Қашанда жүзінен шуақ, жүрегінен мейірім төгіліп жүретін кардиолог-дәрігер Гүлсім Бержаппароваға емделушілер үлкен сеніммен қарайды. Бір көргеннен-ақ оның болмысынан қарапайымдылық, кішіпейілділік тәрізді қасиеттерді көріп, тәнті боласың. Ол туралы емделушілердің жүрекжарды ризашылығы да аз емес. «Жақсы маман, білікті дәрігер» деген ілтипатты сөздер оның еңбегіне берілген әділ баға. Гүлсім Балтабайқызы осы бағаны төмен түсірмеу мақсатында абыроймен қызмет етіп жүр.
Бала кезінен дәрігер атануды алдына мақсат етіп қойды. Бала арманын жүзеге асыру үшін білімді болу қажет екендігін жас кезінен ұғына өсті. Мектепті жоғары бағаға бітіріп, медициналық оқу орнына түсу үшін көптеген дайындық жасады. Сол мақсаты бүгінде орындалды. Жас күнінен ойына алған ісін жалғастырып келеді. Ең бірінші адалдықты сүйді. Қызметіне адал. Алдына келген науқастың денсаулығы бәрінен маңызды. Себебі, ол бұл мамандықты жаны қалап келді. Жақсы дәрігер болу үшін тер төкті. Сондықтан сол арманына дақ түсірмеу үшін адалдық жолын таңдады. Осы қасиеті үшін де көпке сыйлы.
Мамандығының қыр-сырын меңгерген ол денсаулық сақтау саласында 20 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келеді. Қарағанды мемлекеттік медициналық иниститутын бітіріп, еңбек жолын 1997 жылы облыстық медицина орталығында дәрігер-лаборант ретінде жұмысын бастады. Содан кейін жансақтау бөлімінде дәрігер анестезиолог, реаниматолог болып қызметін жалғастырды. 2009 жылы кардиологиялық орталық ашылып, дәрігер ординатор болып ауысты. 2017 жылдан осы бөлімшеге бөлім меңгерушісі болып тағайындалған.
– Жүрек-қан тамыр аурулары қазіргі кезде өлім-жітімге әкелетін аурудың түрі. Бүгінде жастар арасында да жүрек ауруы жиі кездесіп жатыр. Оның негізгі себебі қозғалыс жоқ. Бұл ауруға көпшілік мән бермейді. Алайда, бұл елемей жүретін нәрсе емес. Жүректі уақытында тексертіп тұрған абзал. Жүрек ауруларының құлақ сырғалығында диагональді қатпарлар, тістердің түсуі, қызыл иектің қабынуы, ерін түсінің өзгеруі секілді біз аңғара бермейтін белгілері де бар. Егер адамның басы ауырып, артериялық қан қысымы көтерілсе, сондай-ақ жүрек тұсында ауырсынулар пайда болса, кардиолог маманға қаралуды кейінге қалдырмағаны дұрыс, – дейді кардиолог-дәрігер.
Гүлсім Балтабайқызының сөзіне сүйенсек, артериялық гипертония – өлімге душар ететін жүрек-қантамыр ауруларының ішінде кең таралған сырқат. Артериялық гипертония жер бетіндегі әрбір төртінші адамда кездеседі, ал біздің елде әрбір үшінші адамда бар екен. Бүгінде облыстық кардиологиялық орталық барлық қажетті қондырғылармен толық қамтылған. Жүрек ауыстырудан басқа оталардың барлығы дерлік жасалады. Жүректі, қан тамырларын емдеудің заманауи түрлері қамтамасыз етіледі.
Расында, Гүлсім Бержаппарова алдына келген науқасты барынша ілтипатпен қарап, ем беруге тырысады. Кардиолог-дәрігердің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Білікті дәрігер еңселі еңбегі үшін әр жылдары Облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамотасымен, Кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен және Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. Халық денсаулығын жақсартуда қосқан үлесі үшін «Үздік дәрігер» атанған.
«Сақтансаң, сақтайды» демекші, кардиолог жүрек ауруларының алдын алу және кез келген дәріні маман нұсқауынсыз іше бермеуді ескертеді.
– Көп адамдар денсаулығына селқос қарағаннан сырқаты асқынып кетеді. Жүрек ауруларының алдын алу үшін шылым, алкоголь сияқты зиянды әдеттерден арылыңыз. Күйзеліске бой алдырмаңыз. Ұйқыңыздың режимін қадағалаңыз, тамақтану тәртібіне көңіл бөліңіз және спорттық жаттығулармен айналысуды естен шығармаңыз. Жүрек-қан тамырлары дерті – өлімге апаратын қауіпті ауру. Сондықтан мамандардың кеңестеріне құлақ асқан жөн. Бұл ретте дәрігерлік тексеруді күнделікті күйбең тірлікпен кейінге шегеріп жүре тұрамын деп қателеспеңіз. Жүрек-қан тамырлары дертінің алдын алудың жолдары мен амалдары барын ескере жүрген абзал, – дейді көптің алғысын арқалар жүрген ақ халатты абзал жан.
Қанша сын айтылса да, халық дәрігерлер қауымын ерекше құрмет тұтаны шындық. Дәрігер болуды армандайтындар да көп. Алайда, кез-келген жан дәрігер бола алмайтыны анық. Ол үшін дәрігерлік қызметке қызығушылық пен мамандық алу жеткіліксіз. Сондай-ақ олардың адам өміріне жауапкершілігі, жанашырлығы мен адалдығы маңызды. Дәрігер болатын жанға үлкен жүрек керек-ақ. Міне, бүгінгі біздің кейіпкеріміз – осындай үлкен жүректің иесі. Өмірдің талай өткелдерінен абыроймен өтті. Өз ісіне шын берілді, сол мақсатта абырой биігінен түспей, қызметке адалдығын дәлелдеп келеді. Алдағы уақытта да халық арасында сыйлы болып, мамандығын мақтаныш ете беруіне бізде тілек білдірдік. Тәжірибелі дәрігердің еңбегі еселене берсін.
А.БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!