Қазіргі таңда ұрпақ тәрбиесіндегі әкенің орны әлсіреп бара жатқандай. Тал бесіктен басталатын тәрбиенің тізгіні және отбасындағы құндылық әлеуметтік желіге байланғандай. Сол үшін де бүгінгі ата-ана балаға беретін ізгілік қасиетті алдымен өз бойына дарытып, отбасы құндылығын санасына сіңіруі қажет. Бұл бүгінде өзекті мәселеге айналды. Елімізде әкелердің бала тәрбиесіне белсенді қатысуы, жауапты әке бола білуі және болашақта саналы әке, азамат тәрбиелеуді насихаттау мақсатында «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Осы орайда отбасындағы және бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі тақырыбында Қызылорда облысы бойынша «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Ержан Ескендірұлымен әңгімелескен едік.
– «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі қашан құрылды. Өзінің орнын қалыптастырып үлгерді ме?
«Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі әке институтының қоғамдағы рөлін арттыру, отбасы құндылықтарын насихаттау, бала тәрбиесіне әкелердің белсенді қатысуын қалыптастыру мақсатында құрылды. «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі 2012 жылдан бастап ашылып, жұмыс істеуде. Ал, біздің өңірімізде 2023 жылдың маусым айында қолға алынып, ресми түрде қыркүйек айынан бастап тіркелді. Бүгінде ұйым өз бағытын айқындап, қоғамнан өз орнын қалыптастырып келеді. Әкелердің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыруға бағытталған көптеген жұмыстар атқарылуда.
– Бүгінде әке институтының қоғамдағы рөлін қалай бағалайсыз?
– Әке институты – қоғамның берік іргетасы. Әке – тек отбасының асыраушысы ғана емес, баланың өмірлік жолын қалыптастыратын тұлға, ақылшысы, қорғаушысы. Әкенің бір ауыз сөзі, бір әрекеті баланың болашағына үлкен әсер етеді. Сондықтан әкенің бала тәрбиесіндегі орны әрқашан ерекше.
– Әке мен бала арасындағы байланыс неге әлсіреп бере жатыр?
– Қазіргі заманда уақыт тапшылығы, технологияға тәуелділік, өмір ырғағының өзгеруі отбасы қарым-қатынасына әсер етуде. Бірақ баланың әкеге деген қажеттілігі ешқашан өзгермейді. Балаға ең керегі – әкесінің уақыты, мейірімі, қолдауы және өмірлік үлгісі. Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы мәдени құндылықтары қалыптасады. Ата-бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, тәрбиелесе, қыз баланы болашақ ана, отбасының ұйытқысы, ағайынның берекесін келтіретін даналыққа баулыған. Жалпы әке мен бала арасындағы байланыстың беки түсуіне отбасында ананың да қосатын үлесі аз емес. Мысалы, Құнанбай мен Абай арасындағы ғажайып байланыс баршаға мәлім. Құнанбайдай әкенің сыншылдығы мен қаталдығының өзінен балаға деген мейірім көрінеді. Ал жас Абай оқудан ауылына келгенде әуелі анасы Ұлжанға амандаспақ болғанда, Ұлжан ананың баласына әкесі Құнанбаймен бірінші амандасуы керектігін айтуы да үлкен тәрбиенің белгісі.
– «Әкелер одағы» өңірдегі мектептермен және басқа мекемелермен қандай жобаларды жүзеге асырып келеді?
– 2023 жылы осы мереке қарсаңында республикалық «Әкелер Одағының» Қызылорда облысы бойынша филиалын ашып, жұмысымызды бастадық. Алдымен іс-шаралар жоспарымызды бекітіп, соған сәйкес жұмысымызды жүргізіп келеміз.
Өңірімізде алғаш бірлестік ашылған жылы облыстық «Әкелер форумын» ұйымдастырдық. Оған облысымыздан 300-ге жуық белсенді әкелер балаларымен бірге қатысты. Форумда ұлттық құндылықтар дәріптеліп, ұлттық ойындар асық ату, ат ерттеу, садақ ату, зергерлік бұйымдар жасау т.б. ер балаларға арналған танымдық шаралармен қатар, әкелерді қоғамдық жұмыстарға, оқу орындарының тәрбие жұмыстарына араласуға шақыруға бағытталды. Одан бөлек, 2024 жылы респубикалық форум да Сыр өңірінде өтті. 2024 жылдан бастап аймақтағы барлық мектептерде «Әкелер кеңесі» құрылды және төрағалары сайланды. Сол себептен біз мектептермен бірлесіп, әкелердің бала тәрбиесіне белсенді араласуын арттыруға бағытталған кездесулер, тәрбиелік шаралар, әкелер кеңестері сияқты жұмыстарды жүргізіп келеміз. Басты мақсатымыз – «тәрбие тек мектептің немесе ананың міндеті емес, ол – ортақ жауапкершілік» деген түсінікті қалыптастыру. Қызылорда облысының прокуратурасы мен азаматтық қоғам өкілдері өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Кеңес тұрақты түрде қайрымдылық шараларға да қатысуда. Мерекелер мен балалар күнінде ерекше күтімді қажет ететін балаларға мерекелік дастархан дайындап, мерекелік шара ұйымдастырылып, арнайы сыйлықтар табыстаймыз.
Білім додаларында оза шауып жүрген балаларымызға да демеу жасап, қолдау көрсетілуде. Ерекше атап өткім келетіні, «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы тәрбиеленушілерінің қатысуымен өтетін шаралар. Әке мен ана мейіріміне зәру бүлдіршіндеріміздің арасына барып оларға қуаныш сыйлау өте өзгеше сезім деп айтсам болады.
Әкелердің қатысуымен Эстафеталық сайыстар ұйымдастыру, кинотетрға апару, мерекелерде барып құттықтау сынды шаралар тұрақты жүргізіледі.
«Әкелер одағы» Аналар күнінде де аналарымызға құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырды. облыс әкімінің жанындағы Отбасы комиссиясымен бірлесіп, айтулы күні сәбиін дүниеге әкеліп жатқан аналарды құттықтап, арнайы сыйлықтар табыстадық.
Жалпы Қызылорда облысында «Әкелер одағы» мен жергілікті әкімдіктер, құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен тығыз байланыс орнатылған. Облыс әкімі жанындағы отбасы комиссиясы, «Аналар» кеңесі, «Әйелдер» кеңесі бір бағытта жұмыс істейміз. Себебі барлығымыздың мақсатымыз бір – ұрпақ тәрбиесіне бағытталған.
– Отбасындағы әкенің беделі мен орнының әлсіреуіне қандай факторлар әсер етуде деп ойлайсыз? – Әкенің беделі ең алдымен оның отбасындағы әрекетімен қалыптасады. Бала әкесінің сөзін ғана емес, ісін де қайталайды. Сондықтан әрбір әке баласына дұрыс бағыт беріп, отбасы алдындағы жауапкершілігін сезінуі керек.
– Ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді дәріптеуде әкенің рөлі қаншалықты маңызды?
Әке – ұрпақ сабақтастығын жалғастырушы тұлға. Біздің ұлттық тәрбиемізде әкенің орны ерекше болған. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, елге қызмет ету сияқты қасиеттер бала бойына ең алдымен әкенің үлгісі арқылы сіңеді.
Ұлы ақын, хакім Абай мен оның әкесі – аға сұлтан, дала Шекспирі атанған Құнанбай Өскенбайұлының арасындағы қарым-қатынас ұрпақ сабақтастығының, әке тәрбиесі мен бала парасатының ең биік шыңы. Олардың өмірінен алынған мына бір қысқа, бірақ мағынасы терең тарихи әңгіме әкенің баланы тануы мен баланың әкеге деген құрметін керемет сипаттайды. Абай есейіп, ел ісіне араласып, шешендігімен де, әділдігімен өзінің даналығын таныта бастаған шағы болса керек. Бірде үлкен бір жиында, ел ағалары бас қосқан мәжілісте жас Абай әкесі Құнанбайға қарап, қалжың аралас бір сұрақ қояды: – Әке, халқымызда «Әкеден бала ширек кем туады» деген сөз бар еді. Осы сөздің өтірік екеніне менің көзім жеткен сияқты, – дейді. Құнанбай баласының астарлы сөзін бірден түсініп, сабырмен:
– Неге, балам? Олай деуіңе не негіз бар? – деп сұрайды. Сонда Абай өзінің білімдарлығы мен халық арасындағы беделін меңзеп:
– Өйткені, әке, мен сенен артық туған сияқтымын. Менің білімім де, абыройым да сенен кем емес, – деп жауап береді.
Мәжілісте отырған жұрт Құнанбайдың қатал мінезін білетін еді. «Аға сұлтан мына сөзге ашуланып қалама?» деп бәрі демдерін ішіне тартып, тына қалады. Сонда көреген Құнанбай ұлына жылы ұшырай қарап, бүкіл елге сабақ боларлық мынадай тарихи жауап беріпті:
– Ей, балам, айтқаның жөн-ақ болсын. Егер сен өзіңнен артық бала туғыза алсаң, онда шынымен де менен артық болғаның. Бірақ ұмытпа, өзімнен артық бала тәрбиелеген мен сенен бәрібір артықпын, – деген екен.
Бұл сөзді естігенде Абай әкесінің данышпандығы мен көрегендігіне тағы да бас иіп, уәжге тоқтаған екен.
Бұл қысқа диалог әрбір әкенің басты мақсаты – өзінен озған, еліне пайдалы, білімді ұрпақ тәрбиелеу екенін көрсетеді. Бала қанша жерден биікке шықса да, сол шыңға шығуға негіз қалаған, бойына тектілік пен тәрбиені сіңірген – әке екенін ұмытпауы тиіс.
– «Бір әке – бір отбасының тірегі ғана емес, тұтас қоғамның тәрбиешісі» деген пікірмен келісесізбе?
– Толық келісемін. Себебі әрбір әке өз баласының ғана емес, келешек ұрпақтың тәрбиесіне үлес қосады. Отбасында дұрыс тәрбие алған бала – ертең қоғамға пайдасын тигізетін азамат болады. Ана балаға мейірім мен ішкі жан дүние тұрақтылығын берсе, әке – оның сыртқы әлеммен, қоғаммен қарым-қатынасын қалыптастырады. Бала әкесіне қарап үлкенді сыйлауды, сөзінде тұруды, әлсіздерді қорғауды үйренеді. Әкесінің қоғамдық белсенділігін, еңбекқорлығын көріп өскен бала ертең өзі де еңбекке адал, мемлекетшіл азамат болады.
– Алдағы уақытта «Әкелер одағы» қандай жаңа жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Тек іс-шара өткізумен әкенің қоғамдағы орнын қалыптастыра аламызба?
– Әрине, тек іс-шарамен шектелу жеткіліксіз. Негізгі мақсат – әкенің бала өміріндегі тұрақты орнын қалыптастыру. Алдағы уақытта әкелерді біріктіретін, отбасы құндылықтарын нығайтатын, жас әкелерге бағыт-бағдар беретін жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.
– Әкелер күнін атап өтудің маңыздылығы жөнінде не айтар едіңіз?
– Әкелер күні – әкеге құрмет көрсететін ғана емес, әкелік жауапкершіліктің маңызын түсіндіретін ерекше күн. Бұл – әрбір әкеге «менің баламның тәрбиесінде менің орным қандай?» деген сұраққа жауап беретін мүмкіндік. Әкесі өнегелі отбасы – болашағы берік қоғамның негізі.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Айтолқын БАТЫРБАҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!