Құрметті Олжас Абайұлы!
Құрметті активке қатысушылар!
Халқымызда «Елдің ертеңі ел басқарған ердің еңбегімен өлшенеді» деген сөз бар. Шын мәнінде, ел тізгінін ұстаған азаматтың әрбір ісі – халықтың болашағына тікелей әсер ететін жауапты қадам.
Бүгін – өңір тарихында қалатын тағы бір маңызды күн. Мемлекет басшысының Сыр еліне деген ерекше ықыласы мен қолдауын әркез сезініп келеміз. Сол себепті бүгін аймақ басшылығына Президентіміздің өзі сенім білдірген, осы елдің тыныс-тіршілігімен жақсы таныс азамат Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевтың кандидатурасын толық қолдаймыз.
Жалпы қызылордалықтар елдің дамуына, өркендеп өсуіне бағытталған барлық мемлекеттік бағдарламалар мен бастамаларды қолдап, елдік іске жұмылуда көш басынан табылып келеді.
Бір ғана мысал, Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бастамасымен қолға алған «Таза Қазақстан» бағдарламасы біздің өңірімізде жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Тіпті бүгінде басқа өңірлерге үлгі болып жүргенімізді естігенде, ерекше мақтаныш сезіммен қабылдаймыз.
«Таза Қазақстан» – бұл жай ұран емес, еліміздің өзекті экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған кешенді бағдарлама.
Соңғы жылдары Сыр өңірінде Мемлекет басшысының және Үкіметтің тікелей қолдауымен ауқымды өзгерістер, ірі жобалар жүзеге асты. Осы жылдар ішінде облыста нақты нәтижеге бағытталған кешенді жұмыстар атқарылды.
Инфрақұрылым саласында ірі жобалар жүзеге асып, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар жасалды.
Қызылордалықтардың арманына айналған облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тапты.
Барлық елді мекендер 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. Төрт жыл бұрын газдандыру деңгейі 67 пайыз болса, бүгінде 83 пайызға жетті.
Жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетті. «Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолының облыс аумағына қарасты бөлігі қайта жаңғыртылды.
Президентіміздің тапсырмасымен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытындағы жолын төрт жолақты етіп кеңейту жобасының бірінші кезеңі басталды.
«Бейнеу – Сексеуіл» бағыты бойынша жолдың құрылыс жұмыстары да жақын күндері басталады.
Облысымызда тұрғындарымызды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік әлеуметтік саясат нәтижелі іске асуда.
Соңғы төрт жылда қаржыландырудың барлық көзінен 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.
Теміржол вокзалдары күрделі жөндеулерден өтті, жаңа автовокзал салынды. Мемлекет басшысының қолдауымен Қорқыт Ата әуежайының жаңа терминалы жеке инвестордың демеушілігімен салынып, ел игілігіне табысталды.
Қорыта айтқанда, Нұрлыбек Машбекұлының Қызылорда облысын басқарған кезеңі Президентіміз бен Үкіметтің тапсырмаларының нәтижелі орындалуының арқасында өңір дамуына үлкен серпін берген, нақты сапамен айқындалған жемісті әрі серпіліс уақыты болды.
Құрметті Нұрлыбек Машбекұлы!
Мемлекет басшысымен ендігі кезекте сізге жүктеліп отырған жаңа қызмет аса зор жауапкершілік пен биік сенімнің айғағы.
Осы орайда, алдағы жұмысыңызда ел игілігі жолындағы бастамаларыңызға сәттілік, мемлекет дамуына қосатын үлесіңіз еселеніп арта беруіне тілектестік білдіреміз.
Жаңа қызметіңізге толағай табыс, мықты денсаулық және баянды жетістіктер тілейміз!
Облыс әкімінің қызметіне кіріскелі отырған Мұрат Нәлқожаұлына сәттілік тілейміз!
Ибрагим Әбибуллаев,
еңбек ардагері
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!