Ел қорғаны – мемлекеттің тұтастығы мен тәуелсіздігін айқындайтын ең қасиетті ұғымдардың бірі. Ұлттық қауіпсіздік мәселесі тек әскери қуатпен ғана емес, ең алдымен елдік сана, отаншыл рух, тәртіп пен жауапкершілік секілді құндылықтармен тығыз байланысты. Қарулы Күштер қатарындағы әрбір әскери қызметші үшін Отанға адал қызмет ету – кәсіби міндет қана емес, азаматтық парыз, ел алдындағы жауапкершілік. Сондықтан әскердегі тәрбие және идеологиялық жұмыстың мәні жыл өткен сайын тереңдеп, оның мазмұны жаңа уақыт талабына сай жаңғырып келеді. «Бүгінгі таңда әскердегі идеологиялық бағыт қалай өзгеруде, жастардың әскери қызметке деген ынтасын қалай арттыруға болады және заманауи офицердің бейнесі қандай болуы керек?» деген сауалдар төңірегінде ҚР Қорғаныс министрлігі, тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің аға офицері, полковник Ғалымжан Жұмабаевпен сұхбаттастық.
– Қазіргі таңда әскердегі тәрбие мен идеологиялық жұмыс қалай жүргізілуде?
– Бүгінгі таңда еліміздің қарулы күштеріндегі тәрбие және идеологиялық жұмыстың мақсаты – әскери қызметшілердің бойында асқақ патриоттық сезім мен Отанға адал қызмет етуді насихаттау. Бұл маңызды бағыт Мемлекет басшысының 2025 жылғы қарашадағы №1081 Жарлығымен бекітілген «Адал азамат» қағидатымен үндесіп, әскери борышты мінсіз атқарудың жаңа өлшемін айқындады. Қазіргі уақытта әскердегі мемлекеттік саясат «Біртұтас ел – Біртұтас жер» тұжырымдамасы аясында іске асырылуда.
«Біртұтас ел» ұғымы халқымыздың сан ғасырлық тарихы мен мәдениетіне, салт-дәстүрі мен ана тіліне деген құрметті білдіреді. Егемендігіміздің сенімді қалқанына айналған әскери қызметшілер осы қағидаға сүйене отырып, конституциялық құрылысты қорғауға және кез келген сын-қатерлерге төтеп беруге әрдайым дайын. Ал «Біртұтас жер» қағидаты ата-баба аманатына адал болып, мемлекеттің тұтастығын көздің қарашығындай сақтау – қасиетті борышымыз. Қазіргі идеологиялық жұмыс тек тәрбиемен шектелмей, әскери қызметшінің тұлғалық қасиетін, моральдық төзімділігін және адалдық мәдениетін кешенді түрде дамытуды көздейді. Бұл орайда әскери тәртіпті нығайту мен ұжымдағы ауызбіршілікті арттыру басты басымдыққа ие. Осылайша, «Адал азамат» құндылықтары мен «Біртұтас ел – Біртұтас жер» идеясы біртұтас идеологиялық іргетасқа айналып, рухы биік, тәртібі темірдей берік және ел мүддесіне адал жауынгерлер шоғырын қалыптастыруға қызмет етіп келеді.
– Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруде Қорғаныс министрлігі қандай бағыттарға басымдық беріп отыр?
– Министрлікте осы мақсатта 2030 жылға дейінгі әскери-патриоттық тәрбие тұжырымдамасы қабылданып, ол уақыт талабына және қазіргі жастардың сұранысына сәйкес 2025 жылы жаңартылып, толықтырылды. Жаңартылған тұжырымдамада жастардың бойында отансүйгіштік, жауапкершілік, азаматтық белсенділік және әскери қызметке саналы көзқарас қалыптастыруға назар аударылған. Бұл тек білім беру немесе насихат жұмысы емес, жас буынды ел қорғанысына дайын, тәртіпті әрі рухы мықты азамат ретінде тәрбиелеуге бағытталған кешенді жүйе. 2025 жылы әскери-патриоттық жұмыс саласындағы заңнамаларға енгізілген өзгерістер де осы бағытты күшейте түсті. Атап айтқанда, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың функциялары нақтыланып, олардың жастар тәрбиесіндегі жауапкершілігі кеңейтілді. Бұл әскери-патриоттық жұмыстың тек Қорғаныс министрлігінің ғана емес, бүкіл мемлекеттік жүйенің ортақ міндетіне айналғанын көрсетеді. Сонымен қатар заңнама деңгейінде «Жас айбын» және «Жас сарбаз» деген жаңа ұғымдар енгізіліп, олар жастарды әскери-патриоттық қозғалыстарға кеңінен тартудың институционалдық негізіне айналды. Бұл бастамалар жасөспірімдер мен жастардың әскери ортаға ерте бейімделуіне, тәртіп пен жауапкершілік дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жұмысты үйлестіру мақсатында республикалық және аумақтық үйлестіру кеңестері құрылды. Бұл кеңес барлық өңірлерде әскери-патриоттық жұмыстың бірыңғай тәсілмен жүргізілуін қамтамасыз етіп, мектептер, колледждер, әскери бөлімдер және қоғамдық ұйымдардың өзара байланысын нығайтады.
– «Жас сарбаз» қозғалысы туралы не айтасыз?
– «Жас сарбаз» қозғалысы – Қорғаныс министрлігі жүзеге асырып отырған әскери-патриоттық тәрбиенің маңызды бағыттарының бірі. Бұл жоба министрліктің жалпы тәрбие және идеологиялық жұмысының ажырамас бөлігі. «Жас сарбаз» арқылы мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында ұлттық құндылықтар, патриоттық сана, тәртіп пен жауапкершілік кеңінен насихатталады.
– Жас буынның бойында патриоттық сезімді қалай қалыптастырамыз?
– Отан қорғау тек қару алып, шекараны күзету ғана емес, бұл ел дамуына үлес қосу, заңды құрметтеу, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну және өз ісіне адал болу. Жастар Отанды қорғау ең алдымен күнделікті іс-әрекеттерден басталатынын түсінуі тиіс. Білім алу, адал еңбек ету, тәртіп сақтау, қоршаған ортаға және қоғамға жанашырлықпен қарау – мұның барлығы Отанға қызмет етудің нақты көрінісі. Отан қорғау тек әскери міндет емес, бұл әр азаматтың өмірлік ұстанымы. Осындай түсінік қалыптасқан жағдайда ғана біз елін сүйетін, жауапты әрі саналы ұрпақ тәрбиелей аламыз.
– Әскери қызметкер бойында қандай қасиет болуы тиіс?
– Әскери қызметкер – ел тағдырына жауапты азамат. Әскери қызметкердің басты ұстанымы – адал қызмет ету, Отанды сүю. Адалдық – әскери қызметтің негізі, ал Отанға деген сүйіспеншілік – оның ішкі рухани тірегі. Әскери қызметкер үшін батылдық пен төзімділік маңызды. Қызмет барысында түрлі қиын жағдайлар кездесуі мүмкін, сол себепті сабырлылық, төзімді болу және дұрыс шешім қабылдай білу маңызды. Әскери ұжымда командалық рух пен өзара қолдау – жеңістің басты кепілі. Ортақ мақсат үшін жұмыла әрекет ету – әскери қызметтің негізгі қағидаларының бірі. Осындай қасиеттер ғана Қарулы Күштердің жоғары жауынгерлік қабілеті мен ел қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
– Әскери салаға қызығушылықты арттыру үшін оқу орындарында қандай жұмыс жүргізілуде?
– Қазіргі таңда бұл бағытта мемлекет тарапынан жүйелі әрі кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Қорғаныс министрінің бұйрығымен жыл сайын арнайы жоспар бекітіліп, соған сәйкес еліміздің барлық өңірінде ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыс істейді. Мектептерде «Армия балалар көзімен», «Ашық есік» күндері, «Ерлік сабақтары» сияқты тәрбиелік мәні бар іс-шаралар өткізіледі. Іс-шараларға Қарулы Күштердің ардагерлері мен үздік әскери қызметшілер шақырылып, өз тәжірибелерін бөліседі. Бұдан бөлек, әскери бөлімдер жанынан құрылған әскери-патриоттық клубтар бар. Бұл клубтарда жастар алғашқы әскери дағдыларды меңгеріп, түрлі әскери-спорттық жарыстар мен сайыстарға қатысады. Бұл жұмыстар жасөспірімдердің әскери мамандықтарға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың Отанға деген сүйіспеншілігін нығайтуға, ел қорғауға дайын азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.
– Мектептердегі әскери-патриоттық іс-шаралар оқушылардың тәртібі мен жауапкершілігіне әсер ете ме?
– Мұндай іс-шаралар арқылы оқушылар тек теориялық білім алып қана қоймай, бір-біріне қолдау көрсетуді және ортақ мақсатқа жету үшін тәртіп сақтаудың маңызын тәжірибе жүзінде түсінеді. Әскери-патриоттық тәрбие жас буынды табандылыққа тәрбиелейді. Осы мақсатта Қорғаныс министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірге жұмыс істейміз. Атап айтқанда, мектептердегі әскери-патриоттық тәрбиенің негізгі бағыты болып табылатын «Алғашқы әскери дайындық» пәнінің оқу бағдарламасы мен оқулықтары жаңартылып, қазіргі заман талаптарына сай жетілдірілуде.
– Әскери саланы таңдағысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Ел қорғаны болу – әрбір жас азамат үшін үлкен абырой әрі жауапты таңдау. Сондықтан ең алдымен жастар білім алуға, өз ой-өрісін кеңейтуге және кәсіби қабілетін дамытуға басымдық бергені жөн. Қазіргі заманғы әскер тек күшке ғана емес, терең білім мен заманауи ойлау қабілетіне де сүйенеді. Сонымен қатар дене дайындығын жүйелі түрде жетілдіру маңызды. Төзімділік, шыдамдылық және физикалық дайындық – әскери қызметтің ажырамас бөлігі, сондықтан спортпен айналысу және салауатты өмір салтын ұстану әрбір жас үшін негізгі талаптардың бірі болуы тиіс. Ең бастысы, тәртіп пен жауапкершілік. Әскери қызметке баруға ниеттенген жас өз өмірінде де, оқуында да, болашақ кәсіби жолында да тәртіпті болуға, уәдеге берік және жауапкершілігі жоғары азамат ретінде қалыптасуға ұмтылуы қажет. Отанға адал қызмет ету, елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына үлес қосу азаматтық парыз және үлкен абырой. Осы құндылықтарды бойына сіңірген әрбір жас ертеңгі ел қорғаны, мемлекеттің тірегі және қоғамның сенімді азаматы болады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!