Сенбі, 23 мамыр, 00:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38 (2250)
23.05.2026
PDF мұрағаты

Мектеп бітіру кеші: Қуаныш қымбатқа түспесін

23.05.2026

36 0

Соңғы қоңырау таяды. Әдеттегідей бұл уақытта мектеп бітіру кеші мен ұстаздарға берілетін сыйлық көп айтылатын тақырыптардың бірі. Жылда қатал талап қойылғанымен, жасырын болса да мейрамханаларда тойланып, ұстаздарға қымбат сыйлық сыйланады. Тіпті түлектер кортеждер ұйымдастырып көзге де түсті. Алайда, биыл қателікке жол жоқ. Себебі, министрлік бақылауды күшейтті. Бітіру кештерін мектептен тыс жерде өткізуге тыйым салынды.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, аттестаттарды табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарының ғимараттарында ұйымдастырылуы тиіс. Сондай-ақ білім алушылардан, олардың ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен қаражат және өзге де материалдық құндылықтарды жинауға қатаң тыйым салынған.

«Белгіленген талаптарға сәйкес, бітіру кештерін білім беру ұйымдарынан тыс жерлерде ұйымдастыруға рұқсат етілмейді. Жергілікті атқарушы органдарға қаржылық шығындарды талап етпейтін тәрбиелік және мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды», – делінген министрлік таратқан хабарламада.

Ал Ішкі істер органдары тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар тапсырылды.

Оқу-ағарту министрлігі ескертті

Оқу жылының аяқталуына орай 25 мамыр күні барлық мектептерде «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізіледі. Сынып сағаттарында оқу жылы қоры­тындыланып, оқушылардың жетістіктері мен жарқын сәттері еске алынады. Сондай-ақ оқушыларға жазғы каникул кезінде оқуға ұсынылатын әдебиеттер мен көруге ұсынылатын фильмдер тізімі таныстырылады.

– Аймақта биылғы оқу жылын 320 мек­тептің 1–11 сыныптарында білім алатын 189288 оқушы аяқтауда. Оның ішінде 11-сыныпты 10317 түлек біті­реді. Басқарма тарапынан арнайы бұйрық қабылданып, барлық білім беру ұйымдарының басшы­ларына мектеп бітіруші түлектердің ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Онда сән-салтанатқа негізсіз қаржы жұмсаудың орынсыздығы айты­лып, қарапайымдылық қағидатын сақтау қажеттігі ескертілді. Сондай-ақ мере­келік дастархан ұйымдастыруға, жалда­малы автокөліктермен қала ішінде немесе қала сыртында серуендер мен экскурсиялар өткізуге, емтихан кезінде дастархан жаюға, сынып жетекшілеріне сыйлық жинау сияқты әрекеттерге жол бермеу қатаң тапсырылды. Оқу жылы­ның аяқталуына байланысты ұйымдастырылатын барлық іс-шаралар бас­қарманың тұрақты бақы­лауында болады, – деді облыстық білім бас­қармасы басшысының орын­басары Асхат Қанатұлы.

Түлектер қауіпсіздігі басты назарда

Мектеп бітіру мерекесіне орай оқушы­лардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында облыс көлемінде арнайы шаралар қолға алынуда. 25 мамырда мектеп бітірушілерге арналған «Соңғы қоңырау» мерекелік іс-шарасы кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау мен төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс жүргізеді. Облыс бойынша қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 492 қыз­меткер мен 111 қызметтік автокөлік жұмылдырылмақ.

– Облыс орталығының өзінде қауіп­сіздікті қамтамасыз ету мақсатында 216 полиция қызметкері мен 45 қызметтік автокөлік қызмет атқарады. Бұдан бөлек, мерекелік іс-шаралардан тыс уақытта да қаладағы қоғамдық орындар мен көшелерде тәулік бойы қосымша тәртіп сақшылары кезекшілік етеді. Соңғы жыл­дары мектеп бітіру кештерінде орын алатын кейбір жауапсыз әрекеттер қоғам назарын аударып келеді. Әсіресе автокөлікпен кортеж ұйымдастыру, жол қозғалысы ережелерін бұзу, көлік тере­зесінен шығу, қоғамдық орындарда ты­ныштықты бұзу сынды жағдайлар адам өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Өкінішке қарай, мұндай әре­кеттер мерекелік сәтті қайғылы жағдайға айналдыруы мүмкін. Осыған байланыс­ты полиция қызметкерлері білім беру ұйымдары маңында және қоғамдық орындарда профилактикалық жұмыстарды күшейтеді. Құқық қорғау органдары ата-аналар мен түлектерді заң талаптарын сақтауға шақырады. Құқық бұзушылық анықталған жағдайда заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қабылданатынын ескертеміз, –  деді ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы басшының орынбасары Рауан Алдешов.

Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау – тек полицияның ғана емес, әр азаматтың ортақ міндеті. Әсіресе, ата-аналардың жауапкершілігі маңызды. Бала­лардың қауіпсіздігіне бейжай қарамай, олардың мерекені мәдениетті әрі қауіп­сіз өткізуіне бағыт-бағдар беру – басты міндеттердің бірі.

Соңғы қоңырау – өмірдің жаңа белесіне бастар қадам. Сондықтан бұл күн әр түлек үшін қуанышты, жарқын әрі қауіпсіз естелік болып қалуы тиіс. Әр түлектің өміріндегі ең маңызды мереке тек жақсы жағынан есте қалғаны дұрыс.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: