Сейсенбі, 28 сәуiр, 01:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2243)
28.04.2026
PDF мұрағаты

Халықты әлеуметтік қолдау назардан тыс қалған емес

28.04.2026

35 0

Әлеуметтік қызметтің әлеумет үшін маңызы зор. Осы орайда, мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетіліп жатқан  көмек түрі, жұмыссыздық деңгейі,  қамқорлыққа мұқтаж осал топтармен атқарылып жатқан жұмыс жайында  қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаевамен сұхбаттасқан едік.

– Елімізде мүгедектігі бар адам­дарға мемлекет тарапынан қаржылай жәрдемақы, оңалту қызметі, әлеу­меттік және меди­циналық көмек көрсетіледі. Негіз­гі қолдау шара­сына мүгедектігі бойынша ай сайынғы жәрдемақы, техникалық оңалту құралымен қамтамасыз ету, баспана алу жеңіл­дігі және жұмысқа орналасу­ға жәрдемдесу жатады. Ал сіздердің тарапыңыздан осы топта­ғы жан­дарға  қандай жеңілдіктер көрсетілуде?

– Елімізде мүмкіндігі шектеу­лі жандарға қолдау бар. Бұл бар­лық өңірде бірдей жүзеге асуда.  «Әлеу­меттік қызметтер порталы» арқылы жүріп-тұруында қиындығы бар бірінші топтағы мүге­дектердің жеке көмекші­ қызметіне ай сайын әлеуметтік төлем төленуде. Жыл басынан бері 1101 адам жеке көмекшімен қамтылып, 183 науқас 17 ымдау тілі маманының қызметін пайдалануда. Ал естуі және сөйлеу қабілеті бұзылғандарға кәсіби ымдау тілі мамандары қызмет көрсетуде.

Мүгедектігі бар адамдарды та­сы­малдауға биыл бюджеттен қаржы бөлініп, 26  «Инватакси» алынды.  «Қызылорда облыстық мүгедек­тер қоғамы» қоғамдық бірлестігі тірек-қимыл аппараты бұзылған, арба­да отыратын мү­ге­дектер мен мүгедектігі бар балаларға 6 авто­көлік­пен, «Орда Қайсарлары» мүге­дектер қоғам­дық бірлестігі көру қабілеті нашар мүгедектігі бар адамдарға 10 авто­көлікпен, «Тұран-шах Қызылорда» мүгедектер қоғам­дық бір­лестігі үдемелі бүйрек жетіс­пеу­шілігі (гемодиализ) салдарынан мүгедектігі бар адамдарға 10 авто­көлікпен қызмет көрсетуде.

«Ten Qogam» орталығы  мүгедек­тер қоғамдық бірлестіктермен бір­лесіп, мүмкіндігі шектеулі жан­дар­дың қоғамға бейімделуіне жәр­дем­десу, психологиялық, әлеу­меттік-құқықтық көмек ұсынып, бекітілген жоспар бойынша мәдени шара мен семинар-тренинг  өткізуде.

Қаладағы «Қарттар мен мүге­дектерге арналған жалпы үлгідегі интернат үйіне» күндізгі жартылай стационарлық бөлімшеге – 191, зейнеткерлерге жартылай стационар­лық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына – 118, №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында  12 адам тұрақты мемлекеттік жәр­деммен қамтамасыз етілуде.  «Ар­наулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» жанынан ашылған оңал­ту және тірек-қимыл аппараты бұ­зылған балаларға арналған оңалту орталығында 11 мүгедектігі бар бала ем алуда. Осындай қамқорлық шаралары алдағы уақытта жалғасын табады. Себебі денсаулығында кінә­раты бар адам мемлекеттің жіті бақылауында.

– Қа­лада, қалаға қарасты ауыл­дарда жұмыссыздық  мәселе­сі қалай шешілуде? Екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүргендер қатары көп пе?

– Облыстық ста­тистика депар­та­­ментінің мәліметі бойын­ша 2024 жылдың қо­ры­тындысы­мен Қызылорда қала­сында экономи­калық белсенді халық саны  151301 адам, жұмыссыздық деңгейі – 4,5 пайыз, облыста – 4,6 пайыз. Биыл 1744 жаңа жұмыс орны құ­рылды. «Мансап» орталығына жұ­мыс іздеп  6787 адам хабарласса, 1744-і жұмыспен қамтылып, 528-і тұрақты жұмысқа орналасты.

Тіркелген жұмыссыздар саны – 6639 болса, қоғамдық жұмысқа – 950, әлеуметтік жұмысқа  – 165, жастар тәжірибесімен  – 830, «Күміс жас» жобасына 400 адамды жіберу  жоспарланып отыр.

Сондай-ақ сотты болып, жазасын өтеген және пробация қызметі есебіндегі  38 жұмыс іздеушінің 5-і тұрақты жұмысқа орналасса, 30-ы квота бойынша, 1-і күміс жаспен, 2-і қоғамдық жұмысқа тартылды. Жыл басынан мүгедектігі бар 298 азаматтың  25-і тұрақты, 14-і квота бойынша жұмыспен қамтылды.

– Халықты әлеуметтік қолдау жайына тоқталып өтсеңіз..

– Халықты әлеуметтік қол­дау еш­қашан күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан біздің бөлім  халық­ты әлеуметтік қорғауға ба­ғытталған 14 мемлекеттік қыз­мет түрін көрсету­де. Оның 13-і әлеуметтік төлем және 1-і көші-қон бағытында. Қызылорда қаласының аз қамтамасыз етіл­ген азаматтарына электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау, ауызсу және кәріз су жүйелеріне, тұрғын үйді күтіп ұстауға жұмсалатын шығын, жылумен, қоқыс әкету, қатты отын алуға, абоненттік төлем, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысы, күрделі жөндеу қызметіне беріледі. 2026 жылға жергілікті бюджеттен 872 отбасына қаржы қаралып, 152 отбасының 430 адамына төленді. Сонымен қатар үйі өртенген 3 отбасыға материалдық көмек берілді. Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушылары мен мүгедектеріне, қаза тапқан жауынгерлердің екінші рет некеге отырмаған жесірлері­не,  Отан соғысында қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО медалімен, ордені­мен наградталған тыл арда­гер­леріне, соғыс жылдарында ке­мін­де 6 ай жұмыс істеген тыл ар­да­­­гер­леріне, Ауған соғысының, Тәжікстан-Ауғанстан жерінде тәуелсіз мем­­ле­кет­­тер достастығының ше­ка­­­ра­­сын қорғауға, Ирактағы халық­­­­­аралық бітімгершілікке, тау­лы Қарабахтағы этно­саралық қақ­­­­­ты­ғысқа қатысқандарға және Ауған, Чернобыль, Совет Армия­сы­ның мүге­дектеріне және Семей поли­гонынан зардап шеккен аза­маттарға, ЧАЭС апатынан қай­тыс бол­ғандардың жесірлері сана­тындағы 944 адамға 9 мамыр қарсаңында бір жолғы әлеуметтік көмек  төленеді.

Бұдан бөлек,  мамандандырылған туберкулезге қарсы медициналық ұйымнан шығарылған, туберкулез­ден емделудің сүйемелдеу сатысын­дағы азаматтардан 213 науқасқа қосымша тамақтануға, лейкоз ауруымен ауыратын 24 балаға, АИТВ-инфекция диагнозы бар диспансерлік есепте тұрған 2 бала­ның ата-анасына әлеуметтік төлем төленді. Сонымен қатар 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысып, ақталған 8 адамға, ата-аналарымен немесе олардың орнындағы адам­дармен бірге бас бостандығынан айыру орнында, айдауда, жер ау­даруда немесе қоныс аударуда болған, қуғын-сүргін кезінде он сегіз жасқа толмаған және  ата-ана­сының немесе олардың біреуінің қамқорлығынсыз қалған саяси қуғын-сүргін құрбандарының бала­ларына қаржы қаралды. Бас бостан­дығынан айыру орны­нан босатылған 10 адам­ға бір реттік жәрдемақы төлен­ді. Халықтың әлеуметтік осал тобы­нан ай сайын 250 адам ыстық та­мақпен қамтылуда. Мемлекеттік қамқорлықты қажет ететін азамат­тарға біздің бөлім тарапынан үз­діксіз жәрдем берілуде. Мәселен, тұрғылықты жері жоқ адамдардың уақытша бейімдеу орталығындағы 77 азаматқа  арнаулы-әлеуметтік қыз­мет көрсетілді. Жеке куәліктерін қайта рәсімдеуге, зейнеткерлікке, мүгедектікке шығуға,  азаматтығын алуға құжат дайындауға көмек көр­сетілді. Бүгінгі күнге денсаулық жағдайына байланысты 10 қызмет алушы ауруханада ем қабылдауда. Қылмыстық жазасын өтеген адам­дарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығымен бас бостан­дығынан айыру орнынан боса­тылған және пробация қызметінің есебіндегі 180 адамға құқықтық, психологиялық көмекке қоса, меди­циналық анықтама алуға, үй, жер кезегіне тұруға көмек көрсетілді. Осы санаттағы жұмыссыздардың жыл басынан 35-і тұрақты жұ­мыспен,  30-ы  квотамен, 2-і  қо­ғамдық жұмыспен, 1-і  «күміс жас» жобасымен жұмысқа орналасты.

Сұхбаттасқан Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: