Жұма, 22 қараша, 04:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Сыр айбыны – жас сарбаз

07.05.2024

1664 0

Өткен жылы бүкілармиялық кеңесте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының мәртебесін жалпыұлттық деңгейге көтеру қажеттігін мәлімдеген еді. Осы бағытта біраз жұмыс атқарылып, «Айбын-2023» әскери-патриоттық жастар жиыны кеңінен танымал болып, халықаралық мәртебеге ие болды. Әскери жиынға қазақстандық әскери-патриоттық клубтардан басқа Әзірбайжан мен Өзбекстан командалары да қатысты.
2018 жылы негізі қаланған бұл әскери-патриоттық қозғалыс өскелең ұрпақтың бойында азаматтық жауапкершілік пен отансүйгіштік сезімдерін қалыптастырудағы елеулі қадам болды. «Жас сарбаз» жастарды әскери қызметке дайындап, елінің әскери дәстүрі мен тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеуге бағытталған. Бағдарламаға қатысушылар дене шынықтыру, әскери тарих және әскери қызмет ережелері, көшбасшылық пен топтық жұмысты дамытуды қамтитын жаттығулардан өтеді.
Облыс және республика көлемінде жастарды әскери-патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы ауқымды жұмыс атқарып келеді. «Жас Сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жасұлан Жаңабай әскери-патриоттық тәрбие жеке тұлғаны жан-жақты дамытып, өз еліне деген жауапкершілігін және оның мүддесін қорғауға дайын болуға, сонымен қатар ұлттық бірегейлікті нығайтуға, көшбасшылық қасиеттерді дамытуға ықпал ететінін айтты.
– «Жас Сарбаз» ұйымының мақсаты – жастарды ел тарихына, мәдениетіне құрметпен қарауға үйретіп, ел тәуелсіздігін ең жоғары құндылық деп танитын нағыз патриоттарды тәрбиелеу. Біз әскери-спорттық ойындар, тарихи ізденістер, ардагерлермен кездесулер сияқты түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Бұл жастарға өз елінің тарихын және патриотизмнің маңыздылығын жақсы түсінуге көмектеседі. Сондай-ақ біз ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңыздылығын талқылайтын дәрістер мен семинарлар өткіземіз, – дейді «Жас Сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жасұлан Жаңабай.
Қазіргі таңда еліміздегі 20-дан астам филиалында 280 мыңнан астам жастар әскери-патриоттық клуб мүшелері қатарында. Қозғалыс құрамына 9 мыңға жуық әскери-патриоттық ұйым енген екен. Оған қала мектептерінде, колледждерде ашылған «Жас сарбаз» сыныптары мен «Smart sarbaz» үйірмелерін айтуға болады. Нақты деректерге сүйенсек, әскери-патриоттық қозғалыс пен өңірлердегі филиалдарының жұмысы нәтижесінде соңғы 5 жыл ішінде әскери-патриоттық клубтар саны 2828-ден 8672-ге дейін, ал оған қамтылған бала саны 73 164-тен 260 162-ге дейін артқан. «Жас Сарбаз» облыстық қозғалысының жетістіктері де аз емес.
– Атап айтар жетістіктер бар. Солардың бірі – «Айбын-2023» IX халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында өңірлік қатысушылар арасында «Сыр айбыны» әскери-патриоттық клубы жеңіске жетті. Ең басты жетістігіміз – ел дамуына үлес қосқысы келетін жастар санының көбеюі. Қазіргі клуб мүшесі болған жастар өз қызметін әскери салада жалғастыруда. Біз жастарға болашақта әскерде немесе басқа құқық қорғау органдарында қызмет ету мүмкіндігі туралы әскери-кәсіптік бағдар береміз, – дейді ол.
Жалпы «Жас сарбаз» білім берумен қатар әскери-патриоттық тәрбие беретін, елін, жерін қорғауға үлес қосуға дайын азаматтарды қалыптастыра алатын үздік ұйым деуге болады.
Бағдарлама аясында оқу-әдістемелік жиындар, әскери-патриоттық әндер фестивалі және ұлттық мақтаныш сезімін дамытуға ықпал ететін спорттық жарыстар сияқты түрлі іс-шаралар өткізіледі. Жыл сайын өткізілетін «Жас сарбаз» республикалық патриоттық әндер фестивалінің орны ерекше. Фестивалдің іріктеу кезеңдеріне еліміздің барлық өңірлерінен оқушылар қатысады екен.
Күні кеше «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны 10-шы мәрте ұйымдастырылды. Сайысқа аймақтағы мектеп оқушыларынан құралған 8 команда қатысты. Жарыстың 9 түрлері бойынша ең көп балл жинаған команда жеңіске жетті.
– Жыл сайын республика көлемінде «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өтеді. Жиынға ең мықты деген жас сарбаздар қатысады. Бұл жиын жыл сайын жоғары деңгейде өтуде. Оқушылар белтемірде тартылу, арқаға жатып денені көтеру, жүгіру, әскерилендірілген эстафета, пневматикалық винтовкадан ату, арқан тарту, АК-74 автоматын бөлшектеу және жинаудан сайысты. Осы сайыста халықаралық «Айбын» жиынына кімнің баратыны анықталады, – дейді Жасұлан Жаңабай.

София ХАЙРУЛЛАҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: