Мәскеу төрінде жалауы желбіреген LX халықаралық Менделеев олимпиадасында қызылордалық өрен жеңіс тұғырынан көрінді. Қызылорда облыстық Сейілбек Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Арен Теңізбаев олимпиаданың алтын медалін иеленді.
Бұл жетістік жас химиктің көпжылдық еңбегі мен ізденісінің жемісі ғана емес, сонымен қатар аймақтағы білім беру сапасының жоғары көрсеткіші.
Халықаралық Менделеев химия олимпиадасы – химия ғылымы бойынша әлемдегі ең күрделі әрі беделді интеллектуалдық сайыстардың бірі. Биылғы мерейтойлық додаға жер шарының түкпір-түкпірінен 200-ге жуық мектеп оқушысы қатысып, бақ сынасты. Қатысушы елдердің географиясы да өте ауқымды. Атап айтқанда, Қазақстанмен қатар Сауд Арабиясы, Израиль, Түркия, Бразилия, Қытай, Вьетнам және Беларусь сияқты 37 мемлекеттің білімді өрендері бас қосты. Сондай-ақ Шри-Ланка, Солтүстік Македония, Коста-Рика, Тайланд және Африка құрлығынан келген Камерун, Нигерия секілді елдердің өкілдері де химиялық есептер мен зертханалық жұмыстарда сынға түсті. Білім бәсекесінде оқ бойы озық шығу білім саласының халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
С.Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!