Сенбі, 23 мамыр, 00:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38 (2250)
23.05.2026
PDF мұрағаты

Құрбан айт ұлттық нақышта тойланады

23.05.2026

38 0

Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айт мейрамын жоғары деңгейде, ұлттық нақышта атап өтеді. Бұл туралы «Ақмешіт Сырдария» орталық мешітінде өткен баспасөз мәслихатында  облыстың бас имамы  Дастан Құрманбаев айтты.

Оның сөзінше, айт күндері түрлі рухани-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Облыстық, қа­лалық және аудандық мешіт­тердің ауласында киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді.  Облыстың бас имамы тұрғындарды ұлттық киім киіп, айт мерекесін қазақы дәстүр мен ұлттық нақышта өткізуге және ұйымдастырылатын игі шараларға белсенді қатысуға шақырды.

Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, һижри жыл санауы бойынша 1447 жылдың зұлхижжа айы 18 мамырда басталады. Арапа күні 26 мамырға сәйкес келеді. Ал 27 мамыр – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні.

– Алла Тағаланың ұлы рақымымен күллі мұсылман жұрты үшін қасиетті саналатын Құрбан айт мерекесі таяп қалды. Бұл – Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың өнегесімен бізге жеткен, шүкірлік пен тақуалықтың, бауырмалдық пен жанашырлықтың жарқын көрінісіне айналған ұлық мейрам. Құрбан айт – тек құрбан шалумен шектелмейтін, мұсылман қауымды ынтымақ пен бірлікке, имандылық пен сабырға үндейтін қасиетті уақыт. Бұл күндері мешіттерімізде айт намазы оқылып, Алланың разылығы үшін құрбандық шалынады. Ең бастысы – мұқтаж жандарға көмек қолын созып, мейірім мен қайырымдылықты арттыруымыз қажет. Жоспар бойынша аймақтағы барлық мешітте Құрбан айт күні таңғы 06:00де айт намазы оқылып, арнайы уағыз-насихаттар жүргізіледі. Мейрам күндері мүмкіндікке қарай қайырымдылық шаралары, дін мен дәстүр сабақтасқан рухани-мәдени шаралар, ұлттық ойындардан сайыстар  өткізіліп, балаларға айт сыйы таратылады. Құрбан шалу рәсімдері санитарлық талаптарға сай ұйымдастырылып, арнайы белгіленген орындарда шариғи тәртіппен өтеді. Сондай-ақ https://qurban.muftyat.kz/  онлайн платформасы арқылы да құрбан шалуға мүмкіндік қарастырылған. Құрбан еттері мешіт еріктілерінің көмегімен мұқтаж отбасыларға жеткізіледі. Соны­мен қатар  құрбан шалу рәсімін өз үйінде өткізіп, құрбан етінің бір бөлі­гін мұқтаждарға тарату мақсатында мешіт­терімізге әкелем деуші жандарға облыс бойынша арнайы ет қабылдау пунктері бекітілді. Құрбан шалу құрбан айт нама­зынан кейін басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады. Құрбан шалу – шамасы жеткен мұсылманға уәжіп амал. Бүгінде «жағдайы бар адам» деп өз қажетінен бөлек ең кемі 85 грамм алтынға тең келетін байлыққа ие кісіге айтылады. Құрбан шалу – ниеттің тазалығы мен ықы­ластың дәлелі. Құрбандық еті үшке бөлініп, бір бөлігі отбасына, бір бөлігі туыстар мен көршілерге, ал үшінші бөлігі мұқтаж жандарға беріледі, – деді Дастан Жанасұлы.

Айт мерекесінде санитарлық талап­ты сақтау мақсатында құрбандыққа шала­тын малды союға арналған арнайы орын­дар әзірленген. Қаламыздағы  Белкөл кентін­де мал союға арналған «Kzo Et» қасапхана­сы қызмет көрсететін болады. Сондықтан да осы талапты сақтаған жөн. Құрбандық­қа шалынған малдың етін уақытында тарату мақсатында тиісті еріктілер тобы жасақталған.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: