтеректей болып, үлкен әулеттің ақылшысы, тілекшісі, алтын діңгегі болып отыр, – дейді ол.
Кіндік шеше болған талай сәбиге,
Жылу сыйлап әр анаға , әр үйге.
Еңбегіңіз елеулі ғой, Жан апа,
Қадіріңіз бағалы ғой әрине.
Ақ халатың ақ жүзіңе жарасып,
Ақ тілекпен жаңа өмірге жол ашып.
Алақанда аяладың сәбиді,
Мейірімге толып көзде қарашық.
Нәрестеде алақанның табы бар,
Аналар көп сізге ағынан жарылар.
Ұлың да бар,қызың да бар немерең,
Шаттанғанда айналаңнан табылар,– деген өлең жолдары өзі босандырған әйелдің шынайы алғысы екен. Халықтың риясыз көңілінен шыққан ақ батасы қабыл болып, Алтынкүл апамыз бүгінде құрметті еңбек демалысына абыроймен шығып, үлкен әулеттің отанасы, әзиз әжесі болып, жолдасы Ибракім Тасқараев екеуі 4 перзент тәрбиелеп, одан немере сүйіп, ұлағатты ошақтың түтінін түтетіп отыр. Отағасы Ибракім аға инженер-гидротехник, эколог, «ҚР Қоршаған ортаны қорғау саласының үздігі», «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы». Ел ардақтысы, алтын қолды дәрігер Алтынкүл Төлепбергенқызының медицина саласында ұзақ жылдар еткен еселі еңбегі жоғары бағаланып, ол аудандық, облыстық, республикалық денсаулық сақтау саласының мақтау грамоталарымен, Қармақшы ауданы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталып, 2011 жылы «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласының үздігі» белгісін өңіріне тақты. Облыстық перинаталды орталығының 80 жылдығының мерекелік медалін иеленді. Дәрігердің алақанының жылуын сезініп, өмірдің алтын қақпасын ашқан әрбір сәби мен ана өз ісінің шебері, мейірімді жанға өздерінің жүрек түкпіріндегі алғаусыз алғысын жеткізуде. Бәлкім дәрігер бақыты деген осы болар!
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!