Мәдениет – ұлттың жаны, рухани болмысы мен тарихи жадының көрінісі. Әр халықтың өткені мен бүгіні, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтары мәдениет арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Өнер мен мәдениет саласының қызметкерлері – осы асыл мұраны сақтап, ел игілігіне қызмет етіп жүрген руханият жанашырлары. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде «Мәдениет – ұлттың айнасы» атты салтанатты шара өтті.
Салтанатты шараға қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Оралбек Омаров және «AMANAT» партиясы қалалық филиалының атқарушы хатшысы, облыстық мәслихат депутаты Гүлшат Мұсаева қатысты.
Мерекелік концерт барысында мәдениет саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар қызметкерлер облыс және қала әкімдерінің Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен және салалық кәсіподақтың төсбелгілерімен марапатталды. Сондай-ақ қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев әріптестеріне шығармашылық табыс пен толағай жетістіктер тіледі.
Мерекелік концерт көрермен көңілінен шыққан нағыз өнер мерекесіне ұласты. «Ақмарал» би студиясының бүлдіршіндері сахнаға ерекше сән берсе, «Сыр сандуғаштары» вокалды тобының орындауындағы «Сәлем саған, туған ел!» әні патриоттық рухты асқақтатты. Сонымен қатар Сыр сүлейлерінің ізбасарлары Қуаныш Алғазиев, Мейірімжан Маханбетжанов және Нұрасыл Сұлтанбек орындаған терме-жырлар ұлттық өнердің құндылығын айшықтады. Абай ауылдық мәдениет үйі өнерпаздарының сахналық қойылымдары мен «Сырлы саз» этно-фольклорлық ансамблінің өнері кештің көркін қыздырды.
Кеш соңында барлық өнерпаздар мен көрермендер «Сені сүйем, Қазақстан!» әнін бірге орындап, рухани кешті жоғары патриоттық сезіммен қорытындылады. Бұл – өнердің адамдарды бір арнаға тоғыстырып, елдік рухты күшейтетін құдіретін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Мәдениет – ұлттың рухын асқақтататын басты құндылық. Өнерге қолдау көрсетіп, руханиятқа жанашыр болу – келешекке салынған инвестиция. Театр мен музыка, кітап пен күй, жыр мен терме ұлықталған жерде ұлттық болмыс та жоғалмайды.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!