Биылғы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 2762 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 962,4 млн теңге төленген. Бұл туралы қалалық мәслихаттың XXXXXIII сессиясында айтылды. Қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев төрағалық еткен сессияға қала әкімі Нұржан Ахатов, қала әкімінің орынбасарлары, облыстық және қалалық мекемелердің басшылары, құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдардың, кәсіпкерлік құрылымдардың өкілдері, кент және ауылдық округ әкімдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия отырысында «Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын шараларды іске асыру бойынша әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы жандарға көмек көрсету және оларды жұмыспен қамтудың жай-күйі туралы» мәселесі талқыланып, қала, кент және ауылдық округтердің бюджеттерінің атқарылуы жөніндегі есептері бекітілді.
Бүгінде қалада 15 мыңнан астам мүгедектігі бар адам, 36 мыңнан астам зейнеткер және 16 мыңнан астам көпбалалы отбасы тұрады. Осы санаттағы азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында бөлім тарапынан 16 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіліп, әлеуметтік төлем тұрақты түрде берілуде. Сондай-ақ жекелеген санаттағы азаматтарды әлеуметтік қолдауға 349,7 млн теңге бағытталды. Мүгедектігі бар азаматтарды оңалту және қолдау шаралары аясында әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 9 мыңнан астам адамның өтінімі орындалды. Жеке көмекші, ымдау тілі маманы қызметтері ұйымдастырылып, инватакси қызметімен 700-ге жуық азамат қамтылуда.
Қалада ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыру бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыстар атқарылуда. Әрбір тұрғынның еркін қозғалысы мен тең мүмкіндігін қамтамасыз ету – заманауи қала дамуының басты талабы. Биыл инфрақұрылымы бейімделуі тиіс 216 нысан белгіленген болатын. Қазірдің өзінде оның 200-і арнайы интерактивті қолжетімділік картасына енгізіліп, жылдық жоспар 93 пайызға орындалды.
Өңірде жұмыссыздық мәселесін шешу және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында ауқымды қадамдар жасауда. Өңірлік жұмыспен қамту картасының нәтижесінде бүгінде 3 473 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінде қоғамның әрбір өкіліне жеке мүмкіндіктер қарастырылған. Мәселен, еңбек жолын жаңа бастаған түлектер «Жастар тәжірибесімен» шыңдалса, орта жастағыларға «Күміс жас» жобасы арқылы қоғамға пайдасын тигізуде. «Бастау Бизнес» арқылы кәсіпкерлік қыр-сырын меңгеріп жатқандары да бар.
Қаржылық қуаттың артуы аймақтың экономикалық тұрақтылығын нығайтып, жергілікті маңызы бар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды ауқымды түрде жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Қала, кент және ауылдық округтердің бюджеттерінің атқарылуы жөніндегі есептерді бекіту барысында оң динамика тіркелді. Өткен жылы қала бюджеті 153,8 млрд теңгені құрады. Бұл – соңғы екі жылдық көрсеткіштермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары өсім. Бюджет қаражатын бөлуде ең алдымен халықтың әл-ауқаты мен қала инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілді. Осы орайда, әлеуметтік салаға 8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, атаулы әлеуметтік көмек, әлеуметтік төлемдер, мүгедектігі бар азаматтарды қолдау және оңалту шаралары толықтай жүзеге асырылды.
Қаланың көркі мен жайлылығын арттыру мақсатында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына 84,5 млрд теңге жұмсалды. Бұл қаражат заманауи көпқабатты тұрғын үйлер құрылысына, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, мұқтаж жандарға тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ қала аумағын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына бағытталып, шаһардың дамуына жаңа серпін берді.
Кезекті сессияның күн тәртібіне қойылған барлық өзекті мәселелер ашық әрі жан-жақты талқылаудан өтті. Депутаттар мен жауапты тұлғалар әрбір бағытты мұқият қарап, қала болашағы мен халықтың игілігіне қызмет ететін сындарлы шешімдерді қабылдады. Бұл шешімдер аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, жүйелі реформалардың сәтті жүзеге асуына жаңа серпін бермек.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!