9 мамыр – Жеңіс күніне орай елімізде екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға біржолғы әлеуметтік төлем қарастырылған.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының дерегі бойынша елімізде биыл 83 соғыс ардагері мемлекеттік төлем алады. Олардың 69-ы – соғыс ардагерлері, 14-і – соғыс мүгедектері. Бүгінде кейбір өңірлерде соғыс ардагерлері қалмаған. Ал көзі тірі ардагері бар аймақтарда төлем көлемі әртүрлі: 1,5 млн теңгеден басталып, кей өңірлерде 5,5 млн теңгеге дейін жетеді.
Сыр өңірінде бүгінде бір ғана соғыс ардагері қалды. Майдангерге 5501400 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек қарастырылған.
Өңірде соғыс жылдарының ауыртпалығын көтерген азаматтар аз емес. Атап айтқанда, облыста 1331 тыл ардагері, 402 екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген азамат, 331 соғыс ардагерінің жесірі бар.
Сонымен қатар қаламызда да тыл еңбеккерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға тиісті қолдау көрсетіледі. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің берген мәліметтеріне сүйенсек, қалада тыл ардагерлері мен оларға теңестірілген 1338 ардагер бар. Жеңіс мерекесіне орай, тылдағы жанқиярлық еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған ардагерге 60 АЕК; соғыста қаза тапқан (қайтыс болған, хабарсыз кеткен) жауынгерлердің екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне, өмірден озған соғыс мүгедектерінің жұбайларына 50 АЕК; 1941–1945 жылдары тылда кемінде алты ай еңбек еткен азаматтарға – 50 АЕК және мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарының, оның ішінде Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға, Ауғанстан соғысына, Тәжік-ауған соғысына, Таулы қарабахтағы этносаралық қақтығыстарға, Ирактағы халықаралық бітімгершілікке қатысқан, Совет Армиясының мүгедектеріне 50 АЕК мөлшерінде төлем қарастырылған.
Бұл – бейбіт өмір үшін жан қиған, от кешкен ерлерге деген құрметтің бір көрінісі ғана. «Ер етігімен су кешкен» сол бір зұлмат жылдардың батырларын қалай құрметтесек те артық емес.
А.АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!