Инженерлік бағыттағы №290 Келешек мектебінің OtAi командасы халықаралық деңгейде өткен «FIRST LEGO League Kyrgyzstan Championship 2026» байқауында жоғары нәтиже көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады. Байқау қорытындысы бойынша OtAi командасы Қытайда өтетін халықаралық «FIRST LEGO League China Championship 2026» финалдық кезеңіне жолдама алды.
Бұл жеңіс оларға Қытайда өтетін халықаралық финалға тікелей жолдама сыйлады. Ал «First LEGO League Challenge» бағыты бойынша OtAi командасының екі құрамы қатысып, инженерлік шешімдерінің сапасы, робот құрастырудағы шеберлігі мен бағдарламалау деңгейі үшін «Engineering Excellence Award» жүлдесіне лайық деп танылды.
Команда жетекшілері Өтеміс Рахатов, Күнсұлу Сыздықова және Мөлдір Смаханова шәкірттердің бойындағы қызығушылықты нақты жобаға, идеяны нәтижеге айналдыра білді. Жарыс туралы сөз еткен команда жетекшісі, робототехника үйірмесінің жетекшісі Өтеміс Рахатов байқаудың өте әсерлі әрі тартысты өткенін айтады.
– «FIRST LEGO League Kyrgyzstan Championship 2026» жарысы өте қызықты әрі тартысты өтті. Балалар әр кезеңде өз білімін, шеберлігін және командалық үйлесімін көрсете алды. Осындай байқаулар оқушыларды тек бәсекеге емес, үлкен ізденіске жетелейді, – дейді команда жетекшісі.
Биылғы маусымның тақырыбы археология саласына әлемге көмегі тиетін жоба әзірлеу болды. Осы бағыт аясында команда зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өз жобасын нақты өмірдегі мәселені шешуге бағыттады.
– Зерттеу кезеңінде команда мүшелері музей ісінің білікті мамандарынан және Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тарих кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы, профессор Бағдаулет Сыздықов байланысқа шығып археология саласындағы мәселені зерделеп, түйіткілді шешуге қабілетті роботтандырылған жүйені жасады, – дейді үйірме жетекшісі Өтеміс Рахатов.
София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!