Сенбі, 23 мамыр, 01:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38 (2250)
23.05.2026
PDF мұрағаты

Нақты міндеттер жүктелді

23.05.2026

41 0

Қала әкімдігінде шаһар басшысы Нұржан Ахатовтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда өңірлік деңгейде жүктелген маңызды міндеттердің орындалу барысы қаралды. Жиында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, бюджеттің атқарылуы, оқу жылының аяқталуы мен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов төрағалық еткен Үкімет отырысында авиация саласын дамыту, цифр­ландыру бағыттары және өңірлердегі құрылыс сапасы мәселе­лері көтерілген болатын. Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев мәжіліс өткізіп, бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен бюджеттің игерілуін саралады. Осы міндеттер негізінде қала әкімдігінде тиісті тапсырмалар нақтыланды. Жиында қаладағы негізгі экономикалық көрсеткіштердің оң динамика көрсетіп отырғаны айтылды. Сондай-ақ бюджеттік қаржының игерілу деңгейі тұрақты сақталып, 1 мамырдағы жағдай бойынша бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің шығындары 100 пайыз орындалған.

Шаһар басшысы тиісті сала басшыларына жос­парланған жобалардың уақытылы жүзеге асырылуы мен бөлінген қаражаттың толық игерілуін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

– Дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері жоспарланған жобалардың жүзеге асырылуын, бөлінген қаржының мерзімінде игерілуін тұрақты ба­қылауда ұстауы қажет. Сонымен қатар қаланың эко­номикалық өсімі барлық көрсеткіштер бойынша қам­тамасыз етілуі тиіс, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Күн тәртібінде қаралған маңызды мәселелердің бірі – 2025-2026 оқу жылының аяқталуы мен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру. Сонымен қатар суға шомылу кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары да кеңінен пысықталды.

Биыл қала бойынша 4 436 оқушы мектеп бітіреді. Осыған байланысты ұлттық бірыңғай тестілеу кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және мектеп бітіру іс-шараларын талапқа сай өткізу мәселесіне ерекше мән берілді.

Шаһар басшысы соңғы қоңырау мен аттестат табыстау рәсімдерінде артық шығынға жол бермеуді, мектеп ұжымдарына сыйлыққа қаржы жинау фактілеріне тосқауыл қоюды, жалға алынған көліктермен кортеждер мен экскурсиялар ұйымдастыруға жол бермеуді қатаң тапсырды. Сондай-ақ жазғы шомылу маусымында тұрғындардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды.

– Адам өмірінен артық ештеңе жоқ. Бірақ өмірін тәуекелге тігетіндер бар. Әр шомылу маусымы басталар алдында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонда да ескермей, соңы ауыр жағдайларға жетеді. Қайткенде де жағажайлар мен суға түсуге тыйым салынған айдындарда қауіпсіздік шаралары қатаң бақылауға алынуы керек, – деді шаһар басшысы.

Жиын қорытындысында жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеліп, тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны айтылды.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: