Дүйсенбі, 20 мамыр, 00:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39-2049
18.05.2024
PDF мұрағаты

Көктем қарбаласы: Жанар-жағармай жыры қайталанбай ма?

30.03.2024

361 0

Сурет:egemen.kz

«Көктемнің әр күні жылға азық». Жер-Анадан несібесін айырған диқан қауымы бүгінде қарбалас тірлікке білек сыбана кірісіп кетті. Егіншінің уайымы біткен бе? Ауа-райы да, су жайы, жер жағдайы, жанар-жағармай, сапалы тұқым – жыл айналып қайталана беретін мәселелер. Өткен жылы  егін салар шақта жанар-жағармай тапшылығы мен бағаның өсуі егін еккен ел үшін үлкен жүк болғаны да ұмытыла қойған жоқ. Содан да болар, көктем шыға биыл баға қалай құбылар екен деп алаңдайтындар аз емес. Осы аптада Үкімет басшысы елдегі егін егу дайындығын егіншіге ортақ мәселені тиімді шешу жағын пысықтады.

Премьер-Министр Олжас Бектенов егіс науқанын сапалы әрі уақытылы жүргізу мақсатында Үкімет қажетті шаралар қабылдағанын атап өтті. Атап айтқанда, «Кең Дала» бағдарламасы бойынша жеңіл­дікпен 140 млрд теңге несие беріледі. Сондай-ақ жергі­лікті бюджеттерден қосымша 100 млрд теңге бөлінеді. Сондай-ақ форвардтық сатып алуға 40 млрд теңге және субсидиялар түрінде 95,4 млрд теңге қарастырылған.

Олжас Бектенов суармалы алқаптарды кеңейту, егіс алқаптарын әртараптандыру және қажетті статистикалық деректерді өзектендіру керек екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыс ай сайын Үкіметте қаралатын болады. Сондай-ақ Премьер-Министр бү­гінде елімізде сапалы тұқым қоры мен тұқымның импортына тәуелділік бойынша да проблемалар жеткілікті екенін, импортқа тәуелділік бар екенін атап өтті. Әсіресе бұл ұсақ және орта шаруашылықтар үшін өзекті болып отыр.

– Фермерлер жақсы тұқымға қол жеткізу мүм­кін еместігін айтып, шағымданады. Азық-түлік корпорациясы жинақталған қордан кемінде 200 мың тонна тұқымды мұқтаж фермерлерге тауарлық несие түрінде бөлуі керек. Біздегі климаттық жағ­дайларға төзімді, өзімізде шығарылатын тұқымдық қордың көлемін ұлғайту қажет. Сонымен қатар агро­технологиялық талаптардың сақталмауы да өнімнің көлемі мен сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Ең алдымен, бұл – минералды тыңайтқыштардың, пес­тицидтер мен өсімдіктерді қорғайтын басқа да құралдардың қажетті мөлшерін қолдануға қатысты мәселе. Бізде тыңайтқыштарды қолдану деңгейі ғылыми қажеттіліктің небәрі 21%-ын ғана құрады», – деп атап өтті премьер-министр.

Биыл Қазақстанда топыраққа 1,5 млн тоннаға жуық тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Ауыл шаруа­шылығы министрлігі субсидиялаудың жаңа тетігін әзірледі, оның аясында шаруаларға арзандатылған тыңайтқыштар алдын ала берілетін болады. Тыңайт­қыштарды әкімдіктердің кепілдігімен бөліп-бөліп беру мәселесі зауыттармен пысықталуда. Олжас Бектенов Президент бұл көрсеткішті барынша ұлғайту туралы нақты міндет қойғанын еске салды. Жоспар бойынша биыл тыңайтқыштарды қолдану деңгейін 46%-ға жеткізу қажет. Ол әрі қарай, яғни ғылыми талаптар толық орындалғанша тұрақты түрде өсіп отыруға тиіс.

Үкімет отырысында тозығы жеткен ауыл шаруа­шылығы техникасының жайы да назардан тыс қалмады. Премьер-Министр қазақстандық диқандар­дың жаңа техниканы сатып алуын жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту қажеттігін атап өтті. Аталған мәселені шешу үшін фермердің өзі төлеп келген алғашқы 15% жарнаның орнына тікелей лизингтік компанияға инвестициялық субсидия салынуға тиіс.  Бұл шаруаларға өздерінің айналым қаражатын сақтап қалуға мүмкіндік береді.

– Фермерлер өздеріне тиесілі субсидиялардың тым кешігіп төленетініне наразылық білдіруде. Өткен жылғы субсидиялар бойынша қарыз 160 млрд теңгеден асып кетті. Бұл қаражатты егіс жұмыстарына жаратуға болатын еді. Жеңілдікті дизель отынын үлестіру барысы да ерекше бақылауда болуға тиіс. Алыпсатарлыққа және қолдан тапшылық жасауға жол бермеу керек», – деді Үкімет басшысы.

Бүгінде Сыр өңірінде егін егу басталып кетті. Үкімет отырысында елдегі егін егу жайын баяндаған облыс әкімі Н.Нәлібаев биыл күріш көлемі 5 мың гек­тарға азайғанын айтты. Сондай-ақ көктемгі дала жұ­мыс­тары әрдайым назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

– Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнім көлемін 5 жылда 2 есеге арттыру тапсырмасына сәйкес, облыста 187 мың гектар жерге дақылдар егіледі. Оның ішінде күріш көлемі – 83,9 мың гектар. Өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемін 6,4 мың гектарға, оның ішінде күрішті 5 мың гектарға азайттық. Орнына суды аз қажет ететін дақылдар егісін арттырамыз. Сырдария өзеніндегі су шаруашылығы жағдайы күрделі болғандықтан, су лимиті әлі белгіленбеген. Мемлекетаралық Су шаруашылығы үйлестіру комис­сиясының 86-ыншы отырысында вегетация кезеңіне су лимиті белгіленгеннен кейін егіс көлемі қайта нақтыланатын болады. Бөлінген лимитке сәйкес күріш егісі әлі де қысқаруы мүмкін. Өңірде көктемгі егін егу жұмыстары наурыз айының 1-ші онкүндігінде басталды, мамырда аяқталады. Күріш сәуір айының 3-інші онкүндігінде себіле бастайды. Ерте егілетін дақылдар – жаңа жоңышқа, жаздық бидай, арпа, мақсары, қант құмайы жерге орналастырылуда. Бүгінгі күнге 16,5 мың гектары егілді», – деді аймақ басшысы.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: