Бейсенбі, 09 мамыр, 08:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Ерте тұратын ауыл

15.03.2024

835 0

Қадірлі оқырман! Биыл газетіміздің шығарылғанына – 30 жыл. Осы отыз жыл ішінде бізбен бірге болып, халықтың көзі, құлағы һәм тілі ретінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқан үдеден шығуымызға атсалысып келесіздер.  Біздің қаламымыз арқау еткен әрбір тақырып – халық. Сондықтан бұл жолы да жаңа жобамыз өздеріңізге арналып, «Қарашаңырақ» деп аталды. Осы жоба аясында Қызылорда қаласына қарасты ауылдардың тыныс-тіршілігін тақырып тініне айналдырамыз. Ендеше, назарыңыз бізде болсын!

Облыс орталығынан таяқ тастам жердегі Ақсуат ауылдық округі жыл санап жаңарып келеді. Күн өткен сайын халық саны да артқан ауылдың бүгінгі жағдайы  көңіл қуантарлықтай. Кәсібі өркен жайып, шаруасы шалқып тұр. Елді мекенде тіпті кәдімгі шұлық шығаратын кәсіпорын да ашылған. Мемлекеттік бағдарламалардың бұл ауылда орындалу қарқыны жоғары.

– Өткен жылдың өзінде ауылда 200-ге жуық жаңа кәсіпкерлік нысаны тіркелді. Бір ғана «Ауыл аманаты» жобасы аясында 59,7 млн теңге қаражат қаралып, 6 жоба қолдау тапты. Ал «Іскер» бағдарламасы арқылы «Өңірлік инвестиция орталығынан» 42,1 млн теңгенің 7 жобасы, ал «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 10,9 млн теңгенің 2 жобасы қаржыландырылды. Ал 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша 19,3 млн теңге бөлініп, 14 жоба қолдауға ие болды. Жастарға арналған жеңілдетілген несие бойынша 48 млн теңге қаражат қаралып, 10 жобаға бөлінді. Мұнан бөлек те түрлі бағдарламалар бойынша кәсібін ашып ісін өрге бастырып жүрген тұрғындар жетерлік, – дейді ауыл әкімі Нұрболат Бақытов.

Береке мен бірліктің, ырыс пен ынтымақтың ұясындай болған алтын бесік ауылда қай кезде де еңбек еткеннің маңдайы жарқырайды. Түтіні түзу ұшқан Ақсуаттың тыныс-тіршілігін көзбен көріп, көңілге түйіп қайттық.

Атакәсіпті түлеткен жігіт

Ауыл тұрғыны Асылхан Исмаилов бірнеше жылдан бері жылқы бордақылау ісімен айналысады. Жерлестерін табиғи, таза жылқы етімен қамтамасыз етіп келеді. Біз барғанда мал қораны тазалап, маңдайы терлеп, еңбектеніп жатыр екен. Қолын кеудесіне қойып, «ассалаумағалейкүм» деді де, жөн сұрады.

– Негізі бір уақыттары мұнай компаниясында жұмыс істеп жүріп, қысқартуға іліктім. Жаңа қадам бастау керек болды. Көп ойланбадым. Ет бағытында жылқы бағып, халыққа табиғи таза өнім ұсынсам, ол да бір үлкен сауап әрі кәсіп боларын ойладым. Мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алып, несібемді арттырып келемін, – деп сөз бастаған кәсіпкер малдың жайын айтып, әңгімесін қайта жалғады. – Шынымды айтсам, қазір жергілікті жылқыдан гөрі солтүстіктің және батыстың малы салмаққа жақсы. Сондықтан сол жақтан алдыруға тырысамыз. Қазір жем бағасы түсті, оған сай ет бағасы да қалтаға қонымды.

Асылхан бүгінде елге мал бағумен танылып үлгерді. Жылқы етін іздегендер өздері хабарласып, таза, әрі шаруаның өзінен тікелей алуды үйренді. Кәсіпті ашып, өнімді өткізу жағын реттей алмай жатқандардың қасында кәсіпті дөңгелетіп әкеткен оның өзіндік ұстанымы бар.

– Біздің өнімдер ауыл халқынан ауыспайды. Халықтың ойынан шығатын сапаға қол жеткізіп, жылқыны уақытылы семіртіп отырамыз. Бұл – ғылым. Әр күнің ізденіспен өтеді. Жем-шөбінің көлемі, құрамы, бордақыда тұратын уақыты, егер ауыра қалса, оны қалай емдеу керегі – мұның барлығы үлкен ғылым. Еңбектенсең, жемісін жейсің. Жалқаулық танытсаң, омақаса құлайсың. Сондықтан жылқы бағу – еңбекқордың кәсібі, – дейді Асылхан өз тәжірибесімен бөлісіп.

Таң азаннан қара кешке дейін қорада жүріп, тірлігін реттеуде. Жылқы жануарының тілін тауып, оның жанын ұға білетін кәсіпкер алдағы уақытта да кәсібін одан әрі дамытуды көздеп жүр.

Қаланың қызы ауылға қалай үйренді?

Дүйсеновтер әулетінің шаңырағынан ақ үзілмейді. Мал шаруашылығын қолға алған отбасы Қамбар ата төлін көбейтумен айналысады. Мемлекеттік бағдарлама аясында несие алып, жылқы шаруашылығын өркендетіп келеді.

Аядай ғана шаңырақ. Басына орамал таққан келін Жібек Сәдуақасова үйінен жүгіре шығып, сәлем салып жатыр. Қазақы қалпын сақтаған, берекелі отбасы екені көрініп-ақ тұр. Қолына шелегін ұстаған күйі:

– Үйге кіре беріңіздер, үлкендер үйде. Сиыр сауатын уақыт болып еді, – деп, мал қораға беттеді.

Біз үйге кірмес бұрын ауылдағы қайнаған тіршілік қазанындағы берекелі кәсіпті көргіміз келген. Келіннің ізінен ере сауынға беттедік.

– Абайлаңыздар, – біздің сиырлар менен басқа адамды қораға кіргізбейді. Бұзауларын қызғанғаны шығар, – деді біздің таңданысымызға мән берместен.

Кәдімгі албар. Ноқталанған қос бұзау құйрығын аспанға көтере шапқылап жүр. Бір кезде қара сиыр бас көтерді. Алдындағы астауға салынған жемнен басын алып, бізге қарай бір-екі қадам басып еді, ауылда малдың ортасында өскен біз де состиып тұрып қалдық. Апырмай, мұндай да болады екен. Мал екеш малдың өзі иесінен басқаны қораға аттап бастырмағанына аң-таң боп қалдық. Бір уақытта сиырын сауып болып, сары күшігі соңынан қалмай ере шыққан келін сыртта күтіп тұрған бізге қарай беттеді. Үрпиісіп қалғанымызға ұялып қалса керек.

– Үйде сиырды тек мен ғана сауамын. Басқаларды қораның есігінен сығалатпайды. Ана екіншісі мүлдем асау. Сондықтан оны арғы қораға байлап қойғанмын. Тұрмысқа шыққан соң жолдасыма сиыр әперуін өтінген едім, көктем шыға он сиырға дейін сауамын, – дейді өзінің де шағын кәсібінен хабардар етіп.

Ауылдың жігітіне тұрмысқа шығып алып, оны мұрнынан сүйреп қалаға тартатын келіндер ойға оралды. Ауылда қалып, еңбек ететіндер санаулы-ақ. Бірақ осы тілегімізді де жасырмай айтқанымызда ол да үнсіз қалмады.

– Ауыл – береке мен молшылықтың мекені. Қазақтың қарашаңырағы деп ерекше бағалаймыз. Ауылда тұрып, мал ұстамайтындар да болады ғой. Әйтеуір, азық-түлігің табиғи, ешқандай қоспасыз. Балалардан артылған ағарғанды жұмысқа ала барамын. Қазір сүтке де, құртқа да, қатыққа да сұраныс жоғары. Жұртшылық қазір дәріленген химикаттарға қарағанда табиғи тағамдарды іздеп жүріп алады. Рас, мал ұстаған соң бейнеті де бар. Бірақ сол қиындығына қарамастан еңбек етсеңіз, Құдай несібені маңдай теріңе сай бұйыртады, – дейді ауылдың келіні.

Қазақтың әрбір қызы да, келіні де осындай болсыншы дедік іштей. Туған жерге туын тігетін әрбір қазақ баласына осындай жар бұйырсын. Қазақтың «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» деген керемет сөзі ойға оралып, бір сәт серпіліп қалдық.

«Меруерт» торты Ақсуатта жасалады

Дүкен сөрелеріндегі «Меруерт» тортын жеген боларсыз. Осы тәттілердің Ақсуаттан шығатынын білетін бе едіңіз?! Біз білмеппіз. Дәмі тіл үйірер осы тәттілерді талай дастарханнан көрдік. Тәмсана айтып жүргендердің де қарасы қалың. «Меруерт» тәттілері 2020 жылы нарыққа енді.  Міне, содан бері ауқымын кеңейткен кәсіпорын бүгінде күніге 700-800, ал мереке күндері тіпті мыңнан аса тортты дайындап, тұтынушыға ұсынады. Көкжиегі кеңейген кәсіп иелері осы күні Жаңақорған мен Қармақшы аудандарының аралығын тәттімен қамтамасыз етіп отыр. Қазір нарықтан өз орнын тауып, танымалдыққа бастаған «Меруерт» тәтті тортына басқа облыстардан да қызығушылық танытатындар қатары аз емес.

– Біз жұмысымызды 2020 жылы наурыз айында кәсіп бастадық. Алдымен ауладағы кішкене сарайда тортпісірдік. Келіншегімнің хоббиі еді. Меруерт – үлкен қызымның есімі, – дейді Нұрғали Келдібайұлы тіл үйірер тәттілер жайлы айтып. – Карантин басталып кеткенде көп кәсіп тоқтады ғой, енді бірі бағытын ауыстырды. Біз ауылдың «Whatsapp» топтарына жарнамамызды таратып, тұтынушы тауып отырдық. Жұмыстан кейін келіншегім екеуміз аралап жүріп, таратамыз. Кейін осы аумақтағы Ж.Махамбетов, Наурыз елді мекендерінің дүкендерінен тапсырыс келе бастады. Тапсырыс көлемі артты. Кейін қалаға шықтық, әрі қарай аудандарға танылдық.

Бүгінде ісі оңға басқан кәсіпорын қызметкерлеріне жайлы жағдай жасап қойған. Бір үйдің баласындай болып, мұнда 30 шақты адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның барлығы дерлік – ақсуаттықтар. Осыдан 2 жыл бұрын «Еңбек» бағдарламасымен 585 мың теңге грант ұтып алып, оған құрал-жабдықтар алған меруерттіктер қазір үлкен ауқымда жұмыс істеп жатыр.

«Жұмыста барлық талап сақталған. Қызметкерлер қиналып қалса, басшылық тараптан қай кезде де көмек болады. Біз негізінен тапсырыс бергендерге жеткіземіз. Көптеп алатындар ғана осында келеді. Алдағы уақытта да осындай қарқынды жұмыс жалғаса береді», – дейді бригадир Қайырбек Қозыбақов.

Нұрғали Келдібайұлы ғимаратты жалға алып отырғанын жеткізді. Алдағы уақытта өз алдына жеке ғимаратқа көшуді ойлап жүр.  Алдағы уақытта кәсіпті дамытпақ ниетте.

Шұлық та шығады

Жапсырма қағазында «Ақсуат» деп жазылған шұлықтарды бұл күнде халық тұтына бастады. Иә, «қай Ақсуат?» деп жүрмеңіз, біздің Ақмешіттің іргесінен қоныс тепкен Ақсуат ауылдық округі. Жақында шұлық шығаратын шағын цех ашып, отбасылық кәсіптің шымылдығын түрді.

Шағын үйдің ауласында кісі айналарлық қана бөлменің өзінен күніге 200-300 жұп шұлық шығып жатыр. Иә, қазіргі өндіріс дамыған. Шынашақтай нәрседен шыңға бастар даңғылға тап боласыз. Осы аядай бөлменің ішінде Сәрсенкүл Аралбаеваның жақында ғана ашқан кәсібі дөңгеленуде. Баласы мен жолдасы – көмекшілері.

– Келіншегім аяқастынан жұлдыз болып кетті. Бұлай боларын кім ойлаған? – дейді бізді қарсы алған отағасы күліп.

Ұлы мен жолдасы станоктардың тілін біледі. Сырттан келген мамандар бір ай арнайылап оқытыпты. Бүгінде техниканы бір адамдай меңгеріп алған олар жұмысты жүйелі жүргізуде.

– Шұлық шығарамыз деп ойлаған жоқпыз. Әдепкіде ауыл әкімдігінің қызметкерлері халыққа «Ауыл аманаты» бағдарламасы жайлы түсіндірді. Жеңілдетілген несие болған соң әкімшіліктегі жиынға мал шаруашылығымен айналысамыз деп барғанбыз. «Бақсақ бақа екен» демекші, ол несие өндірісті дамытуға беріледі екен. Отбасымызбен ойласа келе, шұлық шығарамыз деп шештік. Құдайға шүкір, жұмыс жүріп жатыр, өнім сатылуда. Зерттеп көргенімізде Қазақстан бойынша шұлық шығаратын бірнеше кәсіпорын ғана бар екен. Үшеуі болса, төртіншісі – біз. Бұл нарықта әлі де бос орын бар деген сөз. Білекті түрдік те, іске кірісіп кеттік, – дейді Сәрсенкүл Аралбаева.

Бүгінде Ақсуаттан шыққан шұлық «Сұлтан» сауда орталығында сатылуда. Өткізу жағын жолға қойған кәсіпкер шикізатты да өзі барып әкелмекші. Әрине, біреуден алып, екіншіге сатуды үйренген қоғамда өзіңіз өнім өндірудің қаншалықты қиын екенін білетіндер аз. Тәуекел деген жел қайыққа міне кетуге көбінің жігері жете бермейді.

– Шикізатты сырттан тапсырыс беріп, алдырып жүргенбіз. Енді өзіміз барсақ деп отырмыз. Өйткені әрбір заттың сапасы ерекше рөл ойнайды, оған баса мән береміз. Ал сапалы дүние шығару үшін шикізатыңыз да талай сыннан сүрінбей өту керек. Біздің өңірге өндірісті дамыту керегіне көз жеткіздік. Тіпті мына жапсырма қағазды да Алматыдан істетіп алдырдым. Енді шұлықты қаптайтын өндіріс бізде болмай тұр. Алдағы уақытта оны да іске қосу ойда бар, – дейді кәсіпкер.

 Кәсіп кәсіпке жетелейді. Бір ой бір ойды тудырады. Иә, өндіріс әлеміне жақында ғана енген кәсіпкердің өзі алға дамудың алғышарттарын қалыптастырып үлгерген. Өйткені бүгінгі қоғам, әсіресе кәсіпте тоқтап қалғанды ұнатпайды, тек алға қадам жасай беруге тырысу керек. Сәрсенкүл Аралбаева бастаған істі дамытуды ойға алып, кірісіп кетті.

Қысты жазға айналдырып…

Қылышын сүйретіп, қаһарлы қыс келсе де Ақсуаттың халқы балғын қиярды сабағынан үзіп алып, жеп отырады. Бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан «ҚазАгроМир» ЖШС мекемесінің жылыжайы бұған дейін де аймақ халқын жыл бойы көкөніспен қамтамасыз етуде үлгі болып келеді. Жылыжай бес жылға жуық уақыт ішінде үздіксіз жұмыс істеп келеді. Екі гектардан аса жер көлеміне орналасқан жылыжай биылғы алғашқы өнімді жинай бастады.

– Мына өздеріңіз көріп тұрған қияр – желтоқсан айында еккен дәніміздің жемісі. Биылғы өнімдер, Аллаға шүкір жақсы шықты. Бір айдың шамасы болды, терім жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қала аумағындағы көп дүкенді қамтамасыз етіп отырмыз. Осы күні отыз шақты адам жұмыс істейді. Олардың дені – жергілікті тұрғындар, – дейді жылыжай бригадирі Ерлан Орынбаев.

Айта кетейік, бұл нысан аймақтағы алғашқы өндірістік жылыжай саналады. Испан технологиясы бойынша жұмыс істейді. Барлық жұмыс автоматтандырылған.

Бұл – елді мекендегі жалғыз жылыжай емес. Жыл басынан бері «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы Ақсуаттан тағы екі жылыжай бой көтерді. Бұл бағыттағы кәсіпкерлер алғашқы өнімін тұтынушыларға ұсынып үлгерді. Солардың бірі – Алма Смаилова.

– Ашқанымызға бір айдан енді ғана асып жатыр. Өнімімізді өткізіп жатырмыз. Кәсіп бастап жатқанымызда Құдайдың да қарасқаны шығар, «көгілдір отынға» қосылып, көп бейнеттен арылдық. Бұрын от жағып, ерте көктемнен көшет шығарып бастайтынбыз. Қазақ «қолы қимылдағанның аузы жыбырлайды» деп, бекер айтпаса керек-ті. Бейнеттенсең, жемісін жейсің. Әрі демаласың, әрі өнімін көрген сайын еңбектенуге ықыласың да арта түседі. «Көз – қорқақ, қол – батыр» дедік те білек түре кірісіп кеттік қой. Балам Нұрғазының бастамасы, мен – көмекшімін. Енді берекесін берсін деп әрекет етіп жатырмыз, – дейді А.Смаилова.

«Елде болса, ерінге тиеді» деп, ақсуаттықтар осылай ақ қарлы маусымда сабағынан жаңа үзілген қиярдың дәмін татуда. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын таба түсетіні анық.

Даңғыл жолдың бойында…

Елді мекен бірнеше ауылды жалғайтын экономикалық тиімді аймақта орналасқан. Сырдария ауданына қарасты Бесарық, Қоғалыкөл ауылдарының халқы облыс орталығына осы ауыл арқылы қатынайды. Ал екінші басында Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық автодәлізі орналасқан. Сондықтан ең әуелі кәсіпкерлігінің көш бастауына сеп. Жол бойы қызмет көрсету нысандары мен сауда орындары көп орналасқан. Бұл ауыл әлеуетін көтеруге маңызы зор болатыны анық. Жол бойында жұмыс істеп тұрған дүкендердің бірі – «Көркем» сауда орны. Бүгінде кісі аяғы арылмайтын сауда нүктесі ауқымын кеңейтіп, қосалқы сауда орнын да ашып қойыпты. 

– Адамды жаратқан Құдай несібесіз қалдырмайды. Қандай да бір істі бастасаңыз, оны ары қарай дамыту үшін төккен теріңіз міндетті түрде ақталады. Бастысы, адал еңбек ету керек. Бұрынырақ та дүкеніміз болатын, міне жаңартып, үлкейтіп, кәсіптің бойына қан жүгіртіп жатырмыз. Көкөністерге арналған екінші қосымша дүкенді де ашып қойдық. Бастысы, халыққа қызмет, – дейді кәсіпкер Гүлмира Дүйсенбайқызы.

Мамандығы – музыкант, кәсібі – тігінші

Алтынкүл апайдың алтын қолы талай жанға жауратпайтын көрпе тігіп беріп жүр. Жақын-жуыққа киім тігуге де уақыт табады. Әйтсе де мамандығы музыкант болған апайдың қолынан шыққан туындылары құдды бір әні мен сөзі үйлескен ғаламат шығармашылық туындының шырқалғаны тәрізді. «Қай істі де ерекше махаббатпен сүйсініп жасаса, одан шедевр шығаруға болады» дейді жақында ғана кәсіп ашқан Алтынгүл Дүйсенғазиева.

Ол «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген несие алып, көрпе тігетін және жүн түтетін станоктар сатып алды. Бүгінде халықтан тапсырыс қабылдап, сол бойынша жұмыс істеп жүр. Кәсіпкер кез келген істің өзіңе ұнамды жағын ескеріп, еңбек ету қызығушылығыңды арттыратынын айтады.

– Мен отбасымда ерекше бала тәрбиелеп отырмын. Сол себепті, мамандығым бойынша жұмыс істеу тиімсіздеу болды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы естіп, үйде қызымның қасында істейтін кәсіп қарай бастадым. Осылайша көрпе тігуді бастап кеткен жайымыз бар. Қызым – қолғанатым. Кейде өзіме көмектеседі, – дейді ол.

Кәсіп бастау үшін алдымен сол салаға машықтану керегін ойға түйген Алтынгүл апай тігіншілік курсын оқып алды. Қазір күнделікті тұрмыста қажетті анау-мынау киімді қас-қағым сәтте дайындап, қолыңызға ұстата салады.

– Станокты Алматыдан алдырдым. Өздері келіп орнатып, барлығын үйретіп кетті. Кәсіпке келсек, әрі қызық, әрі қиын. Бірақ қиындықты қызық ұмыттырып жібереді. Болашақта құрақ құрау ісін де дамытып, қасыма көмекшілер алып, кәсібімді кеңейткім келеді, – дейді А.Дүйсенғазиева.

Елдегі мәселелер шешіліп келеді

Мұндағы басты мәселе – электр бағаналарының әлсіздігі болатын. Жыл өткен сайын аумағы кеңейіп келе жатқан Ақсуаттың халқын электр энергиясымен қамтамасыз ету әрбір жиын сайын қозғалып жүрді. Бүгінде бұл бағытта қомақты қаражат бөлініп, жұмыс жолға қойылмақ.

– Электр желілерімен қамтылмай қалған 22,5 шақырым ұзындықтағы 32 көшені мәселесін шешуге қалалық бюджеттен 4,8 млн теңгеге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, 1 млрд 58 млн теңгеге бағаланған жұмысты «Энергомера» компаниясы ұтып алды. Биыл бұл мәселе түбегейлі шешіледі, –  дейді ауыл әкімі Нұрболат Бақытұлы.

Жаңарған ауылдағы жол мәселесі де өзектілігін жоя қойған жоқ. Тұрғындардың талап-тілегін ескере отырып, биыл 23 көше жөнделетін болса, 10 көшеге жарық бағаналары орнатылып, елдің қауіпсіздігіне баса мән берілуде. Мұнан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында да тағы бірқатар жол жөнделіп, көшелер жарықтандырылмақ.

– Әрине, мүмкіндік болып жатса, әлі біраз жұмыстарды қолға алмақпыз. Жол мәселесі халықтың көкейінде жүрген мәселе болатын. Одан бөлек, 600 орындық «Жайлы мектептің» құрылысы басталады. Ойын алаңдарын жасау, жол жөндеу, абаттандыру жұмыстары лек-легімен орындала бермек, – деді ауыл әкімі.

Түйін.

Қала іргесінде тұрса да қазақы болмыстан ажырамай, ұлттық құндылықтарды сақтай білген елді мекеннен шығып барамыз. Құрылыс материалдарынан бастап, қажеттің бәрін табатын құрылыс дүкеніне дейін бар екен. Әкім жетістіктерін тағы бір мәрте жіпке тізгендей айтты да «Біздің ауыл осындай…» деді күлімсірей. Иә, мақтауға да, мақтануға да тұрарлықтай…

Дәулет ҚЫРДАН.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: