Қызылорда облысы білім басқармасына қарасты №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернаты 30 жылдан астам уақыт бойы Сыр өңірінің талапты да талантты жасөспірімдерінің қабілетін шыңдап, жаратылыстану-математикалық бағыттағы білім беру ісіне сүбелі үлес қосып келеді. Білім ордасының басты миссиясы – отандық және халықаралық озық тәжірибеге сүйене отырып, құндылықтарды бойына сіңірген, бәсекеге қабілетті әрі жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыру арқылы еліміздің адами капиталының өсуіне үлес қосу. Осы ұстанымды берік ұстанған лицей ұжымы оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде тынымсыз еңбек етіп келеді.
Лицей-интернатта олимпиадаға жүйелі даярлау ісі жоғары деңгейде. Ұстаздар шәкірттерін республикалық және халықаралық білім бәсекелеріне дайындап, нәтижелі жұмыс жүргізудің арқасында жыл сайын жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Соның айқын дәлелі – жаратылыстану-математикалық бағыттағы республикалық олимпиадалар қорытындысы бойынша лицей бірнеше жыл қатарынан еліміздегі 8000-нан астам мектептің ішінен алғашқы ондыққа еніп, биылғы рейтингте 8-орынға көтерілуі.
Биылғы жетістік – Қызылорда облысының олимпиада тарихында тұңғыш рет республикалық олимпиадалық команда резервіне бес оқушының шақырылуы. Атап айтқанда, биология пәнінен Иса Хафиз, физика пәнінен Ларбада Теңізбаев, информатикадан Мансұр Мамадахунов, математикадан Арнұр Аңсатов және химия пәнінен Теңізбаев Арен Қазақстанның республикалық олимпиада құрамасына енді. Бұл – дарынды оқушылардың дүниежүзілік олимпиадаларға қатысуына жол ашатын үлкен мүмкіндік.
2026 жылдың 18-24 наурызы аралығында Қостанай қаласында математика мен информатика пәндері бойынша республикалық олимпиада өтіп, оған еліміздің түкпір-түкпірінен 310 оқушы қатысты. Сондай-ақ 21-25 наурыз күндері Астана қаласында физика және биология пәндерінен республикалық пәндік олимпиаданың қорытынды кезеңі өтті. Осы білім додаларында Сыр елінің үмітін арқалаған Сейілбек Шаухаманов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушылары жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жүлделі орынды иеленді.
Республикалық олимпиада қорытындысы бойынша информатика пәнінен 11-сынып оқушысы Мансұр Мамадахунов алтын медальға ие болса, 9-сынып оқушысы Кенжебек Шәдібай қола медаль жеңіп алды. Математика пәнінен 11-сынып оқушысы Арнұр Аңсатов алтын медаль иеленді. Математика пәні бойынша 11-сынып оқушысы Асқар Мұхтарұлы мен 9-сынып оқушысы Баймұхаммед Ибрагим қола медаль еншіледі. 9-сынып оқушысы Ерасыл Төлепбаев Алғыс хатпен марапатталды. Физика пәнінен 9-сынып оқушысы Ларбада Теңізбаев алтын медаль жеңіп алса, 10-сынып оқушылары Нұрасыл Сейлханов мен Ағзам Ермахан қола медаль иегері атанды. Биология пәнінен 9-сынып оқушысы Хафиз Иса алтын медальға қол жеткізді. Осы пән бойынша 9-сынып оқушысы Өмірбек Аян күміс медаль иеленсе, 11-сынып оқушысы Қасымжомарт Назаров Алғыс хатпен марапатталды. Химия пәнінен Арен Теңізбаев күміс медаль жеңіп алды.
Бұл жетістіктер – дарынды шәкірттердің талмай ізденуі мен ұстаздардың кәсіби шеберлігінің жемісі. Білім мен бәсекенің биік белесінде топ жарып жүрген лицей оқушылары Сыр өңірінің ғана емес, тұтас елдің мақтанышына айналып отыр.
София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!