Сенбі, 23 мамыр, 00:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38 (2250)
23.05.2026
PDF мұрағаты

Құрылыс сапасы қатаң бақылауда

23.05.2026

35 0

Құрылыс алаңындағы қарбалас пен техниканың үні алдағы үлкен өзгерістің лебін сездіргендей. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қаланың даму қарқынын бақылау мақсатында маңызды құрылыс нысандарын аралады. Аралау барысы шаһардың мақтанышына айналғалы тұрған «Қызылорда Арена» нысанынан басталды.

Олимпиадалық стандартқа сай салынып жатқан «Қызылорда Арена» құрылысы қарқынды жүргізілуде. 400-ге жуық құрылысшы спорт кешенін уақытылы тапсыру үшін күндіз-түні еңбек етуде. Жаңа спорт кешені заманауи талаптарға сай жоғары деңгейде жобаланған. Жалпы ауданы 20 мың шаршы метрден асатын ғимарат тоғыз блоктан тұрады. Жобаның басты ерекшелігі – халықаралық жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін 50 метрлік олимпиадалық бассейн. Бұл Сыр өңірінде су спорты түрлерінің дамуына жаңа серпін бермек.

– Кешен бір мезетте 2500 көрерменді қабылдай алады. Мұнда облыстық қана емес, әлемдік деңгейдегі турнирлер мен чемпионаттар өткізуге мүмкіндік бар. Кешенде футзал, баскетбол және волейболға арналған әмбебап алаңдармен қатар, өзге де спорт түрлеріне арналған залдар қарастырылған. Сондай-ақ спорт­шы­лардың демалуына, медициналық көмек алуына және 150 орындық кон­ференция залында басқосулар өткізуге жағдай жасалған. Қасбеті алюминий панельдермен, ал витраждары өртке тө­зімді әйнектермен қапталған, – дейді жоба жетекшісі Қайрат Есенгелдіұлы.

<strong>Құрылыс сапасы қатаң бақылауда</strong>

Жоба құны 20,5 млрд теңгені құ­райтын «Қызылорда Аренада» бүгінде құрылыс жұмыстарының жартысынан астамы аяқталған. Зәулім ғимарат жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. «Aspan Holding» мердігерлік ететін бұл нысан облыс орталығының сәулетін айшықтап қана қоймай, болашақ чемпиондардың шеберханасына айналмақ.

Әлеуметтік нысандарды аралау халық сұранысынан туған жоба – №5 қалалық емхана құрылыс алаңында жалғасты. Құ­рылыс жұмыстары жыл басында басталған емхана 400 келушіге арналған. Қазіргі таңда бетондау және қабырғалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мұнда 75 жұмысшы мен 9 техника қызмет етуде. Қасбеті заманауи материалдармен қапталып, жұмыс басталар алдында құрылысшыларға күн сайын арнайы қауіпсіздік нұсқаулығы өткізіледі.

Қауіпсіздікке ерекше мән беретін жоба басшысы Шухрат Мұхтаров жұмысшыларға жатын орын мен асхана қарастырылғанын айтты. Сонымен қатар құрылыс материалда­рының басым бөлігі отандық өнім екенін жет­кізді. Бұл – жергілікті өндірісті қолдаудың бір көрінісі.

– Титов мөлтек ауданы мен оған іргелес аумақтарда тұратын 40 мыңнан астам халық үшін бұл нысан аса маңызды. Жалпы құны 9 млрд 823 млн теңгені құрайтын емхананың аумағы 9 мың шаршы метр болады. Заманауи талаптарға сай салынатын ғимарат жоғары сапалы технологиялармен жабдықталып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалады. Жоба аяқталған соң құрылыс сапасына 10 жыл кепілдік беріледі, – дейді жоба басшысы Шухрат Мұхтаров.

Емхана халыққа амбулаториялық-емха­на­лық, диагностикалық және күндізгі стацио­нарлық медициналық қызмет көрсе­те­тін көпсалалы орталық болмақ. Мұнда жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімінен бөлек, акушерлік-гинекологиялық тіркеу, педиатрия, профилактика, маманданды­рыл­ған және шұғыл көмек бөлімдері жұмыс істейді. Жаңа нысан іске қосылғаннан кейін тұрғындардың қала орталығына қатынап, уақыт жоғалту мәселесі азайып, алғашқы медициналық көмектің сапасы артады деп жоспарлануда.

Журналистердің келесі бағыты – сол жағалауда салынып жатқан 300 төсектік көп­бейінді аурухана құрылысы. Нысанда бір ауысымда 100 келушіні қабылдайтын емхана және 100 төсекке арналған онколо­гиялық бөлімше қарастырылған. Құры­лысы қарқынды жүріп жатқан кешен 10 блоктан тұрады. Онда емхана, қабылдау, операциялық, реанимация, химиотерапия, радиология бөлімдері, әкімшілік, тамақтан­дыру және конференция залдары орналасады. Құны 54,3 млрд теңгені құрайтын жобаны «Мелиоратор» серіктестігі жүзеге асыруда.

Думан РАХЫМЖАНҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: