Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Жаңа Қызылорда»: даму мен руханият үндестігі» атты «Әкім аға тілеулестері» РҚБ ұйымдастыруымен халықаралық X форумы аясында мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Әкім Ысқақтың «Өлімді жеңген махаббат», «Алтыным» кітаптарының қарақалпақ тіліндегі аудармаларының тұсаукесер рәсімі өтті.
Айта кетейік, Әкім Ысқақ Мәжіліс депутаты ретінде «Халықтың көші-қон туралы» заңын әзірлеуге үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері. Көші-қон туралы заңның арқасында алыс және жақын шетелдерден 300 мыңға жуық отбасы, яғни 1 миллионнан аса қандасымыз атамекенге оралды. Оның қаламынан туған «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін», «Көңіл қымбат», «Алтыным» атты кітаптарымен өз оқырмандарының құрметіне бөленген тұлға.
Бұл фәниде қашанда өмір қымбат,
Өмір қымбат адамдық сенім қымбат.
Байлығы да дүние бәрінен де,
Көңіл қымбат, көңіл қымбат – деген керемет әннің авторы, бойына сан өнерді жинақтаған саңлақтың өмір жолы көпке үлгі.
Тағылымды кешті республикалық Әкелер Одағының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Е. Ескендір жүргізді.
Рухани демалыс сыйлаған танымдық кешті облыстық мәслихатының төрағасы М.Тілеумбетов ашып, қаламгерге облыс әкімі Н.Нәлібаевтың құттықтауын тапсырды. Облыс әкімінің орынбасары М. Шермағанбет, мемлекет және қоғам қайраткерлері Б.Еламанов, Б.Қаюпов, Қ.Бисенов жүрекжарды тілегін білдіріп, шығармашылығына сәттілік тіледі.
Кешке журналист, тарихшы, ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі З.Әшірбек, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің профессоры Р.Махамбетова, Бердак атындағы Қарақалпақ университетінің профессоры И.Сейтназарова, семейлік ақын Ү.Шарипова, жергілікті зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралы өкілдері қатысты.
Жыршы, республикалық байқаулардың лауреаты Ж. Жақсанов асыл сөзден өлең өрген тұлғаға арнау айтса, шығармашылық иесінің әндерін белгілі әнші, композитор Ү.Ерниязов, Г.Ермағанбетова, М.Байжанов, Т.Шерниязқызы орындады. Шығармашылығын паш еткен талант иесі кеш қонақтары мен қалың көрерменге алғыс білдірді.
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!