«Отбасы – шағын мемлекет» деген ұғымның астары терең. Әр шаңырақтың өзіндік ұстанымы, алға қойған мақсаты болады. Ортақ отаудың иесі отағасы болса, киесі – отанасы. Отбасында әйел мен ер арасында татулық, келісім болса, сол ұяда тыныштық болып, береке кіріп, ырыс пен ынтымақ орнайды. Отаудың түтіні түзу шығып, ел құрметтейтін құтты шаңыраққа айналуы одақ құрған ерлі-зайыптының сыйластығына байланысты.
«Анаға тағзым» орталығында қалалық қоғамдық даму және қалалық әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен 15 мамыр – халықаралық отбасы күніне орай «Берекелі отбасы – жарқын болашақ!» атты мерекелік іс-шара өтті. Татулықты ту еткен отбасылардың ұлағатты өмір сүру дағдысын үлгі етуге арналған іс-шараның басты мақсаты – отбасы құндылығын дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын насихаттау.
Салтанатты іс-шараны жүргізген қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов бұл мерекенің отбасы құндылығын дәріптеп, әр шаңырақтағы сыйластық пен сүйіспеншілікті үлгі етіп, халықаралық деңгейде аталып өтілуі отбасының қоғамдағы рөлін айқындап, ұрпақ тәрбиесіне негіз болатынына тоқталды.
Отбасы құндылығын арқау еткен басқосуға қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлнәр Жұмашева, құқық қорғау органдарының өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері мен «Алтын той», «Гауһар той» иелері қатысып, отбасы институтының қоғамдағы маңызы туралы ой бөлісті.
Басқосуда отбасы қоғамның негізгі тірегі, ұлттық құндылықтардың алтын арқауы екені кеңінен айтылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отбасы институтын нығайтуға бағытталған бастамалары мен отбасылық құндылықтарды қорғау мәселесіне айрықша көңіл бөлініп отырғаны атап өтілді. Іс-шарада қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов сөз сөйлеп, отбасы татулығы мен ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар қоғамдық ұйымдардың отбасы құндылығын насихаттаудағы рөлі ерекше екені айтылып, қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлнәр Жұмашева өз пікірін білдірді.
Кештің негізгі бөлігінде көпке өнеге болып жүрген әулеттердің ғибратты өмір жолын таныстырды. Атап айтқанда, 66 жыл бойы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан Қойшыбаевтар отбасы туралы кеңінен айтылып, отанасы Айша Қойшыбаева жастарға отбасы бірлігін сақтау, сыйластық пен төзімнің қадірі жөнінде ақыл-кеңесін айтты.
– Отағасыммен 40 жыл мал шаруашылығымен айналысып, түйе бақтық. Шаңырақта Алла берген 14 бала, 35 немере, 31 шөбере бар. Бәрі жоғары білімді. Ата-бабаларымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бекер айтпаған. Қоғам қиын отбасынан шыққан баланы тәрбиелегенмен, «көн қатса, қалыбына барадының» күйін кешеді. Отбасылық тәрбиенің өнегесі ұрпақтың жадында жатталып қалады. Діңі берік ағаш мықты болатынындай, көзін ашқаннан ізгілікке тәрбиеленген бала отаншыл, жігерлі, көпшіл, жайдары келеді. Есейіп ер жеткенде, ата-анасынан алған тәрбиесімен өз отбасына жанашыр, бақытты, мерейлі шаңырақтың қатарына қосылады, – дейді алтын құрсақты ана Айша Аятоллақызы.
Сондай-ақ 55 жылдық ғұмырын бірге өткізген Әбішевтер отбасы да төрден орын алды. Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше мәрте мемлекеттік марапаттарға ие болған Сайлаубай Әбішұлы мен жары Гүлсайран Жұмашеваның өнегелі өмірі жас буынға үлгі ретінде насихатталды.
– Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Отбасының береке-бірлігі – әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамы мен бақытты жүзінде. Бала тәрбиесінде және оның дара тұлға болып қалыптасуында ата-ананың рөлі мен отбасы құндылығының маңызы өте зор. Ұлт болашағының іргетасы, негізін қалаушы отбасы болса, отбасының іргетасы – бала. Ал бала отбасының жылуын, қолдауын сезінгенде ғана бақытты болып ержетеді, – дейді Сайлаубай Әбішұлы.
Салтанатты кештің қадірлі қонағы – Шәмшиевтер отбасы. Отасқандарына 58 жыл болған. Отағасы Сағындық Шәмшіұлы еңбек жолын Қызылорда қаласындағы қалалық ауруханада дәрігер-анестезиолог, хирург мамандыгы бойынша ұзақ жыл жедел жәрдем станциясының бас дәрігері қызметін абыроймен атқарған. Жұбайы Сақыпжамал Тереңөзек (қазіргі Сырдария) аудандық ауруханасында медбике болып бастап, кейін қызметін қалада жалғастырған. Үлгі-өнегесімен елге танылған Шамшиевтер отбасы көпшілікке таныстырылып, олардың медицина саласындағы адал еңбегі мен адамгершілік қасиеті ерекше атап өтілді.
Шара соңында 90 жасқа толған ардақты қария Нұртаза Қойшыбаев пен 80 жасқа толған Сайлаубай Әбішұлына құрмет көрсетіліп, қала әкімінің атынан арнайы сый-сияпат табысталды.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!