Еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруда теміржол саласының маңызы зор. Апта басында Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы саланы дамыту мәселесі қаралды.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Мемлекет басшысы еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін нығайтудың кілті саналатын теміржол саласы мен инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы еліміздің теміржол желілерін барынша дамыту – айрықша маңызды міндет екенін атап өтті. Жаңа теміржол желілерін салу, вагондар мен локомотивтер паркін жаңарту, қолданыстағы жолдарды жаңғырту және вокзалдарды реконструкциялау бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша биыл бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаныы аяқтау жоспарлануда, – деді Премьер-министр.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен және Қазақстан Үкіметінің қолдауымен 2030 жылға дейін теміржол саласының инфрақұрылымын дамытуға 10 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тарту көзделген. Бүгінде елімізде 1 800 шақырым жаңа теміржол желісі салынып, 3 000 шақырым жол жаңғыртудан өтуде. Сонымен қатар еліміздегі 124 теміржол вокзалы жаңғыртудан өтіп, жаңадан салынуда. 1 шілдеге дейін 30 вокзалды пайдалану беру жоспарда бар. Халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мақсатында жолаушылар вагондары жаңартылуда. Былтыр 175 жаңа вагон сатып алынса, биыл тағы 191 вагон алу жоспарланған. Атап өтерлігі, 2030 жылға дейін жолаушылар вагондарының 90 пайызы жаңартылады деп жоспарланған.
Үкімет отырысынан кейін облыс әкімдігінде аймақ басшысы Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиында теміржол саласы мен инфрақұрылымды дамыту мәселесіне қатысты тиісті тапсырмалар берілді. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу мақсатында қала әкімі Нұржан Ахатов та тиісті сала жетекшілерімен жиын өткізіп, бірқатар міндет жүктеді.
Қалаға келетін қонақтар мен транзиттік жолаушылардың басым бөлігі ең алдымен теміржол вокзалы мен оның айналасындағы аумақты көреді. Сондықтан вокзалдың жай-күйі мен теміржол бойындағы тазалық қаланың келбетін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі саналады.
Қазіргі таңда күрделі жөндеуден өткен теміржол вокзалы барлық талаптарға сай жұмыс істеп тұр. Жолаушылар үшін қажетті жағдайлар жасалып, қауіпсіздік шаралары күшейтілген, мамандар бекітілген кестеге сәйкес қызмет атқаруда. Дегенмен, теміржол бойындағы тазалық мәселесі тұрақты назарда болуы тиіс.
– Бірқазан елді мекенінен Қараөзек стансасына дейін жауапты қызметкерлер бекітіліп, теміржол бойы күнделікті аралануы қажет. Теміржол жиектері мен оған іргелес аумақтар толық тазалануы тиіс. Әрбір жолаушы қаланың тазалығына, аумағының дұрыстығына өз бағасын беретінін жақсы білесіздер. Сондықтан тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отыруды тапсырамын, – деді қала әкімі.
Теміржол саласын жаңғырту – еліміздің экономикалық дамуы мен көлік әлеуетін арттырудың маңызды қадамы. Инфрақұрылымды жетілдіру, заманауи вокзалдар мен жаңа вагондарды іске қосу халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттырып қана қоймай, өңірлердің дамуына да серпін береді.
«Ақмешіт-ақпарат»
Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!