Қала іргесіндегі Тасбөгет кенті қаламен қатар қарқынды дамып, бүгінде алып құрылыс алаңына айналды. Орталықта бой түзеген көпқабатты тұрғын үйлер кент шырайын аша түскендей. Заманауи сәулетпен жаңарып жатқан кент 30 мыңға жуық тұрғынның құтты мекеніне айналған. Кент қақпасының кіреберісіндегі Есенов көшесі жақын күндері төрт жолаққа кеңейіп, кент тынысын ашқалы тұр.
– Құрылыс өте қарқынды жүруде. Кенттің кіреберісінің сәулеті айшықталып, бағдаршам орнатылады. Есенов көшесі төртжолақты даңғылға айналады. Қоғамдық көлік қатынайтын Абай Құнанбаев, Мұстафа Шоқай, Сапарбай Олжабайұлы, Қалқабай Әбенов көшелерін орташа жөндеуге облыстық бюджеттен 328 млн теңге қаржы бөлінді. Кәсіпті дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламаға тасбөгеттіктер белсенді қатысып, кейбірі кәсіп ашса, енді бірі кәсібін кеңейтуде. Атап айтқанда, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында екінші деңгейлі банк арқылы бизнесті қолдау мен дамыту субсидиялау бағытының бірыңғай бағдарламасы арқылы құны 10 млн теңге 1 жоба, «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында 11 жоба қолдау тапты. Осылайша, кенттегі кәсіпкерлер құны 133,2 млн теңге қаражат алып отыр. Сондай-ақкент кәсіпкерлері үшін «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы «Іскер» бағдарламасымен құны 20 млн теңгелік 2 жоба ұсынылып, нәтижесі күтілуде, – дейді кент әкімі Айдын Тыныштықбай.
Кәсіпкерлік қанат жайған кент
Шынында, кентте кәсіпкерлік жедел дамуда. Тасбөгет тұрғыны Алтынбек Жағыпаров өз қаржысына үйінің ауласынан пластик бұйымдарын шығаратын шағын цех ашқан. Биыл жеке кәсіпкер мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5% пайызбен соңғы үлгідегі автоматтандырылған технологиялық жабдықты алу арқылы пластик бұйымын шығару және оларды өндіру жобасына 9 млн теңге қаржы алған.
– Бұл кәсіппен 10 жылдан бері айналысамын. Өз қаражатыммен бастап, пайдасын көре бастадым. Кәсіпті кеңейтуді көздеп, биыл мемлекеттік бағдарламаға қатысып, жеңілдікпен несие алдым. Пластик терезені кесетін кейбір құрылғыларым қолмен кесуге арналған еді. Цехты толықтай автоматтандырмақпын. Заманауи құрылғылармен жылдам, сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік болады. Бүгінде тасбөгеттік 3 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Әзірге тапсырысты жеке серіктестер арқылы аламын. Алдағы уақытта мемлекеттік сатып алу порталымен де тапсырыс алу мүмкіндігі берілсе, жұмысымыз алға басады деп ойлаймын, – дейді жеке кәсіп иесі.
«BotaTattileri» атауымен ашылған кондитерлік өнімдер цехы тек тасбөгеттіктерді ғана емес, алыс аудан халқын да ғажайып дәмді тортымен, тәтті печенье, тоқаш, самса, кекстерімен таң қалдыруда.
Жеке кәсіпкер Ботагөз Төлегенова Өңірлік инвестиция орталығы және екінші деңгейлі банк арқылы субсидиялау бағдарламасымен кондитер өнімдерін өндіруге арналған цех ашу және оған қажетті құрал-жабдық алу жобасымен 33 млн теңге қаржы алған. Тасбөгет кенті, Жанқожа батыр көшесінен 2022 жылы ашылған цех бүгінде торт пен печеньенің алуан түрін, тәтті тоқаштар, бәліштер, самса, кекстер және басқа көптеген кондитерлік өнім ұсынып келеді.
– Өзім тәтті торттарды 2018 жылдан үйде пісіріп бастадым. 2019 жылы Өңірлік инвестиция орталығы арқылы несие алдым. 3 жылдай жалдамалы үйде тұрдық. Содан кейін өз қаржыма цех ашуға ыңғайлап үй тұрғыздық. Отбасылық бизнес десек те болады. Себебі атам, күйеуім бәрі көмектеседі. 15 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Шыққан өнімдер көп сақталмай тез өтіп кетеді. Мейрамхана, асхана, дәмханалар тапсырыс береді. Дүкен сөрелеріне де қойылады. Өзіміздің тұрақты тұтынушыларымыз бар. Пештен жаңа шыққан кондитер өнімдері қай кезде де сұранысқа ие. Бастаған кәсібіміз мемлекеттік бағдарлама игілігімен өркендеп келеді. Ендігі жоспарым цехты үлкейту. Ғимарат тарлық етіп тұр. Алла сәтін салса, мемлекеттің қамқорлығымен қажетім өтеледі деп ойлаймын, – дейді Б. Төлегенова.
Тарихы терең өнер ордасы
Қазақтың сахна саңлағы Сәбира Майқанованың есімімен ұлықталған мәдениет үйі халыққа мәдени – тынығу қызметін көрсетуде тың серпін, шығармашылық ізденіспен жұмыc істеп келеді.
– Жергілікті өнерпаздарды елге таныту, өнеріне қолдау білдіру біздің басты мақсатымыз. Әрбір ұйымдастырған шарамызға көрерменнің ықыласы ерекше. Жыл бойы жоспарға сай ауқымы кең, маңыздылығы зор мәдени, әдеби кездесу кешін, түрлі үлгідегі рухани шараларды өткізіп келеміз. Мәдениет үйі жанында 9 үйірме жұмыс істейді, оларға жалпы 159 өнерпаз қамтылған. Оның ішінде кәмелетке толмаған жасөспірімдер қатысатын «Дарын» ән, «Шаттық–І», «Шаттық–ІІ» би,«Тәлім» жыр-терме, «Шабыт» көркемсөз,«Сарын» қылқобыз, «Балбырауын» домбыра үйірмелері бар, – дейді С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің директоры Толқын Жанахметова.
«Арман» инклюзивті театр үйірмесі
«С.Майқанова атындағы мәдениет үйі» КМҚК жанынан мәдени-көпшілік жұмысты ұйымдастыру бөлімі ашылып, мүгедектігі бар жандардың театр өнеріне қызығушылығын арттырып, шығармашылығына қолдау көрсетіліп, олардың өнерін халыққа насихаттауға мүмкіндік беріліп, «Арман» инклюзивті театры ашылды. Бұл әлеуметтік оңалтудың жаңа бағыты.
– Биылғы жылы инклюзивті театр ұжымының Қалтай Мұхамеджанов шығармасы негізіндегі «Осылай да кездесу болады» атты сатиралық қойылымы Талсуат, Қараөзек ауылдық округінің мәдениет үйінде өтті. Мұнан бөлек, үйірме әртістері Т.Телеубаевтың «Менің сүйікті блогерім» атты интермедияны сахналады, – дейді мәдениет үйі директоры.
Өнерпаздар әр мерекеге арналған концертке белсенді қатысып, өз өнерлерін көпшілікке паш етіп келе жатқанының өзі үлкен жетістік. Инклюзивті театр ұжымы сахналаған Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» атты драмалық спектаклін жуырда Қызылорда қаласы мен Тасбөгет кентіндегі С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде қою жоспарлануда.
«Бастаңғының» бастамасы көп
Отыз жылдық тарихы бар «Бастаңғы» аналар клубы аймақтағы мәдениеттің өркендеуіне еселі еңбектерімен үлес қосып келеді. Олар облыс көлемінде өткізілетін шараларға, байқауларға белсене қатысып, елдің алғысына бөленіп, құрмет төрінде жүр.
– 2025 жылы 12 маусым күні Алматы қаласында өткен қазақ радиосының танымал журналисі, жоба авторы Гүлмира Нәлібай мен «Мереке» продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Өнерлі елдің өресі биік» атты ХІІ республикалық 50 жас пен 90 жас аралығындағы талантты жандарға арналған өнер байқауына «Бастаңғы» әжелер ансамблі қатысып, «хормен ән салу» жанры бойынша І орын, «Қолөнер» жанры бойынша Бисенкүл Алшынбаева бас жүлде, «Ән салу» жанры бойынша Үміткүл Сералиева І орын иеленді. Жақында С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Әжелер салған әндер-ай» шығармашылық кешін өткіздік, – дейді «Бастаңғы» әжелер ансамблінің жетекшісі Захира Ахетқызы.
Кітапхананың берері мол
С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің екінші қабатында қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №1 кітапхана орналасқан. Кітапхана Тасбөгет кенті тұрғындарына кітапханалық-ақпараттық мәдени қызмет көрсетеді.
– Кітап қоры – 85270 дана, кітапхананың қызметіне жүгінетіндер – 25170, кітап берілімі – 51900-ды құрайды. Жаңа заман талабына сай интернет желісіне қосылған. 100-ден астам өлкелік әдебиеттер сандық жүйеге көшірілді. Кітапханаға жақын орналасқан М. Ықсанов атындағы Қызылорда техникалық ІТ жоғары колледжімен, «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академиясымен, Ә.Тыныбаев атындағы №11 мектеп-лицеймен, Н. Ергешбаев атындағы №172, №176, №257 орта мектептермен, Е. Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернатымен, «Сыр бөбегі», «Күнекей» бөбекжай бақшаларымен, №4 қалалық емханамен шығармашылық байланыстамыз, – дейді аға кітапханашы Кенжеш Аманова.
Сонымен қатар кітапханада «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасының «Әлем ВООК» оқырмандар клубы жұмыс істейді. Клуб қазақ ақын-жазушыларының мерейтойы мен жергілікті қаламгерлердің шығармаларын, «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясын оқырмандарға кеңінен насихаттап, түрлі мерекелік, тарихи-танымдық, әдеби-жыр, әдеби-танымдық кешін, поэзия, өнеге, өнертану сағатын, оқырмандар конференциясын, кітап талдауын және кітап беташарын өткізуді дәстүрге айналдырған.
Кенттегі көршілер тату
Тасбөгетте көпқабатты үйге қоныстанған көршілердің татулығына таң қалдық. Әсіресе Рахмет жырау №5 үйдің тұрғындары «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» ынтымақтасып күн кешуде. Тұрғындардың ұйытқысы болып отырған 60-тан асқан зейнеткер кісі. Үйге қоныстанғаннан бастап көршілерді біріктіріп, ортақ жұмысқа жұмылдырумен келеді. Подъездің алдына тал егіп, есік алдындағы ауланың тап-тұйнақтай жинақы болуын қадағалайды. Тіпті демалыс күндері бүкіл көршілерді сенбілікке шығарып, қоқыс тастамауын бақылайды. Аулаға дастархан жайып, самаурынға шай қайнатып, көршілерді шайға шақырып, ортақ мәселелерді дастархан басында шешуді дәстүрге айналдырған.
– Шаңырағымыз ортақ. Подъезіміз бөлек болғанмен, мәселеміз бір ғой. Жасымнан бейнеткеш болдым. 16 жасымнан трактор, машина айдап, ер азамат секілді еркін өстім. Қиындықты көп көрдім. Қаршадайымнан ауыр еңбекке араласқан соң жақсы мен жаманның қадірін білемін. Үйіміз өте сапалы салынған. Қыста жылы. Енді тек таза ұстау, айналасын көгалдандыру, кем-кетігін жөндеу өз қолымызда. Мұнда қоныстанғандардың көпшілігі жастар. Бақылау жасап, жөн-жобасын үлкендер айтып, жөн сілтеп отырмасақ болмайды. Көшіп келгеннен бастап ұйымдастыру жұмысын өз қолыма алдым. Аллаға шүкір, мемлекет қамқорлық жасап баспана беріп жатыр. Сондықтан қадірін біліп, үйді күтіп ұстауымыз керек. Ортақ мүлікке жанашырлық керек,– дейді Күләнда апай.
Иә, Тасбөгетте тындырымды тірлік көп екенін байқадық. Бүгінде бұл кент қаламен қатар қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда жүргізіліп жатқан жұмыстар Тасбөгеттің жаңа тынысын ашатындай.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!