Сейсенбі, 28 сәуiр, 01:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2243)
28.04.2026
PDF мұрағаты

«Ауыл аманаты»: Кәсіпке қолдау

28.04.2026

38 0

Түсінгенге табыс көзі кәсіпте. Бүгінде кәсіппен айналысқысы келетіндердің қатары артты. Себебі мемлекеттен қолдау бар. Мәселен, «AMANAT» партиясының Үкіметпен бірлесіп іске қосқан «Ауыл аманаты» жобасы кәсіпкерлерге үлкен қолдау болды.

Бұл – Мемлекет басшысының «Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында қолға алынған бастама. Бұл жоба бойынша қалаға қарасты ауылдар мен кенттерде көптеген кәсіп ашылды. Атап айтқанда, 2025 жылы қалаға қарасты кент және ауылдық округтерде жалпы құны 359,5 млн теңгені құрайтын 46 жоба қаржыландырылып, өз жұмысын бастаған. Оның ішінде 32 жоба 220,9 млн теңгеге 2024 жылдың қаржысы есебінен жүзеге асырылса, қалған 14 жоба 138,6 млн теңгеге 2025 жылға бөлінген қаражат аясында іске асырылды. Бұл көрсеткіш ауыл кәсіпкерлігінің жылдан-жылға да­мып келе жатқанын аңғартады. Ал 2026 жылға арналған жоспар одан да ауқымды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 761 млн теңгеге 86 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Мұнда ерекше назар өндіріс саласына аударылмақ. Яғни, берілетін несиенің кемінде 50 пайы­зы өндірістік бағыттағы жобаларға бағытталады. Сонымен қатар 4 кооператив құру жоспарланған. Бұл өз кезегінде ауылдағы ұсақ шаруа­шылықтарды біріктіріп, олардың тиімділігін арттыруға жол ашады. Бағдарлама аясындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Биыл 2 ақпан мен 13 наурызда өт­кен комиссия отырыстарында 13 кәсіпкердің өтінімі қаралып, нәтиже­сінде 76,6 млн теңгеге 10 жоба мақұлданған. Бұл – кәсіп бастауға ниетті азаматтарға нақты қолдау көрсетіліп жатқанын білдіреді. Бүгінгі таңда қосымша 356,2 млн теңгені құрайтын 38 кәсіпкердің құжаттары арнайы порталға енгі­зілген. Оның ішінде 153,2 млн теңгені қамтитын 17 жоба алдағы комиссия қарауына дайын тұр.

Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» жобасы кәсіпкерлерге жаңа мүм­кіндік ашып берді. Сондай-ақ ауыл және кент тұрғындары үшін қамқорлықтың бір парасы іспетті. Жоба жүзеге аса бастағанда ауыл тұрғындары қуанды. Себебі олар­дың кәсібін қолдауға қаражат қажет екені белгілі. Несие алғандар қата­рында Тасбөгет кентінің тұрғыны Нұрлыбек Ерімбетов те бар. 

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мемлекеттен 8 миллион 600 мың теңге көлемінде қаржы алдым. Несие алу жөніндегі ұсыныс Тасбөгет кенті әкімшілігі тарапынан түсті. Бұл қаражатқа евроқоршау өндірісін бастадым. Евроқоршау – бетоннан жасалатын, берік, ұзақ мерзімге шыдайтын және заманауи дизайнға сай келетін қоршау түрі. Қалада бұл бағытта кәсіби түрде айналысатындар аз болғандықтан, осы кәсіпті таңдадым, – дейді ол.

Бүгінде Нұрлыбектің кәсібі тұ­рақты түрде жұмыс істеп тұр. Төрт  адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Сонымен қатар тапсырыс көлеміне байланысты қосымша жұ­мысшылар тартылады.

– Мемлекет тарапынан көрсеті­ліп жатқан қолдаудың нәтижесінде кәсіпті кеңейтуге мүмкіндік болды. Алдағы уақытта жаңа деңгейге шығуға, ісімді кеңейтуге жоспар бар. Жыл соңына дейін тағы бір цехты іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл кәсіппен 2021 жылдан бері айналысып келемін. Осы бағытты таңдауыма сұраныстың  көп болуы себеп болды. Сапалы жұмыстың нәтижесінде бізге сенім артып, тұтынушылар бір-біріне ұсынып жатады. Ал жабдықтардың барлығы өңірдегі шеберлердің қолынан шыққан өнімдер, – дейді кәсіпкер Нұрлыбек.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: