Сұлу Сырдың бойында орналасқан Қызылорда қаласы күн санап құлпырып келеді. Бүгінде алып құрылыс алаңына айналған Сырдария өзенінің жағалауына жұрт қызыға қарайды. Әр өткен сайын құрылысты бағдарлап, қашан аяқталатынын бір-бірінен сұрап та қояды.
Иә, дария бойындағы жаңаша өзгерістер тұрғындардың көз қуанышына айналары анық. Мұндағы Президент саябағындағы өзгерістер, жаңадан салынып жатқан биік үйлер, тіпті жаңа нысандар алыстан мен мұндалап көрінеді.
Соңғы екі жылда Сыр жағалауынан тынымсыз құрылыс басталды. Бүгінде Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеттері ныңайтылып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі заманауи демалыс аймағы қалыптасуда. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстарымен танысты.
Жобаны «Қаратас Майнинг», авторлық қадағалауды «Geopsd kzo», техникалық қадағалауды «Орда-S» серіктестіктері жүзеге асыруда. Оған 2 млрд 996 млн теңге бөлінген, 2756 метр екі жолақты жаяу жүргінші және велосипед жолы салынып, асфальтбетон жабындысы төселеді. Сонымен бірге 2928 метрлік қорғаныс бөгетінің еңісі нығайтылады. Бұл жағалауды су тасқыны мен шайылудан қорғайды. Сонымен қатар сыртқы жарықтандыру жүйесі, 2848 метр электр желісі тартылады және 110 жарықтандыру тірегі орнатылады. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында 2670 метр металл қоршау, демалыс аймақтарына орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылады.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!