Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев өңірдегі автогаз бағасына қатысты жағдайды шұғыл бақылауға алды. «Қызылорда Газ» серіктестігінен басталған баға өсімі өзге операторлардың да тарифті заңсыз қымбаттатуына ұласқан еді. Бұл жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырмай қоймады.
Жанармай бекеттеріндегі баға құбылып, елдің алаңдаушылығын тудырды. Облыста 100 ден аса автогаз құю станциясы мен 6 газ сақтау қоймасы жұмыс істейді. «Қызылорда Газ» алғашқы болып бағаны көтеріп, артынша басқа операторлардың газ бағасына әсер еткен. Осыған байланысты облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен сұйытылған газ мәселесі талқыланған жиын өтті.
Облыс әкімінің орынбасары, басқарма басшылары және салаға жауаптылар қатысқан мәжілісте аймақ басшысы сұйытылған газдың шекті бағасын өсірмеуді, аймақтағы ахуалды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
– Газ – Үкіметтің ерекше назарында тұрған өте күрделі және өзекті саланың бірі. Сондықтан сұйытылған газды тұрғындарға тиімді бағамен ұсыну – біздің басты міндетіміз. Облыс аумағындағы 144 автогаз құю станциясы, 6 газ сақтау қоймасы арқылы 15 оператор сұйытылған газды сатумен айналысады. Осы жылдың 23 сәуірінде «Қызылорда Газ» мекемесі алғашқы болып газ бағасын көтерген. Содан соң өзге операторлар да біртіндеп қоса бастады, – деді аймақ басшысы.

Біз де қаладағы автокөлікке газ сататын жанармай бекеттерін араладық. Орталықтағы «Олжас» жанармай құю бекетінде газ 97 теңгеден саудаланып жатыр екен. Жанармай қызметкерінің айтуынша, қалада газ бағасы өскен уақытта бұл бекет бағаны өзгертпеген. Жанармай бекетінің қызметкерінің сөзінше, газ жеткізу іркіліссіз жүріп жатыр. Біз бекетке аяқ басқан сәтте, қоймаға жаңадан газ тиеген көлік келіп тоқтады. Содан көлік жүргізушісі Алматты да сөзге тарттық. Күн сайын жолда жүріп, ахуалды іштен бақылап жүрген ол да бірнеше күн бұрын өңірде газ бағасының кенет көтерілгенін растады. Оның айтуынша, бағаның құбылуы алдымен көлік жүргізушілеріне, содан соң халықтың қалтасына бірден сезілген. Алайда, қазіргі таңда жағдай бақылауға алынып, бағаны қайта тұрақтандыру жұмыстары жүріп жатқанын байқаған. Газ бағасын өсірді деген «Қызылорда газ» жанармай құю бекетіне де бас сұқтық. Жанармай құюшы Жандос та газ бағасы сәл қымбаттағынын растады. Қазіргі уақытта «Қызылорда газ» сұйық отынды 98 теңгеден сатып отыр.
Облыс әкімдігі жүргізген жұмыстардың нәтижесінде операторлар бағаны бірте-бірте бұрынғы деңгейге түсіруде. Сондай-ақ аймақ басшысы қала және аудан әкімдіктеріне операторлардың газ қорына тұрақты мониторинг жүргізуді, тапшылыққа жол бермеу үшін газ бағасын зерделеуді міндеттеді.

– Жауапты сала басшыларына газ бағасын бұрынғы деңгейге шұғыл қайтаруды, халыққа шектеусіз сатуды, басқа өңірлерге рұқсатсыз тасымалдауға жол бермеуді қатаң тапсырамын! Басқа көздерден болса да коммерциялық газды облысқа жедел жеткізіп, әлеуметтік бағамен сатыңыздар. Барлық тапсырма сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс!, – деді облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы.
Елімізде сұйытылған газдың көтерме шекті бағасы 2026 жылдың ортасына дейін тоннасына 59722 теңге болып бекітілді. Алайда бұл – тек уақытша тыныштық қана. Энергетика министрлігі ішкі нарықты отынмен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында бұл баға тек келесі айдың соңына дейін тұрады. Себебі ішкі нарықты отынмен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында бекітілген баға саясаты келесі айдың соңында күшін жоюы мүмкін.
Үкіметтегі брифингте Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин алдағы уақыттағы өзгерістің шетін шығарды. Энергетикалық кеңес деңгейінде қабылданғанын шешім бойынша 1 шілдеден бастап газдың көтерме бағасын 33% арттыру көзделген.
– Біз қазір Астанаға толық тариф енгіздік. Яғни жылу тарифін орта есеппен шамамен 15%, ал сумен жабдықтау мен су бұру тарифтерін 20-29% көтердік. Осындай шарттарды Ұлытау мен Ақмола облысына, кейін Алматыға да бердік. Басқа өңірлерге де біртіндеп енгіземіз. Бәрі бір уақытта болмауы үшін осылай жасап отырмыз. Жалпы, қазіргі жағдайда осылай қалдырсақ, инфляцияға әсері 0,3%-дан аспайды, – деді Серік Жұманғарин.
Осылайша газдың көтерме бағасын да өсіру жоспарланған. Себебі қазір расталған газ қоры бойынша жағдайымыз аса жақсы емес екен. Мұндай көтерме бағалар кезінде жекеменшік компаниялар тиімсіз болғандықтан газ өндіруге қызықпайды.
– Энергетикалық кеңестің шешімі бар. Шілде айында, нақтырақ айтқанда 1 шілдеден бастап, газ бағасын 33% көтеруіміз керек. Бұл инфляция деңгейін шамамен 0,16% арттырады. Яғни, айтарлықтай үлкен әсер етпейді, – деді ол.
Тарифтер кезең-кезеңімен өсіріледі. Газдың көтерме бағасын өсіру саланың инвестициялық тартымдылығын арттырады газ өндіруді ынталандырады. Өйткені баға инвесторлар үшін нағыз ынталандыру тетігі.
– Баға – инвесторларды тартатын маңызды шарттардың бірі. Сондықтан бұл салаға инвестиция тарту үшін газдың көтерме бағасын тағы да өсіруге мәжбүр боламыз. Әйтпесе газ басқа себептермен қымбаттайды. Өйткені оны импорттауға тура келеді. Ал бізге газ экспорттайтын елдер бізді аяп отырмайды, – деп атап өтті министр.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!