Талай тарихты таспалап кеткен фототілші Болат Омарәлиев ағаның әр фотосуреті тарихтан сыр шертеді, сөйлессең сөйлейді. Жеңіс күні қарсаңында оның осы туындысы талай БАҚ беттерінде жарияланып та жүр. Соғыс салған жарақат кейуананың мұң шалған жүзінен байқалады. Бұл фотосуреттің өз тарихы бар. Мұны кезінде сурет авторы «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазып қалдырған екен. Жеңістің 81-ші көктемінде суретпен қоса тарихын да жариялағанды жөн көрдік…
«Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, «Шіркейлі» ауылында жүзге келген ана Қалампыр Әлімбетованы 1985 жылы арнайы іздеп бардым. Кейуана соғысқа кетіп, ерлікпен қаза тапқан қос ұлы Кенбай мен Сейдахмет Шамахановтарды қырық жылдан бері келеді деп күтіп отыр.
Ерлікпен қаза тапқан бір баласының «Отан соғысы» орденін алақанына салып, күбірлеп сөйлеп отырады да қояды. Бірақ жыламайды. Себебі жылай-жылай көз жасы сарқылған. Ақыл-есі дұрыс. Сол Қалампыр шешемізді екі күн бойы суретке түсірдім. Айтайын дегенім, әдепкіде суретке түсуге көнбеді. Мен оны алдауға мәжбүр болдым:
– Әже, балаларыңыз тірі. Балаларыңыз бізге анамның суретін салсын деп хат жазды, – дедім. Жасы жүзге келген қарияны алдағаныма әлі өкінемін. Екі күн түсіргенімде 100 сурет түсіріліпті. Оның 98-і жарамсыз болып шықты. Тек осы екі сурет қана жарамды болды. Суретке түсіргеннен 20 күннен кейін Қалампыр әжей балаларын іздеп о дүниеге аттанып кетіпті.
(10 сәуір, 2015 жыл).
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!