Жаздың аптап күндері басталуға да жақын. Ал жаздың сәні – суға түсу. Дегенмен, жазды күтпей-ақ осы күннің өзінде дария жағасында ойнап немесе суға түсуге барған жеткіншектер жеткілікті. Мұндай жайттар рейдтік шаралар кезінде анықталған.
Адамның өмірінен артық құндылық жоқ. Сондықтан да суға түскен кезде қарапайым ережелерді сақтау қажеттілігін кез-келген жан ескеру керек. Расында, адамдардың суда қауіпсіздік сақтамауы орны толмас қайғыға әкеп соғады. Кейбір тағдыр иелерінің өмірін келтеден қияды. Мәселен, ересектер арасындағы өлімнің негізгі себебі – мас күйде суға түсу, ондағы жүріп-тұру ережесін сақтамау және тыйым салынған орындарда демалу. Тағы бір себебі – өз күшіне сену. Ал балалар арасында орын алатын бұл қайғының негізгі себебі – ата-ана бақылауынан тыс суға түсу.
Мамандар қауіптің алдын-алу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын алға тартады.
– Азаматтардың суда қауіпсіздік шараларын сақтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Насихаттық жұмыстар мұнымен шектелмейді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін суға шомылатын орындарда кезекшілік ұйымдастырылып, ескерту тақтайшалары ілінді. Тұрғындар арасында үгіт-насихат жүргізілуде. Атап айтсақ, халық көп шоғырланатын орындарда судағы қауіпсіздік талаптарын сақтау жөніндегі бильбордтар орнатылуда. «Эдельвейс» коммуналдық жағажайында облыстық полиция департаментінің Жедел әрекет ету орталығында бейнебақылау орнатылған. Жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, қала аумағындағы 16 қауіпті учаскеде 2 құқықбұзушылық дерегі анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды. Сондықтанда тұрғындарды балаларды қараусыз қалдырмауға және тек рұқсат етілген орындарда ғана шомылуға шақырамыз, – дейді қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау майоры Олжас Тұрсынбаев.
А. АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!